317
Жұмсалған әр тиын – бақылауда
Жұмсалған әр тиын – бақылауда
Ақтөбе қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында он мектеп салынуда. Оның алтауы биыл пайдалануға берілмек. Ал қаржының тиімді жұмсалуы облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанынан құрылған «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» комиссиясының бақылауында.
Білім беру нысандарының құрылысы туралы баяндама жасаған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жандос Байырхановтың айтуынша, 10 мектептің құрылысы үшін 12 млрд 890 млн теңге ақша бөлінген. Қазір 822 млн теңге қаржы игерілді.
– 320 орындық мектептердің бірі «Батыс-2» ауданында орналасқан. Мердігері «ЭлитстройсервисАктобе» ЖШС. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс 75-80 пайызға аяқталған. К.Нокин ауылындағы 320 орындық мектеп құрылысы да 80 пайызға дайын. Жалпы қаладағы мектептердің құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Желтоқсан айында тапсыруды жоспарлаған кейбір мектептердің құрылысы оқу жылына дейін, ертерек аяқталады, – деді Жандос Байырханов.
Баяндамадан соң комиссия жетекшісі Жеңісгүл Мұхамбетпаизова Ақшат-2 ауылындағы 320 орындық мектеп құрылысы баяу жүріп жатқанын тілге тиек етті. Қала әкімінің орынбасары жаңа жобамен салынып жатқан мектептің 100 пайыз негізі қаланып, кәріз, су жүйелері тартылғанын мәлімдеді. Мектеп құрылысын жүргізіп жатқан «ТрейдИнтерКом» ЖШС-не сенім білдіріп, мердігер жылдың аяғына дейін ішкі жұмыстарына кірісетінін жеткізді.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандардың құрылысы да «Нұр Отан» партиясының жіті қадағалауында. Апта басында партия фракциясы жанындағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, су және жылумен қамту желілерін жаңарту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша, бюджеттік және ҚР Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді пайдалануды бақылау жөніндегі комиссиясының мүшелері Ақсу қаласына барды. Олар қалада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан екі тұрғын үйдің құрылысымен танысып қайтты.
Рейд барысында Молодежная көшесіндегі екі 5 қабатты 80 пәтерлі үйлердің құрылысы жоспарға сәйкес жүріп жатқаны белгілі болды. Мердігер ұйымдардың бірі «Б-АДК» ЖШС-нің өкілі Марат Әшитовтің айтуынша, құрылыс жұмыстары 2017 жылдың соңына дейін аяқталмақ.
– Қазба жұмыстары мәресіне жетіп, іргетасты орналастыру жүргізілуде. Барлық техника өзіміздікі, жалға алынған машиналар жоқ. Жұмысшылардың барлығы жергілікті азаматтар. Жалақы уақытында төленеді, – деп сендірді Марат Әшитов.
Облыстық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Анатолий Бойчин құрылыс жұмыстарына көңілі толатынын айтты.
– Бүгінде мердігерлер штат бойынша, қаржыландыру мен құрылыс материалдарынан тарлық көріп отырған жоқ. Материалдар Павлодардікі. Бұл әрине, бізді қуантады. Алайда қаптамалық кірпіш сапасына қатысты мәселелер бар. Міне, осы орайда бізге бірлесе жұмыс істеу керек, – деді депутат. Партия мемлекеттік бағдарлама аясындағы жобалардың тиімді жүзеге асуына жағдай жасап, бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуын бақылауды жалғастыра бермек.