Ұлттық қауіпсіздік комитетіне - 25 жыл

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне - 25 жыл

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне - 25 жыл
ашық дереккөзі
413
Елбасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты, - деп хабарлайды  Ақорда. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталып, ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің мемлекетіміздің егемендігі мен конституциялық құрылымын сақтаудағы рөлін атап өтті. "Біз "Қазақстан-2050" стратегиялық бағдарламасын іске асырудамыз. Оның мақсаты - әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына ену. Оған табысты қол жеткізудің басты шарттары - төңірегімізде бейбіт өмір мен тыныштықты қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан қоғамында ішкі саяси тұрақтылық пен келісім орнату", - деді Елбасы. Қазақстан Президенті еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасы ету үшін күрескен қаһарман бабаларымыздың ерлігін есте сақтаудың маңыздылығын айтты. Мемлекет басшысы қоғамымызға қарсы бағытталған теріс идеология мен деструктивті ағымдардың жолын кесу жөніндегі іс-қимылдың қажет екенін атап өтті. "Халықаралық террористік және діни-экстремистік ұйымдарға арқа сүйеген радикалды топтардың залым әрекеттері ұлттық қауіпсіздігімізге елеулі қауіп-қатер төндіріп отыр. Бұл зұлматпен ымырасыз күрес жүргізуге бүкіл Қазақстан қоғамы толық қолдау көрсетуде. Осы жоғары сенімді теріс идеология мен деструктивті ағымдардың жолын қатаң түрде кесу жөніндегі жүйелі әрі тиімді қызмет ету арқылы ақтау қажет", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге, Елбасы ақпараттық желілер мен ресурстарға хакерлік шабуылдар жасау сияқты жаһанның жаңа қауіп-қатерлерін атап, "Қазақстанның киберқалқанын" құрудың өзектілігіне тоқталды. Қазақстан Президенті жаһандық қауіпсіздіктің жаңа қатерлерінің пайда болуына әкеп соғатын әлемдік дамудағы теңсіздіктердің салдарларына да назар аударды. "Азық-түлікке, ауыз суға, медициналық көмекке қол жеткізу проблемаларының өршуі аясында әлемдік дамудағы теңсіздік аса қауіпті жағдай туғызуда. Бұл тұтас құрлықтар мен өңірлерді қамтыған жаһандық миграцияға әкеп соқтырды. Өзіне және отбасына жақсы өмір іздеген адамдардың арасында террористер мен қылмыскерлер, үгітшілер мен есірткі сатушылар да жасырынуы мүмкін", - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің қазіргі барлық сын-тегеуріндері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұру үшін ҰҚК қызметкерлерінің кәсіби қабілеті мен біліктілігін жетілдіру қажеттігін атап өтті. "Жыл басында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен оның ведомстволарының жаңа құрылымы бекітілді. Өзара іс-қимыл жасау мен күш-қуатты қайта орналастырудың жаңартылған жүйесі мейлінше тиімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері алдағы уақытта да Отанымызға мінсіз қызмет етіп, елімізді көркейту және ұлттық мүддемізді қорғау жолында өздерінің барлық күшін, білімі мен тәжірибесін жұмсайтынына сенімдімін", - деді Елбасы. Соңында Қазақстан Президенті қызметтік парызын орындауда ерлік мен жанкештілік көрсеткен ұлттық қауіпсіздік органдарының үздік қызметкерлеріне ордендер мен медальдар табыс етті. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Е.Көшербаев (марқұм), Ә.Сарықұлов, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен ҰҚК қызметкерлері – Д.Базарбаев, А.Қожабеков, А.Лұқпанов, Ж.Омариев, Ә.Тастамбеков, Е.Үсенов марапатталды. Марапаттау рәсімінен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты концерт өтті.

Серіктес жаңалықтары