Нартай Дүтбаевтың соты басталды

Нартай Дүтбаевтың соты басталды

Нартай Дүтбаевтың  соты басталды
ашық дереккөзі
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың соты басталды. Республикалық әскери соттың баспасөз қызметі іс материалдарына мемлекеттік құпия болғандықтан процесс жабық өтіп жатқанын хабарлады. ҰҚК Дүтбаевқа қатысты қылмыстық тергеу аяқталып, істің 4 шілдеден бері Ақмола гарнизонының әскери сотында жатқанын айтқан. ҰҚК бұған дейін Нартай Дүтбаев пен ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлері Нұрлан Хасен және Ерлан Нұртаевтың 26 желтоқсанда "мемлекеттік құпияны әшкереледі, билігін және қызмет бабын асыра пайдаланды" деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған. Олардың үйлерінде "тінту жүргізіліп, заттай айғақтар тәркіленген". 28 желтоқсанда күдіктілер сот шешімімен екі айға қамалып, ҰҚК-нің тергеу абақтысына жабылған. Кейін сот оларды қамау мерзімін бірнеше рет ұзартып, 26 шілдеге дейін қамауда қалдырған. Нартай Дүтбаев ҰҚК-ні 2001 жылғы желтоқсаннан 2006 жылғы ақпанның 22-сіне дейін басқарған. Ол 2006 жылы 13 ақпанда Алматы маңында оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге ҰҚК-нің "Арыстан" арнайы жасағы қызметкерлерінің қатысы бары анықталғаннан кейін отставкаға кеткен. Дүтбаев отставкаға кеткен соң ҰҚК академиясының басшысы, президенттің кеңесшісі қызметін атқарды, "Қазатомөндіріс" ұлттық компаниясында вице-президент болды.