652
Саны көп ұлттың сапасы мықты
Саны көп ұлттың сапасы мықты
Биыл Қазақстан халқының саны 18 миллионға толуы мүмкін. Шүкір. Қазақ еңсесін енді тіктей бергенде, төтенше зұлмат халықты ауыр нәубетке шыратып үлгеретін. ХХ ғасырдың басындағы 6 миллион қазақ ұлы ашқтықтан соң 2,5 миллионға кеміп, сіңіріне ілініп қалды. 30-жылдардағы ашықты айтып отырмыз. Осы ұрпақ өсіп-өніп, араға сексен жыл уақыт салып, 10 миллионнан енді асты.
ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ халқының саны бойынша деректер ала құла. Ол кезде адам санымен емес, шаңырақтың санымен есеп алған. Осылайша бір шаңырақтың адамдары шамамен алынып, нақты дерек күмәнділеу болып шығатын. Әйгілі орыс зерттеушісі, қазақ даласын шұқшия зерттеген А.Левшин ХІХ ғасырдың басында үш миллионға жуық қазақ болғанын жазады. Онда да бұл жобамен алынған есеп. Левшин капитан Андреевтің деректерін негізге ала отырып, Ұлы жүзде – 500 мың шаңырақ, Орта жүзде – 210 мың шаңырақ, Кіші жүзде – 190 мың шаңырақ болған дейді. Сонда бір отбасында орта есеппен 5-6 адам болса, қазақтың 1830 жылдардағы жалпы саны – 2,5-3 миллионның айналасында. Өйткені халқымыз мал-жанының санын ешқашан нақты айтқан емес. Шамалап, тұспалдап қана жеткізген. Бұл ұлтымыздың бір нәрсенің санын айтса көз тиеді, азайып қалады дегеннен қашқаны. Сондықтан қазақтың саны да жобамен ғана алынған.
Бұл деректі тарихшы Е.Бекмаханов та өз монографиясында растай түседі. ХХ ғасырдың ортасында жарық көрген еңбегінде адам мен шаңырақ санын ашып көрсетеді. Кіші жүзде 500 мың адам яғни 100 мың шаңырақ бар. Орта жүзде 468 мың адам, яғни 116 мыңнан астам шаңырақ бар. 1860 жылы 550 мың адам, сәйкесінше 95 мыңдай шаңырақ болған. Бұл деректерге назар салсақ, 1830-1860 жылдары қазақтың жалпы саны 1,5 миллион ғана болып шығады.
Кеңес Одағы тұсында бұл деректерді тарихшы Б.Сүлейменов те зерттеді. В.Григорьев, Мейер, А.Машкеевтердің мәліметтеріне сүйене отырып, 1867-1868 жылдардағы реформа кезінде екі миллионға жуық қазақ болғанын келтіреді. Ал Әлихан Бөкейхан облыстық шолуларды негізге ала отырып, 1908 жылы 5 миллион 64 мың қазақ бар деп жазады. М.Тынышбаев 1917 жылы қазақ жерінде қазақтардың саны 6,3 миллионнан асып жығылатын деп көрсетеді. Ол республикадан тыс өңірлердегі қазақтардың санын да нақтылап көрсетеді. Бірақ қандай дереккөзге сүйенгені туралы мәлімет жоқ. Сол кезеңде Қытайда – 450 мың қазақ, ал Ауғанстанда – 100 мың қазақ бар деп көрсеткен. Айта берсек, қазақ халқының әр жылдардағы саны туралы деректер сан түрлі. ХХ ғасырдағы алапат ашаршылықтан кейін қазақтың саны күрт кеміді. Халқымыздың тең жартысы қырылып, жұрт еңсесін енді тіктей бергенде қанды соғыс етектен тартты. Онда да қаншама жұрт қынадай қырылды. Әсіресе, ер адамдардың саны әйелдерден бірнеше есеге азайды, соның салдарынан 70-80 жылдардағы бала сүюге қабілетті жастар саны азайып шыға келді. 90 жылдары қазақ халқының саны көбейгенімен, әлемдегі қаржылық дағдарыс пен елдегі тоқырау бала сүюді азайтты. Сөйтіп, қазақ халқының тарихындағы тағы бір демографиялық топтың мүмкіндігі ортайып қалды.
Тоқыраудың отыз жылдан кейінгі зардабы
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміздің ауыр халді бастан кешкені мәлім. Талай жылға созылған тоқыраудың тұсында бала туып, халық санын көбейтуді ойлауға кімнің мұршасы болды? Айталық, Кеңестер Одағынан кейінгі қазақ тарихында туудың ең азайған тұсы осы – 90-жылдар. Бұл жылдардағы халықтың саны – 16 миллион. Осы жылдары туылған балалардың саны аз, сәйкесінше олардың отбасын құрып, ұрпақ өсіруі де алғашқы топтың санына тікелей байланысты. Алдын ала болжам бойынша, 2050 жылы Қазақстан халқының саны 25 миллионға жуықтауы тиіс. Бәлкім, бұл көрсеткішке ертерек қол жеткізер ме едік? Әттең, 90-жылдары туылған ұрпақтың санына байланып отырмыз. 90-жылдары дүниеге келген ұрпақ 2016-2026 жылдар аралығында отбасын құрып, бала сүюге қабілетті болмақ. Өкінішке қарай, тап осы жылдары дүние есігін ашқан ұрпақтың саны аз. Сарапшылардың айтуынша, биылдан бастап туу көрсеткіші төмендейді және бұл үрдіс алдағы он жылға созылады. Бұған дейінгі жоғары көрсеткіштерді алдағы он жылда қайталай алмайтынымыз өкінішті. Ал 2026 жылдан бастап 2005-2010 жылдары туған ұрпақ бала сүюге қабілетті болмақ. Олай болса, он жылдан кейін ғана туу көрсеткішінің түзелгенін бақылай аламыз. 2000 жылдардан бергі ұрпақ 90-жылдардың тоқырауын көрген жоқ. Ел экономикасы түзеліп, өмір сүру көрсеткіштері жақсара бастаған тұста отандастарымыз да дүниеге көптеп сәби әкеле бастаған. Ендеше тағы бір он жылда қазақ халқының көбеюіндегі тұрақтылыққа қол жеткізе аламыз. Тұрақтылық отбасының жағдайы жақсы болғанда ғана жүзеге аспақ. Халқының санын көбейту мақсатында посткеңестік елдер әр түрлі қадамға барғаны белгілі. Айталық, Әзірбайжан мен Башқұртстанда бес баласы бар отбасыға астананың қақ ортасынан тегін пәтер беріледі деп ынталандырды. Ал Өзбекстан халық санын көбейту үшін дүркін-дүркін мемлекеттік бағдарлама қабылдап, орындалу барысын жіті қадағалады. Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы, әлеуметтік көмек, әлеуметтік жеңілдіктер, білім алу мен пәтерақы сияқты мәселелер де назардан тыс қалмады. Қазақстан да халық санын туу есебінен көбейту бойынша маңызды бағдарламалар қабылдағаны белгілі.Көпбалалы отбасылар қамтылса...
Әлемде халық санын туу есебінен көбейтіп отырған елдер аз. Олар басқа да тетіктер арқылы халық санын ұлғайтуға күш салуда. Мәселен, кәрі құрлықтағы дамыған мемлекеттер, АҚШ пен Канада соңғы жылдары тек миграция есебінен ғана көбейді. Соңғы елу жылда осы елдерге күнкөріс қамы үшін аттанғандар қазір сол елдің толық немесе жартылай азаматы. Алайда халықаралық сарапшылар, бұл ағын алдағы он жылда тоқтайды деп болжап отыр. Міне, осы кезде халық саны көбеюдің орнына, кемуі әбден мүмкін. Ал бұл жағдай біздің елімізде қалай? Қазақстанға күнкөріс көзі үшін келіп, қоныстанып қалған Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары бар. Бірақ дәп соншама адам Қазақстанды тастап, Ресей азаматтығын алуда. Тәуелсіздік жылдары халық саны кеміген жоқ. Қайта біртіндеп көбейіп келеді. Ал көпшіліктің әлеуметтік жағдайы көп бала туып, оны асырауға қауқарсыз. Мысалы, алты баласы бар анаға «Күміс алқа» беріледі. Оның ай сайынғы жәрдемақысы – 8 мың теңгеден сәл асады. Алты баласы бар анаға атаулы көмек, көпбалалы ана болғандықтан берілетін жәрдемақылардың жалпы көлемі ай сайын 50 мың теңгедей. Бұл аз ба, көп пе? Бір адамның өмір сүруінің ең төменгі көрсеткіші – 23 мың теңге. Көптеген зерттеушілер, әр балаға 23 мың теңгеден есептеліп, көпбалалы ана 100 мың теңгенің үстінде жәрдемақы алуы тиіс дейді. Ең өкініштісі, аз жәрдемақыны аналарға кешіктіріп жеткізетіндер азаяр емес. Таяуда Кентау қаласының көпбалалы аналары жергілікті әкімдікке басып кірді. Әбден ашынған аналардың дауы – өздеріне тиесілі жәрдемақыны уақтылы алу. Кентаудағы көпбалалы ана Айнұр Айтбаеваның алатыны – 14 мың теңге. Оның өзін кешіктіріп беретін көрінеді. «Осы титімдей ғана ақшаны ың-шыңсыз-ақ беруге болады ғой. Шенеуніктерге айқай-шумен келмесең ала алмайсың. Ең сорақысы, шенеуніктер баланы мен үшін туған жоқсың деп қайтарып жібереді», – дейді. Елдегі демографиялық ахуалды оңалтудың жағдайы осы. Бес баламен аналарға жұмыс істеу де оңай емес. Тапқан табыс балалардың балабақшасын да ақтамайды. Осы орайда мынадай бір мәлімет жоғары жақтағыларға ой салуы тиіс. Егер бір отбасының бес баласы болса, 56 мың теңге жәрдемақы алады, егер бес бала бағып алса, 300 мыңға жуық жәрдемақы беріледі. Бұл өз балаңды емес, басқаның баласын асыра дегенді насихаттау ма? Әлде мүлде бала таппаңдар дегенді жеткізу ме? Әйтеуір, келесі жылдан бастап атаулы көмек пен көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы 25 пайызға көбейеді. Халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа сипаттағы әлеуметтік көмек жүйесі арқылы атаулы әлеуметтік көмекті күшейту, жәрдемақы мөлшерін көбейту және оны тағайындау іс-әрекетін жеңілдету мәселелері шешімін табады. Ол көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін үш жәрдемақының орнын басады. Яғни, жәрдемақы жеке азаматтың, отбасының кірісіне қарамастан тағайындалатын болады. Бұл көмекке жұртшылық 2018 жылы ғана қол жеткізе алады.Миллиондар қаласы көбейіп келеді
Былтыр Астананың миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Қарапайым отбасында дүниеге келген Саида есімді қыздың әке-шешесіне Астана төрінен пәтер берілді. Осы кезде алматылықтар Алматының миллионыншы тұрғынын еске алды. 1981 жылы оңтүстік астанада миллионыншы тұрғын – ұл бала дүниеге келген еді. Алматының миллионыншы тұрғыны болған Бауыржанға қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы батасын беріп: «Бауыржан деп атын қойған сәбиге батамды беремін. Дені сау, нағыз жігіт болып өссін. Ұлы Отанымыздың мықты азаматы болуына шын жүрегіммен тілектеспін», – деген еді. Өмірге келген ұл балаға сол кезде «Алматы қаласының миллионыншы тұрғыны» деген алқа тағылып, қаланың символикалық кілті табыс етілген. Ол қазір панфиловшылар музейінде сақтаулы. Ал 2013 жылы Алматы қаласында тағы бір қуанышты жайт тіркелді. Дүниеге 1,5 миллионыншы тұрғын келді. Одан бері төрт жыл өтті. Қала халқы ресми бір жарым миллион болғанымен, шын мәнінде екі миллионға жуықтаған. Демографтардың болжамынша, мұндай жағдай қаланың әлеуметтік өміріне кері әсерін тигізеді. Айталық, балабақша мен мектептерде кезек көбейіп, ауруханаға тіркелу қиындайды. Оның үстіне облыстардан келетіндер саны да аз емес. Жақында Алматы облысында 2 миллионыншы тұрғын дүниеге келді. Еңбекшіқазақ ауданында туған сәбидің ата-анасын өңір басшысы Амандық Баталов құттықтап, пәтер кілтін табыс етті. Негізі, туу көрсеткіші бойынша бірнеше облысты ғана ерекшелеп айтуға болады. Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Жамбыл облыстары. Елімізде дүниеге келетін әрбір тоғызыншы нәресте Алматы перзентханаларында іңгәлайды. Қазір Алматы қаласында 1,6 миллионнан астам халық бар. Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленовтің мәлімдеуінше, туу көрсеткіші ең төмен аймақ – Солтүстік Қазақстан облысы. Ал ең жоғары аймақ – Маңғыстау өңірі. 2016 жылы дүние есігін ашқан шақалақтардың жалпы саны – 400 мың. Оның ішінде 207 мың ұл, 193 мың қыз бала. «Соңғы жылдары ұлдар көптеп туылуда. Биылғы жылдың сәуір айында 29 мың ұл, 15 мың қыз туылды. Ұлдар екі есе көп туылған», – дейді Руслан Дәленов. Руслан Дәленов енді халықтың санын он жылда бір рет емес, секунд сайын бақылап отыруға болады дейді. «Аймақтардан алынған деректерді жарияламағанымызға бірталай уақыт болды. Халық санағы он жылда бір рет жүргізіледі. Бірақ халықтың саны бойынша мәлімет әлсін-әлсін жиналып отырады. Қазір онлайн есептегішті қосуды жоспарлап отырмыз. Оның көмегімен кез келген азамат елімізде қанша адам тұратынын секунд сайын бақылап отыра алады», – деді. Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдарқұловтың мәлімдеуінше, 1 мамырда 17 миллион 994 мың адам тіркелген. Былтырғы жылмен салыстырғанда халық саны 1,4 пайызға артып отыр. Туу көрсеткіші отбасының әлеуметтік ахуалымен тікелей байланысты. Балалар құқығы бойынша уәкіл Зағипа Балиева отбасы, жастар және балаларды қорғау бойынша жеке ведомство құруды ұсынғаны есте. Жастар мәселесі бір министрлікте, балалар құқығы екіншісінде, ал отбасы мәселесі ешкімнің құзырында емес деп дәйек келтірген еді. Расында, елімізде отбасылық мәселелері әр түрлі деңгейде қаралып, нақты бір ведомствоның құзырында қатаң қадаланған емес. ІІМ Қалмұқанбет Қасымов келтірген деректерге сүйенсек, 12 мың нашар отбасы полицияның профилактикалық есебіне алынған, онда 16 мыңға жуық бала бар. Былтыр бір жылдың ішінде балаға дұрыс тәрбие бере алмаған 5,5 мың ата-ана әкімшілік жазаға тартылса, балаға зәбір көрсеткен 44 дерек тіркелді. Жылына 1 мыңға жуық ата-ана соттың шешімімен ата-аналық құқығынан айырылады. P.S. Қытайда жыл сайын 18 миллион сәби дүние есігін ашады. Бұл елдің ғалымдары ұлтымыз қартайып бара жатыр деп дабыл қағып, 1970 жылдары енгізілген бала тууға шектеуді жойғызған болатын. Яғни ата-аналардың бірі отбасында жалғыз өскен болса, оларға өмірге екінші баланы әкелуге рұқсат беріледі. Бүгінде осы аз ғана жеңілдіктің нәтижесі белгілі болып отыр. Біз тәуелсіздік алған жиырма алты жылдың ішінде алғаш рет 18 миллионға жуықтадық. Біз үшін бұл – үлкен қуаныш болса, көршілес аспанасты елі үшін жыл сайынғы көрсеткіш.