455
«Әлем барысына» іріктеу турнирінде Мұхит Тұрсынов түйе балуан атанды
«Әлем барысына» іріктеу турнирінде Мұхит Тұрсынов түйе балуан атанды
«Әлем барысына» іріктеу турнирінде Мұхит Тұрсынов түйе балуан атанды. Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында «Әлем барысына» іріктеу турнирі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 40 балуан абсолютті салмақ дәрежесі бойынша өзара сынға түсіп, байрақты бәсекеге берілетін жолдамаларды сарапқа салды, деп жазады «Дидар» газеті.
Жарыстың ашылу салтанатында жанкүйерлердің назарына «Батаменен ел көгерер» атты театрландырылған қойылым ұсынылды. Бұдан соң жастардың орындауындағы «EXPO-2017», «Спорт» және «Бір шаңырақ астында» атты үш бөлімнен тұратын флешмоб ұйымдастырылды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллиннің айтуынша, «Әлем барысына» іріктеу турнирі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру:» атты мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өткізілген. - Дүбірлі додаға қатысқан балуандардың ешқайсысы осал емес. Барлығы да қазақ күресінің жілігін шағып, майын ішкен шеберлер. Жарыс барысында тәжірибелері мол балуандар бір-бірінің айла-тәсілдерін әбден меңгергендері көрініп тұрды. Жалпы, чемпионат өте тартысты өтті. «Әлем барысына» іріктеу турнирінде талай додаларда топ жарып, маңдайы жарқырап жүрген балуандарымыздың бағы жанды, мерейі үстем болды, - дейді Ерболат Рахметуллин.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, доданың жанкүйерлер тағатсыздана күткен түйе балуандар айқасы болды. Бұл салмақта белдескен балуандардың қатарында «Қазақстан барысы» атанған Руслан Әбдіразақов пен Мұхит Тұрсынов та сынға түсті. - Жарыс пен оған қатысушылардың деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, бүгінгі бәсекеге іріктелген балуандардың салмақтары әртүрлі болғанымен, боз кілемдегі белдесулер аса тартысты, тең дәрежеде өтті. Жігіттердің шеберліктері айтарлықтай шыңдалғаны көрініп тұр, - дейді еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шыңғыс Тұрсынов. Ал енді іріктеу сынының қорытындысына келсек, турнир жеңімпазы болып «Қазақстан барысы-2014» додасының жеңімпазы Мұхит Тұрсынов атанды. Ол ақтық белдесуде астаналық Айбат Сейтеннен басым түсіп, түйе балуан атағын жеңіп алды. Екінші орынды 106 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасқан Айбат Сейтен иеленді. Жарыстың үздік үштігін Маңғыстаудан келген Нұрдәулет Жарылғапов пен алматылық Руслан Әбдіразақов түйіндеді. Іріктеу сынының жүлдегерлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.