БҚО-да «Алаш барысы» өтті

БҚО-да «Алаш барысы» өтті

БҚО-да «Алаш барысы» өтті
ашық дереккөзі
311
БҚО-да «Алаш барысы» 1 млн теңге жүлдеге ие болды. Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында Алаш үкіметінің 100 жылдығына арналған қазақ күресінен «Алаш барысы» республикалық турнирі мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. Сырым елінде алғаш ұйымдастырылған жарыстың ашылу рәсімінде аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева және қазақ күресінен «Қазақстан барысы - 2017» республикалық турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиев жиналғандарды құттықтап, айтулы додаға қатысушыларға сәттілік тіледі. Журналист, айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлының мәлім еткеніндей, турнирге Астана қаласынан, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан қырықтан астам палуан қатысып, олар 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша екі топқа бөлініп, бақ сынады. Алдымен салмағы 90 келіге дейінгілер арасында мықтылар белгілі болды. Бұл орайда Сырым ауданының палуандары ешкімге дес бермеді. Финалда Нұрымжан Ғаббасов пен Айбол Оразғалиевтің белдесуі тартысты болды. Орайлы сәтті құр жібермеген Нұрымжан жеңімпаз атанды. Ал үшінші орынға Айбек Ғабдешев көтерілді. Салмағы 90 келіден асатындар арасында 15 палуан кілемге шықса, соның тең жартысына жуығы ҚР Президентінің жүлдесі үшін дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Қазақстан барысы» республикалық турниріне қатысып үлгерген. Соның бірі - Жәнібек ауданының атынан шығып жүрген, негізі Қазталовтың Ақпәтерінде туып-өскен Ерназар Хамзин. Биыл Астанада өткен «Қазақстан барысына» алғаш рет қатысып келген Ерназардың салмағы тоқсан келіден сәл асатын болар. Бірақ бұл жолы салмағы өзінен әлдеқайда жоғары палуандарды бұйым құрлы көрген жоқ. Финалдық сында қаратөбелік Дархан Темірхановты қапы қалдырып, жауырынын жер иіскеткен Е.Хамзин турнир жеңімпазы атанып, 1 млн теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды. Оның бапкері - Жеңіс Стамғазиев. Д.Темірханов екінші, бөрлілік, биыл «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде бақ сынап қайтқан Темірлан Көлбай үшінші орынға көтерілді. Айта кетейік, ұлттық дәрежедегі төреші, БҚО қазақ күресі федерациясының вице-президенті Артур Шерғалиев бастаған қазылар барынша әділ төрелік жасады. Турнир барысында бейнеқайталау әдісі де қолданылды. Дау тудырған тұстарды төрешілер LED-экраннан қайталап қарап, қорытынды шығарып отырды. БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Аманбаева да жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары