304
"Болашақ" түлегіне жауап берді
"Болашақ" түлегіне жауап берді
Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Жанболат Мелдешов «Болашақ» бағдарламасы түлегінің Фейсбуктегі жазбасына қатысты жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Бұған дейін «Болашақ» бағдарламасымен білім алған Майгүл Садықова әлеуметтік желіде Халықаралық бағдарламалар орталығын сотқа беруге ниетті екенін мәлімдеген еді.
«АҚШ-тағы оқудан оралғаныма 8 жылдың жүзі болса да, олар Павлодар облысы Ақсу қаласындағы анамның пәтерін кепілден шығармай отыр. Мұның себебін осы жылдар бойы «Әлеуметтік жұмыс» дипломы бойынша жұмыс істемегеніммен түсіндіреді. Иә, мен ЖШС-де аудармашы болып еңбек еттім (менің алғашқы жұмысым), кейінірек тіл үйренетін курс ашып, сабақ бердім (Жеке кәсіпкерлік ретінде), әлі күнге дейін аударма жұмыстарымен айналысамын. Сондай-ақ, өз мамандығым бойынша ЕҰУ-да магистратурада грантта оқыдым. Тағы бір жұмысым болды - «Астана Опера» театрында келісімшарттарды аудардым. Қай жерден жұмыс табылса, соны істедім. Қанша талпынсам да, әлеуметтік салада жұмыс таба алмауым - менің кінәм емес. Ең бастысы, өз елімде 5 жыл тер төктім», - деп жазған Майгүл Садықова.
«Бүкіл ел мекеме тарапынан жасалатын қысымды білуі тиіс. Жұмысқа орналасуға еш көмек көрсетпейді, ал 11 жыл бұрынғы келісімшарт бойынша, 5 жылдық еңбек өтілімді талап етеді. Соғысты қаласаңыздар, ол да болады», - деп түйіндеген сөзін «Болашақтың» түлегі.
Кейінірек, Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы бұған әлеуметтік желіде жауап жазды.
«Майгүл Садықованың арызы бойынша. Бізге соғыс керек емес. Түлектермен жұмыс бойынша департамент жұмысында кемшіліктер болды, онымен келісемін. Департамент директоры сәуір айында өз еркімен жұмыстан шықты. Майгүлді орталыққа шақырдық. Нәтижесін орталықтың сайтында жариялаймыз», - деп жазды Жанболат Мелдешов әлеуметтік желіде.