389
Үшарал қаласында жаңа әуежай ашылады
Үшарал қаласында жаңа әуежай ашылады
Үшарал қаласында жаңа әуежай пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің Facebook парақшасында мәлім етті.
«Достарым, жағымды жаңалықпен бөліскім келіп отыр. 21 шілде күні Алакөлдің жанындағы Үшарал қаласында əуежай ашылатын болды! Бұл, əрине, туристер санының ұлғаюына ықпал ететіні сөзсіз», - деп жазды А.Мұхамедиұлы. Сонымен бірге, министр демалыс күндері Алакөл жағасында дуатлоннан жарыс өткізгендерін еске салды және қазақстандық курорттардың жарнамасымен жұмыс істеу қажеттігін баса айтты. «Қазақстанның керемет сұлу табиғатын насихаттап, Алакөл сияқты айдынымызды мақтан тұтуымыз керек. Бұл жерде кең тыныс алып, спортпен айналысуға талпыныс туады екен.
Сол себепті спортты насихаттау жəне туристерді тарту мақсатында дуатлоннан жарысты жылда өткізетін болып шештік. Дəл сондай іс-шараны көлдің Шығыс Қазақстан облысындағы жағалауында өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді ол. Сондай-ақ, А.Мұхамедиұлының хабарлауынша, ҚР Мәдениет спорт министрінің орынбасары Асқар Баталов туристік операторлармен Алакөлдің туристік процессін жандандыру тақырыбында семинар өткізді. «Əрине, сыртта өткізілетін семинарлар пəрмендірек, мəселені алыстағы Астанадан шешу кейде қиындау соғады. Біз көл жағасындағы құрылыс нысандарын тексеріп, қолымыздағы мəліметтермен салыстырдық, енді курорт аймағын дамыту жұмыстарын нақтылауды жоспарлап отырмыз. Үкіметтің туризм саласын дамыту туралы Концепциямызды қолдауы - ішкі туризмнің жоғары деңгейге көтерілуінің кепілі деп білеміз», - деп түйіндеді министр.