453
Қазақстанның бес өңірін өрт шалды
Қазақстанның бес өңірін өрт шалды
Қазақстанның бес өңірі өртпен арпалысуда. Қазіргі уақытта бес өңірде (Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан) ҚР ІІМ ТЖК бөлімшесі, Азматтық қорғаныс қызметі, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы, ерікті өрт сөндіру құрамалары өртті ауыздықтау жұмыстарымен айналысуда.
ТЖК баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі сәтте Ақтөбе облысының Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы аудандары, ШҚО-ның Аягөз ауданы, Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Қазталов, Бөкей орда, Жанғалы аудандарында, ОҚО-ның Төле би ауданында 1883 гектар алаңда дала шөбі өртеніп, оны сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жалынды сөндіруге 470 адамнан, 70 техникадан тұратын ТЖД күштері мен құралдары, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы, өрт сөндіру құрамалары тартылды. Ақтөбе облысында Байғанин, Қобда аудандарында өртті ауыздықтау жалғасуда. Күштер мен құралдар саны - 134 адам, 15 техника жұмылдырылған. Атырау облысы Исатай ауданында ерікті өрт сөндіру құрамаларының күштер мен құралдар саны - 10 адам, 2 техника. Отқа оранған алқап - 5 га. Базаршолан ауылдық округінің 9 учаскесінде 62 адам және 6 техникамен ТЖД, еріктілер, орман шаруашылығы қызметкерлері өртпен арпалысуда.
Бөрлі ауданындағы 2 учаскеде өртті жоюға «Өрт сөндіруші» АҚ, ерікті өрт сөндіру құрамаларынан 9 адам, 4 бірлік техника жұмылдырылды. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында ТЖД күштерінен 4 адам және 1 техника тартылды. Ұлытау ауданында өртті ауыздықтауға ТЖД күштерінен, ерікті өрт сөндіру құрамаларынан: 24 адам 5 бірлік техника тартылды. Қарсақбай ауылында ТЖД күштерінен, ерікті өрт сөндіру құрамаларынан: 20 адам, 2 техника жұмыс істеуде. ОҚО-ның Төле би ауданында Қызылтау шатқалында өртті сөндіру жалғасуда. Оған ТЖД, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдардан 51 адам, 7 техника жұмылдырылды. Жалын шарпыған алаң - 16 га.