234
Ресей және Еуропа АҚШ-тың санкциялар туралы заң жобасын сынады
Ресей және Еуропа АҚШ-тың санкциялар туралы заң жобасын сынады
Ресей америкалық заң шығарушылардың Мәскеуге қарсы қабылдаған жаңа санкцияларын сынады. Кремль мұндай қадам АҚШ президенті Дональд Трамптың санкцияларды жеңілдету ниетін қиындатады деп есептейді. Еуропалық одақ бұл заң ұйым елдерінің энергетикалық қауіпсіздігін әлсіретуі мүмкін деп сескенеді.
Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябковтың мәлімдеуінше, Өкілдер палатасы қабылдаған заң жобасы - Вашингтон мен Мәскеу арасындағы "қарым-қатынастың дұрысталуына кедергі болады". "Біз мұндай әрекеттер жауапсыз қалмайтынын он мәрте қайталадық", - деді Рябков.
Заң жобасы Иран мен Солтүстік Кореяға да жаңа санкциялар енгізуді қарастырады. Құжатты Өкілдер палатасы 25 шілдеде қабылдады.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың мәлімдеуінше, мұндай заң жобасының қабылдануы - "Ресей-АҚШ қарым-қатынасын дамыту тұрғысынан алғанда, өте өкінішті хабар".