260
Шымкентте сатылған ЭКСПО билеттері жарамсыз болып шықты
Шымкентте сатылған ЭКСПО билеттері жарамсыз болып шықты
Шымкенттік журналист Махаббат Әбдешова Халықаралық көрмеге қатысты былықтың бетін жайып салды. Айтуынша, Астанаға ат терлетіп барған ол көрмеге кірерде біраз әбігерге түскен. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды nur.kz.
"Барлығы сол билеттен басталды. Астанаға баратынымыз белгілі болған соң, туған-туыстың бар билетін жинап алдық. Көңіліміз алып-ұшып қалашыққа келдік. Сөйтсек.... "Кіре алмайсыздар, билет жарамсыз" деп тұр. Бір емес, бақандай бесеуі де жарамайды. Енді не істейміз? Себебін анықтауға тырыстым. Сөйтсек, дәл менің бес бірдей билетіммен өзге біреулер бізге дейін кіріп шыққан. Қалай екенін сол күйі түсіне алмай кеттім",-дейді ол.
Журналист Шымкенттен көрмеге арнайы келгенін айтып, ішке кіргізуін сыпайы түрде сұрағанымен ондағылар басқа билет алуды талап еткен. "Әлгі старшиы келіп, "бұл сіздің проблемаңыз,өйткені сіздің билетіңізбен 11-і күні Айгерім есімді қыз кіріп шыққан. Басқасын алыңыз" деп тұр беті бүлк етпестен. Билет жетеді деп, мақтанып қасыма ертіп алған құрбымнан да ұялып тұрмын",-делінген жазбада. Мұнан соң журналист басқа әдісті қолданғанын да атап өткен. Яғни, өзін журналист екенін айтқан соң барып қана көрмеге кіруге рұқсат алыпты. "Жарайды, онда басқа әдіске көшейік. Бар білген орысшамды салып, тілімді сындырып журналист екенімді, дәл қазір шешпесе БАҚ өкілдеріне әдемілеп тұрып сұxбат беретінімді айттым. Тек содан кейін үнсіз ғана 30 секундта мәселе шешіліп, аман-есен кірдік ішке. Тыныш ғана келген жұртты әбігерге салып, билетін жарамсыз қылу..... Өзгелер үшін мінсіз өткіземіз деп жанталасып жатырмыз, ал өзіміздегілер ше?..." деп ашынды журналист.