Қазақстан халқы 1 жылда 239 мың адамға көбейген

Қазақстан халқы 1 жылда 239 мың адамға көбейген

Қазақстан халқы 1 жылда 239 мың адамға көбейген
ашық дереккөзі
Еліміздің халқы бір жылда 239,2 мың адамға көбейді. Дегенмен дүниеге келген балалардың саны 6,2%-ға азайып кеткен, деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі. «Биылғы жылдың 1 маусымында еліміздегі халық саны 18 014,2 мың адамға жетті, соның ішінде қалалықтар 10 358,0 мың (57,5%), ауылдықтар 7 656,2 мың адамды (42,5%) құрады. 2016 жылдың 1 маусымымен салыстырғанда халық саны 239,2 мың адамға немесе 1,3%-ға өсті», - дейді баспасөз қызметіндегілер. АХАТ органдары ұсынған мәліметке сүйенсек, биылғы жылдың бес айында 155,4 мың бала дүниеге келді, бұл 2016 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 6,2% аз. «2017 жылғы қаңтар-мамырда республика халқының табиғи өсімі 2016 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 9,9 мың адамға немесе 9,1%-ға кеміп, 99,7 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,37 адамды құрады», - деп жазылған хабарламада. Осы жылдың қаңтар-мамырында 55,7 мың адам қайтыс болды, бұл өткен жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 0,7%-ға аз. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 7,46 адамды құрады. Осы уақыт ішінде елімізде 1 жасқа дейінгі 1 344 нәресте шетінеген. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 16,8%-ға азайды. Көші-қон қызметі органдарының мәліметінше, биылғы жылдың қаңтар-мамырында елімізге тұрғылықты тұруға келгендер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,3%-ға көбейіп, 7 204 адамды құрады. Елімізден кеткен көшіп-қонушылардың тіркелу саны 4,0%-ға көбейіп, 10 975 адамды құрады.