Елге ел қосылса – құт

Елге ел қосылса – құт

Елге ел қосылса – құт
ашық дереккөзі
Соңғы жылдары оңтүстіктен солтүстікке бағытталған көштің қарасы басым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігін атап көрсеткен болатын.

Күнгейден көшкісі келетіндер көбейді 

Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына арнайы тармақ енгiзiп, бұл мәселенi шешудiң оңтайлы жолдарын белгiледi. Ондағы мақсат – ел азаматтарын, әсiресе, халқы тығыз, жұмыссыздық мәселесі қордаланған оңтүстiк тұрғындарын жұмыс күшi тапшы өңiрлерге көшiрiп, экономикалық тұрғыдан қолайлы етiп орналастыру. Демек, бұл жоба солтүстік өңірді қазақыландыруға және халықтың жұмыспен қамтылуына бағытталып отыр. Оның үстіне 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетеді деген болжам бар. Керісінше, солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға кеміп, жұмыс күшінің жетіспеушілік қаупі басым. Халық көп жерде, жұмыссыздық та белең алатыны заңдылық. Сондықтан мемлекет қолға алған бағдарламаның пайдасы мол. Бүгінде халықты  жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге көшіру  жұмыстары жалғасып келеді. Десек те, ішкі көші-қон саясатының ел арасында насихатталуы тиісті деңгейде емес. Жақында бұл пікірді Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев та айтты. «Елбасы қойған міндеттердің бірі ішкі көші-қон процестерін реттеу және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру, халықты біркелкі жайғастыру мақсатында еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру өте маңызды қадам. Жұмыссыздық, халыққа әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бойынша қиындықтар болуы мүмкін, сондықтан қоныс аударамын деушілерге көмек көрсетуіміз керек», – деді Жансейіт Қансейітұлы. Жиында халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру жұмыстары жөнінде баяндаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Мұхит Отаршиев 2014-2016 жылдары «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде облыстан барлығы 154 отбасы қоныс аударып, көшу шығындары өтелгендігін жеткізді. Оның айтуынша, басқарма тарапынан қоныс аударған азаматтарға сол өңірдегі уәкілетті органдар арқылы мониторинг жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда көшіп барғандардың  48-і ауыл шаруашылығымен айналысса, 42 азамат білім саласында, 11 адам жергілікті атқару органдарында, 12 адам қызмет көрсету, 7 адам  денсаулық сақтау саласында еңбекпен қамтылған. Ал өңіраралық еңбек нарығын дамытудың шараларына  5780 азамат қатысып, олардың 2019-ы солтүстікке қоныс аударуға ниетті екендіктерін айтқан.  Осы азаматтардың 1008 еңбекке қабілетті болса, олардың 116 адамы ауыл шаруашылығымен, 98 адам кәсіпкерлікті дамытумен, 794 адам мемлекеттік кәсіпорындарда жұмыс істеуге құлшынып отыр. Оңтүстік халқын солтүстікке көшіру ерікті түрде жүруде. Оларға үкімет тарапынан да айтарлықтай көмек көрсетіледі. Нақты айтқанда, қоныс шығындары есебінде отбасы мүшелерінің әрқайсысына 35 АЕК көлемінде, яғни 79 мың теңге өтемақы төленеді. Бұдан бөлек бір жылға дейін пәтер жалдауға жұмсалатын шығын да мемлекет есебінен беріледі. Әлеуметтік қамсыздандыру, көші-қон квотасына да қаржы қарастырылған. «Көшу әр адамның жеке ісі. Ешкімді күштемейміз. Дегенмен ниет білдіргендерге жол шығыны, баспана жалдауды айтпағанда, сол барған жеріне үйренісіп кеткенше, қаржылай көмек береміз. Жұмысқа тұруын да қадағалап отырамыз», – дейді жергілікті депутат Жаңабай Молдабайұлы. Алайда облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы халқы тығыз орналасқан Мақтаарал ауданында бұл жұмыстардың сылбыр жүргізіліп жатқандығын сынға алды. Бүгінгі таңда  ауданда аталған  мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз. Соңғы екі жылда ауданнан небәрі 12 отбасы ғана еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударған. Сол себептен де Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниеті бар облыс тұрғындарының ерікті қоныс аударуына ықпал жасау үшін облыс кәсіпкерлерін қатыстыра отырып, сол өңірлерге іссапар ұйымдастыруды жүктеген облыс басшысы аудан, қала әкімдеріне, салалық басқармаларға бірқатар тапсырмалар берді.

Тағы 60 отбасы жүгін буып отыр

Елбасы Жолдауындағы еңбек нарығын дамыту бойынша қолға алынған бағдарлама аясында түркістандық 60-тан астам отбасы Солтүстік өңірге қоныс аударуға ниет білдірді. Жақында ғана жұмысшы тобын тарту мақсатында солтүстік өңірден арнайы делегация келіп, түркістандық тұрғындармен жеке-дара кездесулер өткізген еді. Нәтижесінде көшіп-қону кезіндегі жәрдемақылардың дер кезінде төленетініне және жұмыспен қамтылып, баспаналы болатынына көз жеткізген 60-тан астам отбасы қоныс аудару қамына кірісіп кетті. Түркістан қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің айтуынша, бүгінгі таңда 27 адам, оның ішінде 10 адам медицина саласы бойынша, 5 адам білім саласы бойынша, қалғандары тракторист-механизатор, ауыл шаруашылығы саласы бойынша өтініш білдірген. Қоныс аударушыларға мүмкіндік зор. Қызметтік тұрғын үй болмаған жағдайда азаматтың коммуналдық төлемдері мен басқа да шығындары өтеледі. Субсидия көлемі Екібастұз қаласына баратындарға 25 айлық  есептiк көрсеткiшпен есептелсе, Железинск ауданында  40 мың теңге көлемінде.  Арнайы келісімге сәйкес, 5 жыл бойы  бүкіл қажеттіліктер қамтамасыз етіледі. «Осы бағдарлама аясында біз бұл отбасыларға 35 айлық есептiк көрсеткiш бойынша субсидия ұсынамыз. Ол әр отбасы мүшесіне 79 мың теңгеден беріледі деген сөз. Сондай-ақ, қызметтік тұрғын орын немесе үй беріледі», – деді Екібастұз қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Д.Құрымбаева. Бір айта кетерлігі, бүгінде солтүстік аймақта дәрігерлер мен фельдшерлер, педагогтар мен ауыл шаруашылығы мамандарына деген сұраныс жоғары. P.S.Кеше қазақ-қытай шекарасынан ақжолтай ақпарат жетті. Қытайдың төрт ауданы бойынша 5 отбасы елге оралып, мәре-сәре болуда. Қандас ағайындарды салтанатпен қарсы алған шенділер Павлодар облысы, Успен ауданына қоныстандыратынын жеткізді. Сыртқы көші-қон бойынша жеті облыс, ішкі көші-қон бойынша төрт облыс бекітілгені белгілі. Қандастар елге оралып, атақонысының ауасын жұтқанының өзін бақыт санауда. «Елге ел қосылса – құт» деген осы шығар.