25 Шілде 2017, 19:12 1446 0 Қоғам Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

3 мыңға жуық автокөлік Қытайға экспортталады

Өскемендік «Азия Авто» АҚ жыл соңына дейін Қытайға 3 мыңға жуық автокөлікті экспортқа шығармақ. Қазақстан - Қытай шекарасынан өтерде көлік бағаларының қымбаттайтынына қарамастан, шығыстағы көрші мемлекет қазақстандық автокөліктерге зор қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде «Қазавтоөндіріс» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының» басқарма төрағасы Олег Алфёров мәлім етті. «Қазақстан шекарасынан Қытайға өткізер кезде автокөліктердің қымбаттайтынына қарамастан, сұраныс артып келеді. Ішкі нарықта, мәселен, 3 миллион теңгеге сатылатын автокөлік Қытайда 4,4 миллион теңге тұруы мүмкін. Осыған қарамастан өскемендік «Азия Авто» АҚ жылдың соңына дейін қытайлық нарыққа 3 мыңға автокөлік өткізуді жоспарлап отыр», - дейді Олег Алфёров. Басқарма төрағасының сөзіне сүйенсек, өткен аптада ғана «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясының өкілдері мен Өскемендегі автокөлік өндіруші кәсіпорын басшысы Бейжіңге барып, сол жақтағы мемлекеттік органдармен сертификат алу және лицензиялау мәселесін талқылаған.

Кездесуде тасымал жүргізу мәселелері келісілген. Қытайда сертификат алу жұмысы мен өзге де әкімшілік кедергілер жетерлік. Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында импорттық тариф 30 процент болса, Қытайда бұл көрсеткіш 66 процентке дейін жеткен. Соған қарамастан, қазақстандық тарап бұл кедергілерді еңсерді десе де болады», - дейді басқарма төрағасы. Экспортқа «Lada» автокөлігінің классикалық модельдері ғана емес, Өскеменде құрастырылатын көліктердің өзге түрлері шығарылмақ. Олег Алфёров сонымен бірге, биыл Қазақстанда «KIA», «Chevrolet», «Ravon» сынды автокөлік модельдерінің бірнеше түрлері құрастырыла бастағанын хабарлайды. «Автокөлік модельдерінің қосымша түрлерінің құрастырыла бастағаны қазақстандықтардың таңдау мүмкіндігін арттыра түсті», - деп түйді Олег Алфёров.

 

Соңғы жаңалықтар