Алматыда опырыла құлап кеткен жарнама тақтайшасы үш жасар сәбиді өлтіре жаздады. Ауыр жарақат алған бала ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды “Алматы” телеарнасы.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал жарнаманы ілген сауда үйі болса, іске қатысты пікір білдірген жоқ. Баланың әкесі Бекасыл Бақтыбайдың сөзінше, металлдан жасалған жарнамалық баннер екі метр биіктіктен құлаған.
“Оқиға болған кезде бір әйел жедел жәрдем, ал енді бірі полиция шақырып үлгеріпті. Жедел жәрдем баланы бірінші балалар ауруханасына алып кетті. Ал түскі астан кейін мені кездесуге шақырған сауда үйінің директоры болса, конфет, шоколад, тегін фастфудтан басқа ештеңе ұсынған жоқ”, – дейді әкесі.
Қазір үш жасар бала анасымен бірге ауруханада жатыр. Ол толықтай ем курсын қабылдауы тиіс. Операция жасалған. Қазір жүре алмағанымен, жағдайы біртіндеп оңалып келеді. Дәрігерлер де баланың өміріне төніп тұрған қауіп жоқ деп отыр.
Оқиғадан соң баланың ата-анасы полицияға шағым түсірген. Қазір “техника қауіпсіздігін сақтамау” бойынша қылмыстық іс мәселесі қозғалып жатыр. Баланың отбасы сауда үйінен материалдық және моральдық шығын өндіруді талап етуде.