Алашқа «ақылды аялдама» артық па екен?

Алашқа «ақылды аялдама» артық па екен?

Алашқа «ақылды аялдама» артық па екен?
ашық дереккөзі
609
Көлік пен адам қарасы көп қала көшелеріндегі маңызды атрибуттардың бірі – аялдама. Сөйте тұра аялдамаларды ретке келтіру ісі әлі де тиянақты емес. Қазір «Ақылды аялдама», «Ескі аялдама» және «аялдама магазин» деген бірнеше түсінік қалыптасқан. Осылардың барлығының қызметі бір болғанымен, маңыздылығы мен құны әр түрлі. Соңғы жылдары орнатыла бастаған «ақылды аялдама» бірқатар  өңірлерде қойылып үлгерді. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Петропавл, Шығыс Қазақстан облыстарында жаңа стандартты аялдама жергілікті халықтың көз қуанышына айналғаны белгілі. Ал Астана қаласындағы «ақылды аялдамалардың» жөні мүлде басқа. Мұнда тегін интернет, қыста жылытқыш, жазда салқындатқыш, қоғамдық көліктердің келу уақытын көрсететін табло орнатылған. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін  бейнебақылау да қойылған. Аялдамалардың ақылды болғаны жақсы, әрине. Бірақ бағасының тым қымбаттығы бұл істің жемісті боларына күмән туғызады. Айталық, жаңа форматты бір аялдаманың құны – 9 миллион теңге. Петропавлда осындай 30 аялдама орнатпақ болатын. «Жылыту маусымында инфрақызыл сәулелер арқылы жылытылады. Жолаушылар қауіпсіздігі үшін аялдамаларда бейнебақылау орналастырылған», – деген Астана қалалық жолаушылар тасымалы және автомобильдік жолдар басқармасының өкілдері. Ал осы аялдамаларды көрген ресейлік шенеунік, Красноярск қаласы, Свердловск ауданының әкімі Алексей Исаев аялдамалардың жаңа болғанына емес, бағасына  таң қалғаны есте. Өйткені өз қаласында мұндай аялдамадардың құны небәрі – 3500-4800 доллар, яғни 1 миллион теңге шамасында екен. Сонда 35 мың долларға бір аялдама емес, бесеуін орнатуға болады деп ескерткен еді. Өкінішке қарай, бұл аялдамалардың қазір қалай жұмыс істеп тұрғаны белгісіз. Бір анығы – аялдама жоқ жерлер әлі көп. Республика бойынша ақылды аялдамалар тегіс салынса игі. Алайда еліміздегі ірі қалалардан бастап тасжолда, ауылдарда, аудан орталықтарында әлі де Кеңестер Одағында салынған баяғы қызыл жұлдызды орақ болған аялдамалардың бары көңілге қаяу түсіреді. Бұл аялдамалар тозығы жеткен, десе де шалғай аймақтардағы жергілікті әкімдіктердің жаңасын тұрғызуға қаражаты жоқ. Ол өз алдына, ал Алматы қаласында осындай ескі аялдамаларды ысырып, жаңасын салу көзделген еді. Өкінішке қарай, көбінің орны ойсырап тұр. Орны бар, пана болар пайдасы жоқ. Алда күз бен қыс келмек, үскірік жолаушыны аямасы анық. Жұртшылық тым болмаса төбесі қалқа ескі аялдамаларға зар боп қалды. Алматының қалың жауынында қалқа таппай қалған жолаушылар жабық аялдамалармен жылап көрісер жағдайда жүр. Жә, аялдама мүлде болмаған жерлер бар. Ал жаңасын салу үшін сүрілгендердің өзі әлі салынған жоқ. Мысалы, Гагарин көшесінің бойында Абай даңғылымен қиылысында болған ескі аялдама алынды да, орнына жаңасы салынған жоқ. Алтынсарин көшесінде де Ұлықбек және Жұбанов, Қабдолов көшелеріне бір аялдама. Ескісін алып тастаған, жаңасы әлі жоқ. Ал Сайын көшесінде көпірлер салынғаннан кейін аялдаманың арасы тіпті ұзап кетті. Жолдың екі жағын қосатын көпірлер мен жерасты жолдарының арасы да ұзақ. Мысалы, Сайынның бойында Ұлықбек, Жұбанов, Қабдолов көшелеріне бір ғана аялдама жасалған. Бұрын әрқайсысында болған тоқтау нүктелерінің санын осылай азайтты. Төменнен көтеріліп келе жатқанда да Жұбанов пен Ұлықбек көшесіне бір аялдама жасаған. Екі көшенің арасы алыс. Ал екінші бетке өту үшін тағы бір квартал жердегі жер­асты жолына жету керек. Бұл қаланың бір ауданы ғана. Қала сыртында, шеткері аудандарда бұл түйткілі тарқамаған үлкен мәселе. Разды Өтегенова, дәрігер: – Мен Қалқаман ықшамауданында тұрамын. Орталыққа бармай-ақ өзіміздің маңайдағыларын айтып берейін. Қалқаманның ішімен көтерілетін Әуезов көшесінде бірде-бір аялдама жоқ. Ешқашан болған да емес. 1-аурухананың қасында бір аялдама бар, бірақ онда көкөніс пен жеміс-жидек сатады. Қоғамдық көлік күткен жолаушыға одан еш пайда жоқ. Автобус жүргізушілерінің өздері белгілеп алған жабайы аялдамалар бар. Қыста қардан, күзде жаңбырдан, жазда күннен қорғамайды. Халық осы жерде топтасып, күтіп тұрады. Бұл көшеде жол жиегінде тротуар да жоқ. Жұртшылық арық-арықты жағалап, біреудің есік алдында көлік күтіп тұрғаны. Өтеген батыр мен Алтынсарин көшелерінің ортасындағы аялдамада отыратын орындықтар бар, бірақ төбесі жабылмаған. Қыста метро арқылы орталықтан келіп, осы жерден автобусқа отырып жүрдім. Сонда қысқы боран мен қардан қорғайтын ештеңе болған жоқ. Есесіне орындығы бар. Жазда жасайтын болар, үлгермеген шығар деп ойлағам. Бірақ сол аялдама бәз-баяғы қалпында, ешқандай құрылыс жүргізілген жоқ. Алматыдағы жағдай осындай болса, басқа қалаларда тіптен өрескел шығар. Ақдидар Әлібек, тәрбиеші: – Аялдама да жолаушының бір үйі емес пе? Бүгінгі аялдамалар адамға емес, жарнамаға қызмет етуді бірінші кезекке қоятын сияқты. Аялдамалар жайы аянышты халде, бірізділік жоқ. Қай қалада болсын жолаушыларға арналған аялдамалардың жағдайы мәз емес, алаңдатарлық күйде деуге болады. Көптеген жерлерде қалалық меншікке қарағанына қарамастан аялдамалар сауда нүктелеріне айналған. Уақыт талабы да шығар. Дегенмен, ол бірінші кезекте қала көркіне тікелей әсер ететін, күнделікті тұтынудағы нысан боп табылады. Сондай-ақ, біздің аялдамалар жылдың мезгілдеріне лайықталмаған. Жаз болса ыстық, көлеңкелейтін жері жоққа тән. Қыс келсе ызғырық желде паналайтын қуыс таба алмай қиналасың. Бүгінде әйнек аялдамалар шыққан, нағыз жыл он екі айда пана таптырмас ықтасын. Бірақ оны барлық жерге орнататына күмәнім бар. Әркім ойына келгенін жасап жатыр. Өркениет көшіне асыққан түр байқала қоймайды.

Серіктес жаңалықтары