373
Сынақтан сүрінгендер сенделіп қалмайды
Сынақтан сүрінгендер сенделіп қалмайды
«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалындағы «Білім» сараптама комиссиясының отырысында жалпы білім беретін мектептердің түлектерін жаңа формат бойынша тестілеуден өткізу мәселелері қаралды.
Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова баяндама жасады. Ол сонымен қатар, сараптама комиссиясының мүшелеріне техникалық және кәсіптік мамандарды даярлауға 2017-2018 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы туралы ақпарат берді.
– Биылғы оқу жылында 4900 оқушы мектеп бітірді. Өкінішке қарай, облыс бойынша 473 түлек ҰБТ-ның шектік балл деңгейіне жете алмады. Біз барлық түлектерді оқытып, жұмысқа орналастыруға бар күшімізді жұмсаймыз, – деді «Білім» сараптама комиссиясы төрағасының орынбасары Тілектес Болатбаева.
Білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, жастар саясаты жөніндегі облыстық басқармалардың басшылары партияның «Сәтті қадам» жобасы аясында ҰБТ-дан өтпей қалған және ҰБТ-ға бармаған жастарға көмек көрсету үшін үш жақты меморандумға қол қойды. Бұл құжат бойынша қол қойған ұйымдар қыркүйек айына дейін сараптама жүргізіп, бос жүрген жастарды қысқа курстарда оқыту, одан әрі жұмысқа орналастыру мәселелерін шешетін болады. Сараптама комиссиясының отырысында партиялықтар мектеп түлектерінің барлығына қолдау көрсетілетіндігін атап өтті.