1273
Қазыбек бидің шапаны Қарағандыға жеткізілді
Қазыбек бидің шапаны Қарағандыға жеткізілді
Биыл ұлт тарихының ірі тұлғасы, қазақ халқының кемеңгері Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 350 жыл. Осыған байланысты Қазыбек бидің туған жері Қарағанды өңірінде көптеген мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған, деп хабарлайды Baq.kz.
Бар мақсат-мүддесін ұлттың жарқын болашағына арнаған ұлы тұлғаның мерейтойы Қарағанды өңірінде үлкен көлемде аталып өтпек. Тамыз айында басталатын той қазанға дейін жалғасады.
«Атақты жерлесіміздің 350 жылдық мерейтойы бірнеше ай бойы тойланады. Іс-шаралардың басы 18 тамыз күні Қазыбек бидің туған жері Егіндібұлақ ауылында басталады. Келесі күні Қарағанды қаласында Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Қазақстан ақындарының қатысумен халықаралық айтыс өтеді. Сондай-ақ, қыркүйек айында «Қазыбек би» спектаклі қойылады деп жоспарлануда. Қойылымның режиссеры Қуандық Қасымов. Мерейтой қазан айында болатын концертке ұласпақ», -деді Қарағанды облысы мәдениет басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев.
Мерейтой барысында халықаралық конференция ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен қатар, Қазыбек Келдібекұлы жайлы деректі фильм түсіріледі. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының айтуынша, мерейтойдың ең ауқымды шарасы Қазыбек бидің қайта өңделген шапанын қарағандылықтардың назарына ұсыну болмақ.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын бабамыздың туыстары оның шапанын Ұлттық музейге табыстаған болатын. Қарағанды облысының тұрғындары шапанды қыркүйек айының 12-нен қазанның 31-не дейін облыстық музейден көре алатын болады», - деді Еркебұлан Ағымбаев.