Екі қолға бір күрек табылған жер

Екі қолға бір күрек табылған жер

Екі қолға бір күрек табылған жер
ашық дереккөзі
257
Қазақстанның халықаралық аренадағы имиждін көтеруге бағытталған  тынымсыз шаруалар кейде  ел азаматтарының аңдамай басқан шалыс адымының көлеңкесіне қалып қоятыны өкінішті. Әсіресе, өзге мемлекет шекарасынан заңсыз өткен қазақстандықтардың көбеюі ел абыройына сын болып тұр.

Корея визасыз режимді алып тастауы мүмкін

2014 жылдың қараша айынан бастап Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы визалық режимді алып тастау туралы келісім күшіне енген болатын. Келісім бойынша қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға ем-дом қабылдауға, сондай-ақ туристік және іскерлік сапармен барғанда ғана визасыз кіре алады. Оның өзінде де арнайы талаптар орындалмаған жағдайда ел азаматтарына  корей елінің аумағына енуге тыйым салынады. Мәселен, егер медициналық сапармен барса,  аурухананы броньдау немесе қай ауруханада емделетіні жайлы жоспары, кепіл рөліндегі медициналық агенті болуы шарт. Ал туристік сапармен жолы түссе, көрікті жерлерді аралау жоспары, сол елде туыстары мен туристік агенттіктері болуы қажет. Іскерлік сапар жағдайында шақыртқан ұйымдардың мәліметтері немесе нақты сипаттамаларының болуы талап етіледі. Келісімнің тағы бір шарты –  Корея Ресбуликасына жұмыс істеу мақсатымен барған Қазақстан азаматтары визасыз режим жеңілдіктерін пайдалана алмайды. Алайда 2014 жылдан бері Оңтүстік Кореяға визасыз еніп, сол жақта нан тауып жүрген қазақстандықтардың саны еселеп өскен. Жарияланған деректерге сәйкес, 2017 жылы наурыз айында Корея аумағында қазақстандық 4168 заңсыз мигранттың бары анықталған. Визасыз режім туралы келісімге қол қойылғанға дейін, бұл көрсеткіш 359 адам болған. 2014 жылы Қазақстаннан Кореяға барған жаңа мигранттар 77 адам болған. Ал визасыз режим туралы келісімге қол қойылған соң, бұл көрсеткіш 45 есеге артқан, яғни жыл сайын Кореяға 3520 қазақстандық мигрант барады. Біздің елімізден баратын заңсыз мигранттардың жолына тосқауыл қою үшін Корея Республикасының көші-қон органдары Қазақстан азаматтарына қатысты тексерісті күшейту туралы шешім қабылдапты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев пен Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сиктің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. Спикерлердің айтуынша, соңғы уақытта көші-қон процедураларын өту кезінде Қазақстан азаматтарына Корея Республикасына кіруге рұқсат бермеу жағдайлары жиі орын алады. Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяға заңсыз ағылуы себебінен екі ел арасындағы визасыз келісім бұзылуы мүмкін. «Біздің отандастарымыз Кореяға туристік мақсатта емес, жұмыс істеуге және сонда тұрақтап қалуға аттанады. Ондай адамдардың көбеюі визасыз жүйені ұзартуға кедергі келтіріп отыр. Сонымен қатар, ондай заңсыз мигранттар емделуге, жұмыс бабымен және қыдырып баруға ниеттенген отандастарына да зиянын тигізеді»,  ‒ дейді Ардақ Мәдиев. Департамент директорының айтуынша, заңсыз мигранттардың артуына «көлеңкелі брокерлердің» ұйымдасқан қызметі себеп болып отыр. Бұл жөнінде Корея тарапы да хабардар еткен. Сыртқы істер министрлігі заңсыз миграцияға дем беріп отырған топтармен күрес шараларын қарқынды жүргізуде. Алайда тіс қаққан брокерлерден айла артылмайтын көрінеді. «Біз «көлеңкелі брокерлерді» анықтау жұмыстарына кірісіп кеттік. Алайда оларды құрықтау қиын. Өйткені ізіне түскен кезде олар жұмыс істеу тәсілін өзгертеді. Мәселен, олар заңсыз мигранттарды спорттық командалар секілді киіндіріп қояды», ‒ дейді Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев. Кореяның Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сик кейінгі кезде Қазақстан азаматтарына Кореяға баруға рұқсат бермеу оқиғаларының жиілеу себебін түсіндірді. «Емделуді сылтауратып Кореяға келгендердің ауруханамен келісімдері жоқ немесе қайда барып ем қабылдайтындарын білмейді. Сонымен қатар, шын мәнінде емделу үшін келгенін дәлелдейтін құжат болмайды. Ал туристік сапарды желеу еткендер саяхаттың жоспары, елдегі көрікті жерлер туралы ақпарат секілді ақпараттардан хабары жоқ. Жұмыс бабымен барамын дейтіндерде шақырушы тараптың нақты дерегі табылмайды. Осыларды негізге алып, кейбір қазақстандықтарға Корея аумағына кіруге тыйым салынды», ‒ дейді Корея өкілі Ким Дэ Сик. Кореяға екі қолға бір күрек іздеу үшін аттанатын отандастарымыздың саны неге көбейді? Бұл сұраққа жауап берген Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиевтің айтуынша, қазақстандық мамандарға шетелде сұраныс жоғары. «Меніңше, мұның бірінші себебі мынада. Бұрын еліміз басқалардың көмегін қажет ететін еді. Кейінірек бұл межені басып өткен соң, біз өзгелерге кәсіби мамандар ұсынатын «донор» елге айналдық. Сонымен қатар, бұрын екі ел арасында жұмысқа орналастыру туралы келісім болған. Қазір ондай келісім жоқ. Екінші себеп ‒ ауылдық жерлердегі жалақы мөлшерінің аздығы болса керек», ‒ дейді Ардақ Мәдиев.

Жұмыс іздеп кеткендер қайта оралмайды

Өкінішке қарай, шетелге жұмыс іздеп баратын отандастарымыздың көбі елімізге қайта оралмайды. Жуырда Ұлттық экономика министрлігі Әлеуметтік-демографиялық статистика басқармасының қызметкерлері дабыл қақты. Олардың айтуынша, өзге мемлекеттерге тұрақты өмір сүру үшін көшетін қазақстандықтардың саны күрт көбейген. Қазақстаннан қоныс аударушылардың дені Ресей, Германия және Беларуське кеткен. Әлеуметтік-демографиялық статистика басқармасы мамандарының сөзінше, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысынан өзге елге қоныс аударушы азаматтардың саны Қазақстанға көшіп келушілер санынан көп. «2016 жылы облысқа 743 адам көшіп келсе, кеткендер саны 3276 адам болған. Яғни, көшіп кетушілер төрт есе артық. Оның ішінде Петропавл қаласының өзіне 476 адам көшіп келсе, 1798 адам қаладан көшіп кеткен», ‒ дейді басқарма сарапшысы Гүлжихан Айгозина. ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2014-2015 жылдардың ішінде тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасының 65 086 азаматы (2014 жылы ‒ 31 618, 2015 жылы ‒ 33 468 адам), 2016 жылғы 6 айдың ішінде 16 742 азамат шетелге кеткен. Ал аталған жылдарда Қазақстанға қайта оралғандар  саны бар болғаны ‒ 1812 адам (2014 жылы ‒ 862, 2015 жылы  ‒ 950), 2016 жылдың 6 айында 510 адам шет елдерден келген. Шетелге, әсіресе ТМД елдеріне кетіп жатқандардың 70 пайызы еңбекке қабілетті адамдар. Informburo.kz сайтының ақпаратына сүйенсек,  олардың көпшілігі Қарағанды және Қызылорда облысының азаматтары. Егер ТМД елдері туралы айтар болсақ, Қазақстаннан кеткендердің 85%-ы Ресейде. Ресей ішкі істер министрлігі сайтындағы дерекке сәйкес, 2016 жылы Қазақстаннан кеткен 37 837 адам Ресей азаматтығын алған. Ресей Федерациясына қоныс аударушылар саны жылдан жылға көбейіп бара жатқанын отандық мамандар да жасырмайды.  Мәселен, 2014 жылы теріскейдегі көршіміздің жеріне 24 мың адам көшсе, 2015 жылы Қазақ­станнан Ресейге шамамен 32 мың адам кеткен. Отандық мамандар шетелге қоныс аударушыларға қатысты әлеуметтік және жыныстық топқа бөлу бойынша зерттеу жүргізіп көрген. Зерттеу нәтижесі бойынша елімізден көбіне 35-40 және 20-30 жас аралығындағы ер азаматтар  көшуге бел байлайтыны анықталды. 20-30 жас аралығындағы эмигранттар көбіне оқу үшін және жұмыс істеу үшін кетеді екен. Ал 35-40  жастағы кеткен эмигранттарды сарапшылар кәсіби білікті мамандар тобы деп қарастырады. Олар көбіне шетелден жалақысы жоғары жұмыс іздейді. Сарапшы Айсұлу Молдабекованың айтуынша, шетелге қоныс аударған Қазақстан азаматтарының әрбір екіншісінің білімі жоғары болса, әрбір үшінші азаматтың орта кәсіптік білімі бар. Олардың көбі техникалық, медициналық, педагогикалық мамандық иелері. Мұндай мамандықтар елімізде онсыз да қат екенін ескерсек, шетелге қоныс аударушылардың көбеюі Қазақ­стандағы маман тапшылығы мәселесін ушықтырып жіберетіні айтпаса да түсінікті. Өзге мемлекетке тұрақты тұруға бел буғандардың тағы бір тобы – шетелдің Гарвард, Оксфорд сынды университтерін тәмамдап келген түлектер. Елімізден лайықты жұмыс таба алмағандықтан, олар өздері білім алған мемлекетке қайта кетуге мәжбүр болады. Еңбек нарығында шекара жоқ әрі білікті маманға қай мемлекетте де сұраныс жоғары болғандықтан оларда таңдау көп.

Шетелдік жұмысшыларға талап күшейді

Отандық еңбек нарығындағы бос орындарды шетелдік азаматтар толтыруда. 2016 жылы 17 023 шетел азаматы Қазақстанға тұрақты тұру үшін келген. Олардың басым көпшілігі Өзбек­станнан (6298 адам), Қытайдан (5728), Ресейден (2052 адам), Қырғызстаннан (936 адам), Түркіменстаннан (363 адам), Моңғолиядан (293 адам), Тәжікстаннан (199 адам), Әзірбайжаннан (195 адам), Ауғанстаннан (128 адам), Грузиядан (111 адам) келген. Олардың дені –  орта білімді, яғни мектеп білімімен шектелген жатжұрттықтар. Қазақстанға келетін еңбек мигранттарының тасқынына тосқауыл қойып, елімізге тек білікті әрі сұранысқа сай шетелдік жұмыс күшін тарту мақсатында 2015 жылғы қарашаның 24-інде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған болатын. Аталмыш заң биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Толықтыруға сәйкес, өз еркімен Қазақстанға жұмысқа орналасуға келген шетелдік азаматтардың білікті және қажетті мамандық иелері болуы талап етіледі. Шетел маманының білімі, жұмыс өтілі, тәжірибесі арнайы бекітілген балдық жүйе бойынша бағаланады. Егер оның білім-білігі экономиканың басыңқы салаларындағы сұранысқа ие мамандықтар тізіміндегі жұмыс орындарының біріне сай келетін болса, еңбек келісімшартында көрсетілген мерзімге жұмысқа тұра алады, бірақ бұл мерзім үш жылдан аспауы тиіс. Сонымен қатар, биылдан бастап шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жұмыс берушілерге рұқсат беру шаралары қатаңдатылды. Енді квота жұмыс берушілердің сұранысын, аймақтардағы жұмыс күшіне деген сұранысты, жұмыссыз азаматтар санын, өткен жылғы шетелдік жұмыс күшін пайдалану тиімділігін бағалау мен еңбек ресурстары есебінен жұмыс күші сұранысын қанағаттандыруды ескере отырып, экономикалық қызмет түрлеріне қарай беріледі. Сондай-ақ, жаңа ереже бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға келісім алу үшін жұмыс берушілер салық төлейді. Оның көлемі шақырылатын жұмыскерлердің санаты мен жұмыс істейтін саласына қарай сараланады. Егер Қазақстанда жұмыс істеуге келген шет мемлекеттің азаматы жоғары білімді болса, онда одан аз ақы алынады, ал қарапайым жұмысшы үшін төленетін салық көлемі көбірек болмақ. 2016 жылы республиканың экономикалық белсенді тұрғындарына шаққанда (63,1 мың адамға жуық) шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 0,7% мөлшерінде белгіленген. Өткен жылдың алғашқы жеті айында Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға 29 458 рұқсатнама беріліпті. Олардың ішінде 1716-сы бірінші санат бойынша, яғни, кәсіпорын жетекшілерi мен олардың орынбасарлары үшін, 5550  рұқсат  екінші санат бойынша берілген. Бұлар әдетте компаниялардың құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері болып есептеледі. Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың басым көпшілігі үшінші санатқа кіретін мамандар мен төртінші санаттағы жұмысшыларға берілген. Бұлардың алғашқыларына берілген рұқсат 13382 болса, кейінгілерінің саны – 6934. Бұлардан бөлек маусымдық жұмыс бойынша 1876 рұқсат берілгені тағы бар. Бұлар заңды делік, ал заңсыз ағылып жатқандар қаншама... Бейресми деректерге сүйенсек, қазақстандық еңбек нарығында 500 мыңнан астам заңсыз мигрант жұмыс істейді. Миграция жөніндегі халықаралық ұйым өкілі Павел Шлиппек Қазақстандағы заңсыз қаражат табуға ұмтылған азаматтарды үш топқа бөледі. Бірінші топ –  жеміс-жидек саудасымен айналысатындар. Екіншісі – құрылыс және мал мен егін шаруашылғында қызмет ететіндер. Яғни маусымдық жұмысқа тартылатындар. Үшінші топ –  ұзақ уақыттан бері Қазақ­стан аумағын мекен етіп, алыпсатарлық және басқа да кәсіпкерлік түрімен айналысатын шетел азаматтары. Оларды елге кіргізген өзіміз. Жұмыс беріп, жалақы ұсынатын, кәсібін дөңгелетуге қолайлы жағдай туғызған да өзіміз. Демек, шетелдіктер қазақтың несібесіне ортақтасты, нанын тартып алды деп байбалам салу негізсіз. Еңбек етем дегенге елімізде мүмкіндік мол, жолдар сайрап жатыр.    

Серіктес жаңалықтары