244
Құрықтағы атыс кезінде алты адам жараланды
Құрықтағы атыс кезінде алты адам жараланды
Маңғыстау облысындағы Құрық ауылында аңшы мылтығынан оқ атып, алты адамды жаралаған күдікті ұсталды. Бұл туралы өңірлік криминалды полиция басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Шілденің 17-нен 18-не қараған түні Қарақия ауданының орталығында жастар арасында болған кикілжің соңы атысқа ұласқан. Салдарынан жас шамасы 20 және 23 аралығындағы алты жігіт түрлі дене жарақатын алды. Үшеуі өз бетімен аудандық емханаға қаралған. Ал ауыр халдегі үш адам облыстық ауруханаға жеткізіліп, шұғыл операция жасалды. Бірі жансақтау бөлімінде жатыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Алтынбек Қалиев, өңірлік ІІД криминалды полиция басқармасының басшысы:
– Ауыл шетінде шамамен 10-15 балалар арасында төбелес болды. Төбелес кезінде екі рет атыс қаруы атылған. Қазіргі таңда күдіктілер ұсталып, айғақты заттар алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚК 293 бабының 3-ші бөлігімен «Бұзақылық ниетпен атыс қаруын қолдану» және де ҚР ҚК 24-99 бабының 2-ші бөлімімен «Қасақана кісі өлтіруге оқталу» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Мұхамеджан Нұрғазиев, облыстық аурухана басшысының орынбасары:
– Бірінің жасы – жиырмада. Былай санағанда жиырма шақты жарақаты бар. Соның ішінде асқазан жарақаты, он екі ішек, аш және тоқ ішектің жарақаты анықталды. Олардың барлығын тігіп, дер кезінде көмек көрсетілді. Қазіргі жағдайы сол үшеуінің ішіндегі ең ауыры болып саналады. Қазір аппараттан айырылды. Өзі дем алып жатыр. Әзірге жансақтау бөлімінде қалдырылды.