201
Ташкентте түрік банкі ашылады
Ташкентте түрік банкі ашылады
Өзбекстанда алдағы екі айда түріктің Зираат Банкі (Ziraat Bank) ашылады. Бұл туралы 20 маусымда Өзбекстан сауда-өнеркәсіп палатасының кезектен тыс съезінде республика премьер-министрі Абдулла Арипов хабарлады.
Оның айтуынша, Зираат Банк филиалы ашылған соң, Түркия үкіметі Өзбекстандағы шағын кәсіпкерлікті несиелеу үшін 500 миллион доллар бөледі.
Зираат Банк – Түркияның ірі қаржы ұйымы, 1863 жылы құрылған. Ол әлемнің 18 елінде банк қызметін көрсетеді.
Бұған дейін хабарланғандай, алдағы уақытта Өзбекстанда түріктің ірі Demir Holding компаниясы қайтадан жұмыс істей бастады. Компания өзбек бақылаушы органдары тексере бастаған соң, 2010 жылы елден кетіп қалған еді.
Еске салайық, биыл мамырда Ташкентте өзбек-түрік бизнес-форумында тараптар 2 миллиард доллардың құжаттарын қабылдаған еді. Онда мақта-мата, электр техникасы, фармацевтика, құрылыс және банк саласына қатысты 30 жобаны жүзеге асыру туралы айтылған.