ҰБТ-2017: Алматы түлектері оқ бойы озық

ҰБТ өз мәресіне жетті. 20-27 маусым аралығында өткен сынақтың қорытындысы жарияланды. ҰБТ-ға қатысуға 92 827 түлек ниет білдіріп, олардың 67 627-сі (76,3%) қазақ тілінде және 20 968-сі (23,6%) орыс тілінде тапсыруға өтініш берген, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
ҰБТ-ның өткізу ережесі мен тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін тестілеуден 12 адам шығарылған. Тестілеу барысында 85 446 тыйым салынған зат, соның ішінде 43 394 электрондық құрылғы (смартфон, роутер, модем және т.б) және 42 052 қағаз жүзінде (шпаргалка, оқулықтар) алынды.
Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназия түлегі Саят Тасан ең жоғары 139 балл жинаған. Тағы 7 адам 138 балл жинады.
Шектік деңгейден өте алмағандар саны 14 066 адам (15,8%).