Оңтүстікте бидайға орақ түсті

Оңтүстікте бидайға орақ түсті

Оңтүстікте бидайға орақ түсті
ашық дереккөзі
Оңтүстік Қазақстан облысында астық жинау науқаны басталды.  Алғашқы болып егінге орақ салғандардың қатарында қазығұрттық «Айқожа» өндірістік кооперативі де бар. Техникасын жаңартып, науқанға қызу дайындалған кәсіпорын бидайдың алғашқы тоннасын қамбасына құйды. 1998 жылы құрылған кооператив меншігінде жалпы 12700 гектар жер бар. «Бүгінде біздің кооперативтегі жер көлемі 12700 гектарға жетіп отыр. Оның 6700 гектары тәлімді, 1000 гектары шабындық, қалғаны ауыспалы егіске жатады. Біз бидай, арпа, мақсары ғана емес, картоп және сарымсақ егумен де  айналысамыз. Өткен жылы 1050 гектар бидай алқабының әр гектарынан 24 центнерден астық орып, қамбаға 2520 тонна өнім жинап, мол табысқа қол жеткіздік. Биылғы межеміз 24,5 центнер деп болжап отырмыз», – дейді «Айқожа» өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Саян Батырбаев. Қазіргі таңда орақ науқанында 30-ға жуық адам еңбек етуде. Жұмысшылардың орташа жалақысы 60 мың теңге. Кооперативтегі егін ору науқанын жаңадан сатып алынған комбайндар қыздыра түскен. Жалпы, биыл қазығұрттық астық егумен айналысатын қожалықтар жаңа 32 техника сатып алған. Күнгей облыста бидай ору науқаны 10 күнге кеш басталды. Мамандар мұның себебін көктемгі жауын-шашынның мол түсіп, ауа райының жылдағыдан салқын болғанымен байланыстырады. «Биылғы ауа райының, нақтырақ айтсақ, көктемнің салқын болуы әсерінен орақ оруды айдың аяғында бастап отырмыз. Жылда 20-шы маусымда бастап жіберетінбіз. Облыста биыл жалпы 218 мың гектар жерге бидай мен арпа егілді. Соның 177 мың гектары бидай, 41 мың гектарын арпа құрап отыр. Есеп бойынша биологиялық түсімі 18,5 центнер болады деген болжам бар», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков. Биыл  өңір диқандарының басым бөлігі арпа дақылын егуге ден қойған. Оның басты себебі – гектарлы бидайға берілетін субсидияның алынып тасталуы. Мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржыдан қағылған диқандар жаппай арпа, мақсары, жоңышқа мен сүрлем жүгері егуді қолға алыпты. Соның себебінен биыл арпа көлемі едәуір артқан. «Гектарлық субсидия биыл ақ егіске берілмейтін болды. Тек бізде қазір мақтаның гектары мен тоннасына, жоңышқаға, мақсарыға, жүгеріге, яғни сүрлемге беріліп жатыр. Осыны ескерген диқандар негізінен мал азығына қажетті дақылдар егумен шұғылдануда. Есесіне, бұл үрдістен үркудің қажеті жоқ. Өйткені біздің облысымыз бидай егуді негізгі бағыт ретінде ұстанбайды», – дейді Серік Тұрбеков. Әрине, оңтүстік бидайының сапасын солтүстік бидайымен салыстыруға келмейді. Биологиялық сұрпына сай, жемазыққа өте қолайлы. Алайда жергілікті билік биыл өндірілген бидайдың 70 пайызын ұн өнімдерін дайындауға пайдаланбақ ниетте. Ол үшін солтүстіктен сапалы бидай тасымалдап, жартысын араластырып, нан өнімдерін әзірлеуді жоспарлауда. «Оңтүстік бидайының сапасы төмен болғандықтан, бидайымыздың 70 пайызын ғана пайдаланамыз. Қалған 30-40 мың тоннасын дәнге алып қаламыз», – дейді  басқарма басшысы. Ақ егіс түрі оңтүстіктің барлық аудандарында егіледі. Бірақ биыл Бәйдібек ауданының диқандары 40 мың гектарға дән сеуіп, қамбасын алтын дәнмен толықтырмақшы. Екінші орында Қазығұрт ауданы тұр. Мұнда диқандар 38 мың гектарға бидай еккен. Қазығұрт ауданындағы «Айқожа» өндірістік коооперативіне қарасты егістік алқабына арнайы атбасын бұрып, егіс ору науқанының куәгері болған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аудан басшылығына алдағы жылдары арпа, бидай егіс көлемін арттырып, оны  экспорттау мен тұқымдық сапасын жақсарту мәселесіне назар аударуды тапсырды. «Өкінішке қарай, облысымызда тұқымдық сорттардың зерттеліп, саралануы жоғары дәрежеде емес. Сондықтан шаруалар шамалары келгенше жергілікті сорттарды пайдаланып келеді. Осыған байланысты қазір ақ егіс тұқымдарының сапасын реттеу үшін арнайы  бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Себебі егін егуде тұқымның сапалы болуы өте маңызды», – деді Жансейіт Қансейітұлы. Оңтүстік Қазақстан облысында  биыл 218 мың гектар бидай егіліп, одан 401 мың тонна астық жинау жоспарда бар. Ал Жамбыл облысының диқаншылары гектарына 22-23 центнерден өнім алуда. Солардың бірі – «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-і. «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 11 мың гектар алқапқа астық сепкен. Оның 4380 гектары күздік бидай және 7000 гектар жаздық арпа. Бүгінде орташа алқаптарда гектарына – 22-23 центнерден өнім жиналып жатыр. Егін жинау науқанына 60-қа жуық ауылшаруашылық техникалары жұмылдырылған. Оның ішінде 13 «Джон-дир» комбайндары дән бастыруда. Айта кетейік, «Джон-дир» комбайндарының әрқайсысы күніне 70 гектардың астығын орып, бір тәулікте 800 гектар астықты жинауға қауқарлы. Үстіміздегі жылы Жамбыл облысы бойынша 106,7 мың га алқапқа күздік бидай, 139 мың гектар жаздық арпа, 15 мың гектар дәндік жүгері, 2,2 мың гектар жаздық бидай, 9 мың гектар қант қызылшасы, 87,7 мың гектар майлы дақылдар, 36,8 мың гектар көкөніс және бақша дақылдары себілген. Ал 2016 жылы егіс алқаптарынан жиналған өнімнің орташа көрсеткіші – 24 центнерге жеткен болатын.