12 жасында мектеп бітірген вундеркинд ҚБТУ студенті атанды

12 жасында мектеп бітірген вундеркинд ҚБТУ студенті атанды

12 жасында мектеп бітірген вундеркинд ҚБТУ студенті атанды
ашық дереккөзі
674
12 жастағы вундеркинд балаға Қазақстан-Британ техникалық университеті ішкі грант бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы баланың әкесі Дәуренбек Нысанов өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды. «Бүгін біз үшін қуанышты күн болды! ҚБТУ-дың ректоры өз қолымен менің ұлым 12 жастағы вундеркинд Мырзаш Абзал Дәуренбекұлына тегін оқуға ҚБТУ-дың ішкі грантының сертификатын табыстады! ҚБТУ-дың әкімшілігіне, ректоры К. Бейсембетов мырзаға, вице-президенті Т.Умаров  мырзаға және жауапты хатшысы Д. Коктов мырзаға біздің ұлымыз Абзалға осындай қолдау көрсеткендері үшін мың алғыс!», - деді әкесі. 12 жаста мектеп бітірген Абзал Мырзаш туралы осыдан біраз бұрын жазылған болатын. Мектепті экстерн түрде бітірген оқушыны Сүлеймен Демирел университеті, Халықаралық ІТ университеті, Абылай хан атындағы Шет тілдері және халықаралық қатынастар университеті оқуға шақырған болатын. «Вундеркинд» бала 3 жасына жетпей-ақ, әріптерді қосып оқи бастаған. Ал,4 жасында екі таңбалы сандарды көбейте алатын, - дейді анасы Жазира Доскеева. «Абзалдың есте сақтау қабілеті өте жақсы екендігі білінетін. Айтқан нәрсені тез қағып алатын. 2 жасында көшеге шығып, көліктердің маркаларын таныстырған болатын әкесі. Келесі күні бәрін тақылдап айтып тұрды. 3 жасынан оқыды. Өзіміз де қызығып неше түрлі танымдық кітаптарды әкеп отыратынбыз. Соның барлығын далаға ойнауға шықпай аз күнде оқып тауысып тастайтын», - деді Жазира. Бір қызығы, ата-анасы баланы ешқандай дамыту орталығына бермеген. Абзал Мырзаш №16 мектептің орыс сыныбында 1-2 сыныпты оқыған. 3-ші сыныптан 136 қазақ мектеп гимназиясына қабылданған. Ерекше дарынды баланы мұғалімдері жылда сыныптан сыныпқа секіртіп отырған. Осылайша, ол 3,5,7,9,11 сыныптарды ғана оқып небәрі 7 жылда 12 жасында мектеп түлегі атанды. Абзал Мырзашұлы мектеп бағдарламасын алдын ала игере келе, халықаралық, республикалық олимпиадаларда жеңімпаз атанған.   Баланың әкесі Дәуренбек Нысановтың айтуынша, Абзал биыл Британия консулдығы жанында IELTS тестін тапсырған. «Жазбаша тапсырмада «Ірі компаниялар ұлттық ойындарға неге демеушілік жасайды?» деген жасына сай келмейтін тақырыпта эссе жазу керек болғандықтан, балы 5,5 болып қалды», - дейді әкесі. Баланың ата-анасы Абзалды басында шетелге оқуға жіберуге тырысқан. Әлемдік техникалық университеттер арасында «экстерн» бітіріп келген балаларды қабылдайтын университеттер аз екен. Абзалдың ата-анасы ұзақ ойланып Массачусетс технология институтын таңдайды. «Алайда оларда негізгі талап отбасымен түгел көшіп келу керек екен. Сонымен Қазақстанның университеттерін таңдадық. Баламыз ҰБТ тапсырып 117 бал алып шықты. Абзалдың балы одан да жоғары болар еді. Тек оған негізгі пәндерінен есеп шығаруға көп уақыт кеткен», - деді әкесі Дәуренбек Нысанов.  

Серіктес жаңалықтары