Түймебаев: Тұрғын үй бағасын арзандату қажет

Түймебаев: Тұрғын үй бағасын арзандату қажет

Түймебаев: Тұрғын үй бағасын арзандату қажет
ашық дереккөзі
249
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде аймақ көлеміндегі құрылыс және жобалау жұмыстарының барысы бойынша мәжіліс өтті. Отырысқа ҚР Парламентінің Сенатына депутат болып өңірімізден жақында сайланған Әлімжан Құртаев қатысты.  Саладағы жұмыстардың атқарылу барысын баяндаған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашевтың мәліметінше, 2017 жылы өңірде құрылысы жоспарланған 196 нысанның 121-ін пайдалануға тапсыру көзделсе, қалғаны келер жылға өтпелі екен. Ел игілігіне берілетін нысандардың 29-ы білім беру нысаны болса, 34-і денсаулық сақтау, 1-уі әлеуметтік қамту, 3-уі мәдениет саласына байланысты, ал 42 нысан 61 тұрғын үй ғимараттарына жатады. Сонымен бірге, 8 объекті инженерлік инфрақұрылымға, 1 нысан моноқалаға, 1-уі ауыл шаруашылығы, 1-уі абаттандыру саласына қатысты және 1-уі қоршаған ортаны қорғау нысандарына жататын ғимараттар болып табылады. Ал жыл басынан бері осы 121 нысанның 15-і қолданысқа берілген. Олардың 5 нысаны білім беру объектісі, 4-уі денсаулық сақтау, 1-уі әлеуметтік қамту, 1-уі тұрғын үй болса, 1-уі қоршаған ортаны қорғау және 3-уі инженерлік-коммуникациялық нысандар. Облыс азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша арнайы тоқталған басқарма басшысы биыл 10879 пәтерлі 226 тұрғын үйдің (ауданы 737,6 мың ш.м.) құрылысы жүріп жатса, жыл соңына дейін соның 6375 пәтерден тұратын 115 үйі (ауданы 388,7 мың ш.м.) кезегін күткен қожайындарына тапсырылмақ. Келтірілген мағлұматтарды мұқият тыңдаған облыс әкімі Шымкенттегі көп қабатты үйлер құрылысын көбейту қажеттігіне тоқталды. Ол үшін тиісті қаржы көздерін көптеп тарту керектігін айтқан Жансейіт Қансейітұлы баспаналарды саларда сапасы мен сәулетіне, үй ішінің жобасына мән беруді тапсырды. «Тұрғын үйлерді салуда отбасын құрмаған бойдақ азаматтар үшін бір, бір жарым бөлмелі пәтерлерді көбейту қажет. Сонымен бірге, отбасылық және студенттік жатақханалардың санын арттырып, студенттер үшін арнайы қалашық бой көтеруі керек. Ал үй құрылысында жаңа тәсілдерді қолданып, өзімізде өндірілетін заманауи, сапалы материалдарды кәдеге жаратуды бастаңыздар. Ең бастысы, тұрғын үйлердің бағасын халықтың қалтасына қонымды болатындай есептеп, оны арзандату жағын қарастырыңыздар», - деді Ж.Түймебаев. Сондай-ақ, жиында әкім әлеуметтік нысандарға жататын мектеп, балабақша, медициналық мекемелерді саларда дайындалатын жобалық сметалық құжаттарды (ЖСҚ) әзірлеуде құжаттардың ұзақ мерзімге созылатынын сынға алды. Бұл ретте, арнайы бекітілген стандарттар негізінде жұмыс істеуді қатаң тапсырған өңір басшысы халыққа тезірек қолайлы жағдай жасау мәселесін естен шығармауды ескертті.  

Серіктес жаңалықтары