- Велик билеген Вена
Еуропаның ең ортасындағы ел – Австрияға тағы жол түсті. Бұрынғыдан өзгеріс те көп, таныс көріністер де жеткілікті. Вена операсы ғимаратының айналасындағы тарантастар баяғыдай. Ежелгі империя астанасының бір сәулеті көне сарайлармен қатар соларда сақталған. Арыны автобустан қатты трамвайлар бұрынғыдай өз жолымен заулап жатыр. Оның 30-дан астам маршруты бар. Вена – тұрғындарының саны Алматымен қарайлас қала. Тек Алатау баурайында трамвай рельстерін қопарып жатыр. Тиімсіз, қауіпті көлік ретінде. Адам қауіпсіздігін ойлауы бізден артық болмаса, кем емес Венада тура Алматыдағы тәріздес ескілері де, енді жасалған УЛФ аталатындары да жолаушы тасуда. Трамвай рельстері кейде көшенің ортасына, енді бірде екі шетіне, тіпті бір тұстарда автокөлік жолдарына оңаша тартылған. Көшенің ретіне қарай.
Бірақ Вена үшін басты көлік автобус та, трамвай да емес. Қазір қаланың көшесін велик билеген. Бұған дейін Амстердам мен Копенгаген көшелеріндегі қисынсыз көп велосипедке қызығып қайтқанбыз. Сол сапарлардан соң «Велик – ең керемет көлік» атты мақала жазғанбыз. Еуропа елдері бұл көлікке көшкелі біраз жыл өтті. Тіпті, тоқсаныншы жылдары біз барғанда велик сиректеу Лондоныңызда одан беріде великтің саны он есе артыпты. Ал Вена манағы Амстердам мен Копенгагеннен кейін жаппай великке жол ашқан Еуропадағы қалалар шоғырына қосылған.
Венада великті өте ызғытып айдайды. Өйткені жаяу жүргіншінің жолы бөлек те, велик жүретін жол бөлек. Әрбіріне шамамен отыз-қырық қадам сайын суреттерін салып қояды. Шатасып кетпес үшін, шамасы. Екі жолдың қиылысып қалатын жерлеріне тұтас көк бояу жағылған. Ондайда велик жүргізуші емес, жаяу жүргінші жан-жағына қарайлайды. Жасыл шам жанғанда көлденең көшені велик мінгендер бір жерден, жаяу жүргендер келесі тұстан кесіп өтеді. Ала-топалаң, қарбалас жоқ содан.
Жұрттың көбі жұмысқа великпен келерін үстіндегі киімдері аңғартады. Жай серуендеп, қыдырып жүрген велик тебушілер қарасы олардан мүлде аз. Әлгі «Астана» командасының велошабандоздары сияқты көк пен сары киімді спортшылар тобын да ара-тұра ұшыратқанбыз. Бәрібір көпшіліктің великті спорт пен серуен емес, күнделікті қажеттілік үшін теуіп бара жатқаны талассыз.
Қаланың барлық жеріне велик жолдары тартылған. Әрбір мекеме, дүкен, тұрғын үйге дейін баруға болады. Қауіпсіз велик жолымен. Ал бізде 2017 жылғы 29 мамырда Астананың Ильинка ауылында велик мінген жолаушыны сарысу таситын көлік қағып кетті. Алып Венада ондай оқыс оқиға болған емес. Себебі сол: әркімнің өз жолы бар. Велик жолдарының картасын да кез келген жерден табасыз. Астанамызда «Ханшатыр» сауда-серуен орталығы мен «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы арасындағы парктегі веложолдың бір тұсы мина жарылғандай опырылып жатыр. Велик мінген біреу соған ұрынып, құлап жатса, обалы кімге болары белгісіз. Опырылған жердің екі жағына да шамамен отыз-қырық қадамдай тұсқа мұның велик жолы екенін білдіретін суретті бояп жатып, тура ортасындағы ойықты жөндемей кеткеніне қарағанда жанашырлықтың атүсті, көзбояу ғана екені аңғарылады.
Венада өз көлігіңіз болмаса 20 еуро тұратын карточка алып, қоғамдық великке отыруға мүмкіндік бар. 120 жерде оны жалға береді. Әрбірінде 20-дан астам велик тұрады. Оның бір сағаты тегін. 55 минут шапқылап келіп, басқасын ауыстырып алсаңыз күні бойы тегін великтен түспеуге болады. Бұл қызметті Астанада да көріп жүрміз, бірақ тегін уақыты екі есе қысқа. Венада мауқыңызды басқан соң карточканы кері өткізсеңіз, әлгі 20 еуроңызды да қайтып береді.
Велик болған соң, оны қоятын тұрақ керек. Бұл әрбір ғимараттың алдында бар. Велик теуіп шөлдегендердің де жағдайы ойластырылған. Парктер мен саябақтарда құтыға ауыз су құйып алатын шүмектерді көрдік. Жаяу жүрсек те бірер тұста шөлімізді содан қандырғанбыз. Тегін. Қазақстанда ақысын бермесең, мысығың тышқан аулауды қойған уақытта мұндағы көшелердегі тегін ауыз судың өзі таңсық. Әр жердегі шүмектен шығатын тегін су – автокөліктен великке ауысқандарды қолдаудың бір тәсілі.
Сосын великті метрода алып жүруге болады. Өзіңізге қолайлы стансаға дейін великті жеткізіп алып, ары қарай шапқылап кете бересіз. Метросы бар қалалар мұны да ескеру керек шығар.
Мұнда велик тебуге деген мүмкіндіктің бәрі не үшін жасалған? Ауаның тазалығы үшін. Адамдардың денсаулығы үшін. Жеткіліксіз жанармайды үнемдеу үшін. Үшеуі қосыла келгенде біз ауыздан тастамайтын «жасыл экономика» дегенді құрайды.
Осы «жасыл экономиканың» келесі мысалы біз үшін бұдан да қызғылықты болып шықты.
- Қуат пен шуақ – қоқыстан
Венаның ортасында қабырғалары өрнекке толы ғимарат бар. Алтын түстес күмбезі мен одан төмен тағы алтын түстес сақинасы алыстан мен-мұндалайды. Бастапқыда телевизия орталығы шығар дегенбіз. Сөйтсек бұл – ...қоқыс жағып, одан жылу мен қуат алатын зауыт екен. Бізді танысуға апарды, таныстық та таңдай қақтық.
Қақпасынан соң екі электронды таразы қойылған. Әр автомашина әкелген қоқыс есеп-қисапқа алынады. Осы тұста «қоқыс» ұғымының өзіне шағын анықтама қажет. Венада Еуропаның басқа қалалары сияқты тұрғындар қоқысты жеке-жеке сұрыптап тастайды. Демек, бөлек жәшіктерге түскен мөлдір және түсті шыны, пластик, қағаз бен металл қайта өңдеуге кетеді. Азық-түлік қалдығы – мал азығы мен биоотын шикізаты. Сонда мына зауыттың бар «азығы» – басқа қалдықтар. Олар да аз емес. Тасталған ескі киім-кешек, аяқ киім, сынған ойыншық, тозған төсек-орын, жиһаз. Кейде мұнда мекемелерден, жеке тұрғындардан контейнермен әлі де кәдеге жарауы мүмкін жиһаздар түрлері түседі. Оларды бірден жағып жібермей, алдымен аукционға қояды екен. Ондай аукцион айдың белгілі бір күні өткізіледі.
Сонымен қоқыстан жылу мен қуат алатын зауытқа келдік. Қос таразыға өлшенген арнайы автомашиналар енді бункерге тоқтайды. Машина мен бункер қақпақтары бір мезетте қатар ашылатындықтан жағымсыз иіс ауаға тарап үлгермейді. Бункердің аумағы 7 мың текше метр. Бастап жүрушіміздің айтуынша, олимпиадалық бассейннен үш есе үлкен. Бункердегі екі алып қысқыш қоқысты әрі-бері сапырады. Бергі жақтағы пульттегі оператор бункер ішін әйнектен де, камерадан да қатар бақылап, бірнеше тетікті кезегімен басып отыр. Бұлай сапыратын сыры – өте үлкен заттар шығып, конверторға барар көмейді бітеп қалмауы керек. Белгілі уақытта екі қысқыш кезекпен конверторға жағу үшін қоқысты тастайды.
Одан арғысы тек компьютер арқылы қадағаланбақ. Ол жерге де келдік. Небәрі екі-үш техник қоқыстың жану, одан жылу мен электр қуаты бөліну барысын қадағалайды. Үлкенді-кішілі көп экран, жылтылдаған тетіктер. Бір жерде өрт сөндіру командасы әзір тұр. Олар мұнда ғана емес, қаланың іргелес аудандарындағы төтенше жағдайға әзір екен.
Бұрын, 1987 жылы бұл қатты тұрмыстық қалдықтарды буып-түйетін зауыт болып тұрғанда өртеніпті. Сосын кәсіпорынды қоқыс жинау емес, оны жағу зауыты ретінде қайта жабдықтау ұйғарылады. Жаңа ғимараттың іші-сыртын безендіру үшін Хундертвассер деген суретші-сәулетшіні қолқалапты. Ол – Австрия үшін аса беделді тұлға. Жанармай атаулыны жақтырмаған. Қайығына желкен қойып, ашық жеріне күн панельдерін орнатып, сонау Жаңа Зеландияға барған. Онда жартысы жерге шөгіп, төбесіне қалың бұта өскен үйді қалапты. Оның алдында Венада тұрғанында балконына ағаш екен пәруәна көрінеді.
Хош, «қоқысты жаққан не сұмдық, оны көму керек қой» деп басында безендіру туралы ұсыныстан бас тартады. Одан жылу мен қуат алынатыны, ал түтін әлденеше рет тазартылатыны туралы айтып, сол тұстағы бургомистер зорға көндіріпті. Сол Хундертвессердің ең танымал туындысы болып сырты армансыз өрнектелген, мұржасы айшықты күмбезге айналған зауыт қалды. Күніне жүздеген турист қабырғаларды былай қойғанда дәретханасын оның қалай безендіргеніне таңдай қағады. Ерлер дәретханасындағы айнаны «осы төртбұрыш дегенді қашан қоясыңдар» деп әлгі шал балғамен бір ұрғаны аңызға айналған. Қазір шеті шытынаған сол айна дөңгелек өрнекті кәсекке салынып, баяғы орнында тұр.
Зауытта жылына 265 мың тонна қоқыр-соқыр жағылады. Қатты қызу суды буға айналдырады. Бу турбинаны айналдырып, одан қуат алынады. Сосын ыстық бу құбыр арқылы 60 мың пәтерді жылытады. Бұдан тысқары Венаның Бас ауруханасы бастаған жүздеген ғимаратты электрмен қамтамасыз етеді. Бас аурухана – қаладағы ең ауқымды, еңселі ғимараттың бірі. Мына Хундертвессер мұнарасы сынды алыстан көрініп тұрады.
Қоқысты жаққанда қалған күл мен шөккен тозаңға цемент қосып, сапалы шемен жасайды. Ол шеменді құрылыс нысандары мен алаңдарының астына құяды. Түтін мұржаға бармас бұрын душтың астынан өтеді. Осы тұста түтіндегі ең қауіпті концерогенді заттар шайылады. Бұл қақты арнайы қапқа салып, жер астында сақтау үшін Германияға жөнелтеді. Одан әрі түтін Хундертвессер сәнді сақина мен күмбез астына жасырған екі сүзгіден өтіп, Вена аспанына шығады. Бір сүзгенде аммьякты тұтып қалып, одан сапалы гипс жасайды. Бәрін көріп, естігенде арзан көмір жағып, Арқаның жарты аспанын түтінге, жарты даласын күл мен тозаңға көметін біздің жылу-қуат орталықтарымыз ойға оралған. Оларды Хундертвессер сынды суретшілер тақырып етсе, тек карикатуралар туғызары талассыз.
Алтын түстес күмбезге сұңқар ұя салыпты. Бұл мұржадан таза ауа шығып жатқанының даусыз дәлелі. Қыран құстардың түтінді жерге жоламайтынын, одан өліп те қалатынын біз – бүркіт баптаған ауылдың баласы, ежелден білетінбіз.
Зауыт қажет суды іргедегі Вена каналынан алады. Жалпы, Вена каналының өз тарихы бар. Бұрын қала Дунай дариясының тасуынан қатты зардап шегетін. Сосын Дунайдың қала ішіндегі арнасын түзулеп, сосын қосарласып жататын үлкен канал тартқан. Өзен мен канал Вена телемұнарасынан қарасаңыз, домбыраның қос ішегі сияқты қаланың өн-бойына созылып жатыр. Арасы жасыл бақ. Жасанды ұзын арал нағыз сейіл құратын жерге айналған.
Зауыт қоқысты жаққан кезде су буға айналып, қаланы жылытуға кетеді. Ал түтінді жуған және басқа қажеттілікке жараған су сосын үш мәрте сүзгіден өтеді. «Бізге каналдан келіп жатқаннан гөрі кері шыққан су таза» дейді мамандар. Оның қызығын форель, біз жақта «патша-балық» дейтін, көріп жатса керек. Форелің де қыран құс сияқты, судың тұнығында жүзеді.
«Жасыл экономиканың» бір мысалы – осы Хундертвессер безендірген зауыт шығар. Ол кісінің өзі бақилық болыпты. Соңында сансыз сурет, архитектуралық пішіндермен бірге білдей бір зауыт қалыпты. Жарықтықта арман жоқ шығар.
Айтпақшы, кәсіпорын ішінде сурет көрмелері, ауласында фольклор фестивалі өтеді. Біз саяси карикатуралар көрмесіне тап болыппыз. Елизавета ІІ патшайымның карикатурасынан бастап, Путин, тіпті, Трампқа дейін тізіліп тұр. «Жетілік» пе, «сегіздік» пе, әйтеуір саяси клубқа қатысушы мемлекет басшыларын күлкі шақыратындай келістіріп салған-ақ. Солтүстік Кореяның көсемін, неміс ханымын, түрік Ердоғанын жазбай танисыз.
Зауытқа күніне жүздеген оқушылар, мыңдаған туристер келіп, экологиялық білімдерін арттырады. Бірнеше топ оқушылар біздің алды-артымызда шулап жүрді. Олар үшін адамның дене күшін электр қуатына пайдаланудың ноу-хау технологиялы ойындары мен құралдары әзір. Әлгі балалар асқан қызығушылықпен әрбірін топ болып та, жекелей де ойнап, электр қуатын мұнай, газ, көмір, ағашсыз қалай алуға боларын ұғып жатты. Мектепте ток қалай пайда болатыны туралы физика пәніне арналған жалғыз көрнекі құралдан басқа ештеңе көрмеген басымыз осы ойындарға қатты құмарттық.
Ал тағы бір тұста электронды тақта тұр. Үлкендігі мектеп тақтасындай. Ол өтіп бара жатқандарды бейнелейді. Еш камера жоқ, алдына келген адамның жылуын сезіп, соны экранға шығарады. Денеңіздің қызулы тұсы қызыл, содан сарғыш, одан жасыл, көк түстермен сұлбаңыз пайда болады. Біздің көзәйнегіміз ағарып көрініп тұрды, демек әйнектен еш жылу бөлінбеген.
Ғылым мен өнер, техника жетістігі мен дизайнер қиялы қатар ұштасқанда керемет әсерленеді екенсің. Көрме емес, музей емес, қоқыс жағатын зауыт бізді мұншалықты ынтызар етер деп, үш ұйықтасақ түсімізге кіріп пе?!
- Күннен қуат алғандар
Австрия – федералды мемлекет. Құқықтары бірдей Жерлерден құралған. Соның бірі Жоғары Австрия жері. Біріне-бірі жалғасқан шоқыларды қалың ағаш жапқан. «Арналы Дунай қайдасың» деп аңғарлардан шығатын шағын тау өзендері ақ көбік болып жатыр. Оларға су электр стансалары орнаған. Ел тұтынатын электр энергиясының үштен бірін баламалы қуат көздерінен алса, оның ішінде өзендердегі шағын стансалардың үлесі көп. Желдің күшін қуатқа айналдыратын үлкен ебелектер ара-тұра көзге шалынады. Тау қойнауларында жеке тұрған үйлер, үркердей шағын елді мекендер баған мен сым арқылы жететін энергияға зәру емес. Әрбір шатырдан, үлкен ғимараттардың күншуақ жақтағы қабырғаларынан нетүрлі күн панельдерін көріп келеміз. Кешікпей осы панельдің өзін жасайтын кәсіпорынға ат басын тіредік.
ERTEX SOLAR аталатын кәсіпорын екен. Маркетинг пен өткізу жөніндегі бас менеджері Дитер Моор қарсы алды. Қазақстанды жақсы біледі. Себебі Астанадағы ЭКСПО-2017-нің бас ғимараты саналатын, Қазақстан павильоны орналасатын «Нұр әлем» көк шарының төбесіндегі ойықтағы күн сәулесінен қуат алатын панельдерді өздері жасаған.
Бұл кәсіпорынның сексен жылдық тарихы бар. Бұрын әйнек шығарса, 2004 жылдан бастап күн панельдерін жасауға көшкен. Бір мүшел уақытта әлемге танымал болды. Басқасын айтпағанда Дубайдағы Жер бетіндегі ең көк тіреген зәулім Халиф мұнарасына электр қуатының елеулі бөлігін ERTEX SOLAR жасаған күн панелдері беріп тұр. Төбе үстіндегі тып-тыныш шағын ауылда әлемнің ең салтанатты қаласы үшін аса қажет өнім жасалды дегенге сенгің келмейді. Бірақ Дубайға барғанда анықтамалықтан Бурдж Халифтің басты қажеттігі – электр қуатын 61 метрлік турбина мен күн панельдері өндіріп отырғанын білгенбіз. Оның қайдан әкелінгенін енді көріп отырмыз.
ERTEX SOLAR панельдері адам тұрмақ аңдарға шуақ беріп тұр. Венадағы Шенбурнн сарайындағы зообақта. Оны қаншама жыл бұрын армансыз тамашалағанбыз. Он сегізінші ғасырдың басында әлемдегі іргелі империяның бірін билеген Габсбургтер әулеті салғызған. Сәулеті жағынан Париждегі Версаль сарайымен бәсекелес. Сол Шенбурннің ішкі ауласы ғажап парк. Бір бөлігінде 1750 жылдан бастап аңдарды асыраған. 1779 жылдан бастап оны келушілер көретін болған. Міне, осы зоопарктегі түрлі аңдар вольерінің төбесіне ERTEX SOLAR күн панельдері қойылыпты.
Дитер Моордың айтуынша, тапсырыс қабылданған соң бұлар алдымен күн панельдерінің жобасын жасайды. Уақыттың көп бөлігін осы жобалау алады. Үлкен вокзалдардың әрі шатыры, әрі қуат берушісі болып шығатын шатырынан шағын балконға дейін жобаға түсіреді.
Архитекторлардың талабы да сан алуан. Негізі күн панельдерінің бергі бетіндегі шыны мөлдір болғаны жөн. Бірақ түрлі құрылыстардың пішімі мен көркін ойлаған архитекторлар басқа түстерді таңдайды. «Клиенттікі дұрыс» деп, тапсырыс беруші қалаған түсті панельді жасайды. Ендігісі әйнектің бетіне қатысты. Оны тапсырысқа сәйкес тегіс, бұдырлы, бүртікті, тіпті толқынды және басқа бедерлі етіп жасай алады. Не керек, әзірге архитекторлар қиялына сәйкес қуат алу панелінің 1400 түрі жасалыпты.
Бірде Швейцариядан «күн панелінің беткі суреті тура ағаш бөрене түріндей болсын» деген тапсырыс түседі. Неге? Ондағы құрылысшылар ғимаратты таза ағаштан салған. Ал шатырын күн панелімен қаптағанда үйдің сыртымен бірдей болуы тиіс. Солай істеп береді.
Тек мынаны ескерген жөн. Әйнектің бергі бетіне сурет көп салынып, бояу неғұрлым қалың жағылса, оның күннен қуат жинауы азаяды. Демек, архитекторлар шабыттың буымен шалқи бермей, күн панелін не үшін қоятындарын ұмытпауы керек.
– Екі мәселені үнемі ойластырып, бір-біріне ұштастырып отырамыз, – деген Дитер Моор. Олар – бағаны төмендету мен архитекторлардың ойынан шығу. Соның арқасында біздің өнімге Жер шарының барлық түпкірінен сұраныс түсіп жатады.
Иә, өнімдерінің дизайны әртүрлі болғанмен, стандарты біреу екен. Бір панель екіншісіне барынша жақындасып, қосылған жері, біздіңше, «тігісі» көрінбей тұруы тиіс. Бұлар жобалап, жасап береді. Оны құрастырып алатын – мердігер компаниялар.
Келесі сөз өнімнің көлеміне қатысты. Қос алақанға сыйып кетер шағынынан ұзындығы 15 метрге жететін күн панельдері жасалады. Оны тасымалдап, қажет жерге жеткізуге де шеберлік керек. Жобалау барысында соның бәрі ойластырылған.
Бұл кәсіпорынның Халиф мұнарасы мен «Нұрлы әлемге» жөнелткен өнімінен басқа тағы бір мақтанышы – АҚШ-тағы Техас музейінің сыртын қаптаған күн панельдері. Олар жылжымалы болып жасалған. Тәуліктің қараңғы мен жарық кездеріне орай тік қалыптан көлденең күйге ауысады. Сол арқылы музейдегі жәдігерлердің жақсы көрінуін қамтамасыз етеді. Оның үстіне іштегі құнды заттарды сәуле мен радиациядан сақтайды. Мұның бәрі басты қажеттігі – күннен қуат алуынан басқа, қосымша атқаратын міндеттері екен.
Біздің Тарбағатай қойнауында жатқан аядай ғана Үштөбеміз сияқты Альпі баурайындағы шағын ауылдан Дубай, Техас, Астананың салтанатын арттырып, қуатын еселеп жатқан өнім шығатыны қайран қалдырған. Хош, ERTEX SOLAR панельдері күннен қуат өндіреді екен, ал оны жинақтап, сақтап тұратын өнім, яғни аккумулятор қайда?
Альпі қойнауын шарлаған автобусымыз әрі қарай қозғалған. Тағы да бір бұдыры жоқ жолмен ылдиға түсіп, шоқыға өрлеп келеміз. Әр тұста жеке тұрған үйлер. Бәрі күн панелін орнатып алған. Сол арқылы үкіметке алақан жайып, қуат сұрамайды. Қайта керісінше өздерінен артылған электр энергиясын үкіметке сатады. Баяғыда Кеген жақта ауылдықтар қолдағы сиырының артық сүтін өкіметке өткізіп, қант-шайын айыратын еді.
Сонымен Райнбах атты ауылға жеттік. Бергі шетте бір төбенің етегіне жаңа зауыт салыпты. Атшаптырым ауласын енді асфальттап жатыр. Маңдайшасына «Kreisel Elektrik» екенін білдіретін фирмалық белгісін жаңадан іліпті.
Ғимараты алтыбұрышты болып салынған үлкен зауыттың төбесі мен автокөліктерге арналған қалқасының үстіне күн панельдері қойылған. Жұмысты кезінде үш контейнердің ішінде бастаған. Азғана жылда мынадай үлкен зауыт салуға жетті. Біздегі сияқты әлдебір мемлекеттік бағдарламаға ілігіп, жоғарыдан түскен қаржыға қарық болу емес. Маңдай термен толығу, ақылмен табандап жылжу.
Ағайынды екі жігіттің тірлігі ертегідей. Бастапқыда олардың әкесі электр қуаты арқылы жүретін бір көлік сатып алады. Оны көрген екі баласы газбен жүретін «Ауди» автокөліктерін электрмен жүретін етіп қайта жасауға кіріседі. Мұнда, ең бастысы, қуатты сақтайтын аккумулятор мен трансмиссия екені түсінікті. Міне, осыларды шығаруға бел буады.
Ары-бері зерттейді, алғашқы үлгілерін жасайды. Нәтижесінде «Ауди» өртенеді. Сәтсіздік оларды алған беттерінен қайтармайды. Қайта одан да жіті зерттеп, дәл қимылдауға үйретеді. Не керек, ақыры күн қуатын жинап, сақтайтын, сосын керегінше пайдалануға беріп тұратын аккумулятор мен оның қуатын қозғалысқа айналдыратын тетікті жасап шығады.
«Фольксваген» компаниясындағы «Гольф» автомобильдеріне қазір осы компанияның 55,7 киловаттық аккумуляторы салынып, электромобильге айналып кетті. Мұнша қуат 400 шақырымға жетеді. 20 минутта қайта зарядтап алуға болады. Ал «Шкода» компаниясындағы «Yeti» электромобильдеріне орнатқан қуат бергіштері 180 шақырымдық жылдамдықпен зырлағанда 350 шақырымға еркін барады. 120 киловаттық аккумуляторлары орнатылған микроавтобустары сағатына 130 шақырымдық жылдамдықпен 300 шақырымға апарады. Ақыр аяғында жылдамдықты ұнататын, спорттық стильдегі көлікті де жанармайсыз жүргізуге жетіпті. Бұлардың қондырғысы салынған «Порше» автомобилі сағатына 300 шақырымдық жылдамдықты ұстап, 450 шақырымға барады. Әлбетте 360 киловаттық аккумуляторды толық зарядтап алуға төрт сағаттан астам уақыт керек.
– «Тесла» бәсекелес емес пе? – деп сұрағанбыз реті келгенде.
– Жоқ, өйткені біз толық автомобиль жасамаймыз, – деген жоба жетекшісі Юрген Соннлейтнер. – Түрлі маркадағы автомобильдерге лайықталған аккумуляторлар мен трансмиссиясын ғана өндіреміз. Бірақ өніміміздің тиімділігі «Тесладан» 15 процентке артық екенін айта аламын.
Қазір олардың қуат жинағыш құрылғылары Батыс Еуропаның жеке үйлерінде жұмыс істеп тұр.
– Жеке үйге 5 киловатт-сағаттық аккумулятор жетеді. Ал бір киловатт-сағатты сақтау үшін біздің өнімнің салмағы 4 килограмм болуы керек, – деп біраз есеп-қасаппен айналыстырған Юрген Соннлейтнер. – Сонда коттедж тұрғындары салмағы бар болғаны 20 килограмдық қуат сақтағыш арқылы толық дербес энергия жағдайында өмір сүре алады.
«Kreisel Elektrik» компаниясына енді Австрияда көп қабатты үйлер салатын құрылыс компаниялары тапсырыс бере бастаған. Үйдің қабырғасы мен төбесіне ERTEX SOLAR күн панельдерін орнатып, ішке «Kreisel Elektrik» жасаған аккумуляторды қойса, толық энергетикалық тәуелсіздікке қол жетеді. Әрі экологияға еш залал келмейді. Оның үстіне бізде жиі айтылатын «отандық өнімді қолдау» болып шығады.
Юрген Соннлейтнердің сөзіне қарағанда қазір олардың аукумуляторлары мұхиттағы кемелер мен әуедегі ұшақтарға орнатыла бастаған. Енді ғарыштың бергі жиегіне дейін жетпекші. Өйткені Швейцариядағы Рафаэль Домян деген жиһангез Жерден 25 шақырымға дейін көтеріліп ұшатын ұшақ жасап жатыр. Оның сырты, әсіресе 25 метрлік ұзын қанаты күн панельдерімен қапталған. Ал ішіне осы Юргендер жасаған қуат жинағыш орнатылған.
– Себебі біздің өніміміз минус 70 градус суықта жұмыс істей береді, – деген әңгімелесушіміз.
Әзірге, 2017 жылдың маусымында алғашқы сынақ сапарлары басталды. Ұшақ та, оның күн панельдері мен аккумуляторы сыр берген жоқ. Күн шуағын пайдаланып қана ұшатын ұшақтың стратосфераға сапары 2018 жылдың жазына жоспарланған.
Бұл компанияның өніміне әскерилерден, оның ішінде НАТО құрамындағы елдер қарулы күштерінен тапсырыс түсе бастады. Олар енді шөл мен тауға дизель моторы мен жанармайын тасып әуреленбейді. Контейнер түрінде жасалатын қуат жинап-таратқыш сағатына 2 000 киловатт бөле алады. Ол кез келген әскери қосынды толығымен қамтамасыз етеді.
Тағы не қосуға болады? Бұлардың аккумуляторы жиналған қуатты 6 айға дейін сақтайды. Өздері он жыл үздіксіз пайдаланады. Одан әрі де кәдеге жарайды, бірақ жинайтын қуат мөлшері бастапқыдан аз болады.
Сөз соңында Юрген Соннлейтнердің ең маңызды цехтарда фото және бейне түсірілім жасауға рұқсат етпегенін айта кетелік. Демек, кезінде екі ағайынды жігіттің табандап ізденіп, өздері ғана қол жеткізген технологиясы бар. Үш контейнердегі цехтан алты бұрышты алып зауыт салуға жетісудің басты түрткісі де сонда жатқанын шамалаймыз.
Жоғары Австрия жерінде ERTEX SOLAR-дың күн панельдері қуат өндірді, оны «Kreisel Elektrikтің» аккумуяторлары жинақтап алды. Енді не істеу керек?
Мұны бізден бұрын Йохан Хоммершмид деген ізденгіш кісі жүзеге асырып қойыпты. Өзінің жасы алпысты алқымдаған. Жиырма жылдан бері машина жасаумен айналысқан. Жалпы, Австрия түрлі машиналар шығаруда ең озық елдің бірі. Бірақ мұнда алып зауыт жоқтың қасы. Бәрі осындай шағын ауылдардағы шағын цехтар мен кәсіпорындарда жасалады.
Хош, Хоммершмид не істеді?
– Он жыл түрлі машиналарды шығарып көрдім. Сосын автоөндіріске бет бұрдым. Ақыры 2010 жылы мына жобаға кірістім, – деп қызыл, жасыл және көк түсті үш мотоциклді көрсетті.
Бұрын біздің көзіміз көріп, құлағымыз естімеген марка – «JOHAMMER». Бұлар да электр қуатын жинақтайтын аккумулятордың арқасында жүйіткиді. Яғни, қоршаған ортаға еш зиянсыз. Екіншіден, жүргенде еш дүріл мен шуыл шықпайды. Демек, маңайдағы тұрғындардың мазасын алмайды. Біздің есімізге төрт-бес жасымызда алаңсыз ойнап жатқанымызда ауылдың желке жағындағы жотадан тырылдап түскен мотоциклден қатты қорыққанымыз, содан тіліміздің тұтығып қалғаны түссін. Өткенге өкпе жоқ. Енді Йохан сияқты болашаққа қарайтын жандармен жүздескенге не жетсін.
Йохан мырза өнертапқыш, кәсіпкер болудан бұрын терең ойлайтын философ көрінеді. Мына өнімді қалай жасағанын емес, өмірге деген көзқарасын айтып жатты. Оның айтуынша, адамдар көп ретте бұрынғы технологияның құлы болады. Ойдағы қуаты мен бойдағы қозғалысты байырғы бағыттан бұрғылары келмейді. Алдымен автомашина жасаса, сосын оны жөндейтін станса салады. Ал неге бірден еш бұзылмайтын автокөлік жасамайды?
Міне, кәсіпкер ойлана келе үш принципті көздейді. Біріншісі, ол жасаған көлікке техникалық күтім қажетсіз болуы керек. Екіншіден, ешқашан қоқыр-соқырға айналмауы керек. Үшіншіден, үнемді болуы керек. Демек, жанармай талап етпейді. Сынбайды, сынбаған соң қоқысқа тасталмайды.
Идеалды мақсатқа жету мүмкін емес, бірақ оған ұмтылмау ұят, – деп бір тұжырып тастаған осы тұста.
Жасап шығыпты. Көрдік. Отырдық. Үсті тұтас композиттті материалдан құйылған. Дөңгелектері жел үрлеуді талап етпейді. Жарық түсіретін шамы ұзыншақ қуыс түрінде. Шеге тұрмақ біз сұғып дөңгелегін жара алмайсың. Таспен ұрсаң да не шамы, не сауыты сынбайды.
Атақты Харлей-Давидсон фирмасын есіне салып, «олармен бәсекелес боласыздар ма?» деп сұрағанбыз.
– Әлем кең, бәріне орын жетеді, – деп алдымен философиялық жауап берген. Сосын нақтысына көшті. – Оларды білмеймін, ал біздің көлігіміз қиратушыларға емес, Жерді қиратушылардан қорғаушыларға арналған. Сондықтан бір-бірімізбен бәсекелес емеспіз.
Бизнес деген сала төзімділікті талап етерін айтты. Өзі үшін бизнес әсте, экономикалық мүмкіндік мәселесі емес. Бизнес – ақша емес, бар болғаны: ақыл мен өзгертуге құштарлық.
– Мен жаңа уақыттың, жаңа ілкімділіктің үлгісін жасаймын. Басқасын басқалар жасасын, – деп ойын түйіндеген.
Иә, түтінсіз, бірақ күтімсіз емес Австриядан көргеніміздің бәрі осы Йохан Хоммершмидтің сөзімен түйіндеуге болады екен: мұнда жаңа уақыттың үлгісі жасалуда. Жанармайды «жарықтық» ететін уақыттың үлгісі.
Қайнар Олжай
Астана-Вена-Астана