254
Ұлт саулығы – басты назарда
Ұлт саулығы – басты назарда
Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласындағы «Ауыл – береке» базарында Консалтингтік кеңес орталығы біраз жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда үнемі қоғамдық тыңдаулар мен қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылады.
Орталыққа жыл басынан бері 300-ден аса тұрғындар келіп, түрлі сұрақтар бойынша кеңес алды. Бұл жолы орталықта №9 қалалық емхананың әлеуметтік қызметкерлері Айнаш Әубәкірова мен Әсел Кенжееваның қатысуымен «Баршаға арналған тегін медициналық күн» атты акция өтті. Өздеріне берілген бірнеше сағат ішінде базар жұмысшылары мен тұтынушылардың артериалдық қан қысымын өлшеп, мазалаған сауалдарына арнайы мамандар жауап берді. Сондай-ақ, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын қалыптастыру жолдары туралы пайдалы ақпараттар жазылған нұсқаулық материалдар берілді.
Тегін медициналық кеңес алуға кезекте тұрғандар легі өте көп болды. Тараз қаласының тұрғыны Саймагүл Михралиқызы мұндай акциялар жиі-жиі өткізіліп отырса, нұр үстіне нұр болар еді деген тілегін жеткізді.
– Базарға келгенімде өзімді жайсыз сезіндім. «Тегін медициналық көмек беріліп жатыр» деген хабарды естіп, қан қысымымды өлшеттім. Сол кезде қан қысымымның төмендегенін айтып, дәрі-дәрмек жазып берген дәрігерлерге алғысым шексіз, – деді қала тұрғыны.
«Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Баққелді Тұрсынбек мұндай акциялар кеңес орталығында үнемі өткізіліп тұратынын айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік кірістер департаменті, прокуратура өкілдері және мәслихат депутаттарының қатысуымен де қоғамдық қабылдаулар жиі өтеді. Көтерілген мәселелер сол жерде лезде шешіледі.
– Осындай акциялар арқылы халықтың қаншалықты деңгейде қиыншылықпен бетпе-бет келіп отырғанын біліп, тұрғындардың партияға, тиісті билік органдарына деген сенімін қалыптастырамыз, – деді Бакқелді Ғабдоллаұлы.