Жаңа сатыға сәтті қадам

Жаңа сатыға сәтті қадам

Жаңа сатыға сәтті қадам
ашық дереккөзі
294
Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің халық алдындағы есептік кездесуі өтті. Жеңіс Қасымбек министрліктің атқарған жұмыс нәтижелерін баяндап, биылғы жылдың соңына дейін жүзеге асырылатын жобаларға және алдағы жоспарлар мен міндеттерге тоқталды. Есептік жиын аймақтардың қатысуымен бейнеконференция режімінде өтті. Министр өз баяндамасында 2017 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өндірістік өнеркәсіп көлемі 7,1 пайызға өскенін мәлімдеді. Оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі (+7,8 пайыз), өңдеу өнеркәсібі (+6,8 пайыз), түсті металлургияның өсімі (+7,9 пайыз), қара металлургия (+9,3пайыз) және фармацевтика (+49,7 пайыз) өсіп отыр. 2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында құны 878 млрд теңге болатын 130 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Карта жобалары өткен жылы 2,2 трлн теңгенің өнімін өндірді. Оның 1,4 трлн теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Биыл жалпы сомасы 700 млрд теңге болатын 100-ден астам жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар арқылы тағы да 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Биыл индустрия 4.0 элементтерін енгізу аясында жүйелі шаралар пакетін және өнеркәсіпті цифрландыруда мемлекеттік қолдау құралдарын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіледі. 2016 жылдың қорытындылары бойынша тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) 40 пайызға өсіп, 20,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде биыл ақпан айында ЭЫДҰ кеңесі Қазақстанның ЭЫДҰ халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар жөніндегі декларациясына қосылуын, сондай-ақ, ЭЫДҰ инвестиция жөніндегі комитетіне «қауымдастырылған мүше» ретінде кіруін мақұлдады. Инновация саласында 2016 жылы жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге инновациялық гранттар беру туралы 66 келісімге қол қойылды. Халықаралық технологиялар трансфері орталығының ықпалымен Қазақстанға шетелдік технологияларды трансферлеу бойынша 15 жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Іріктеу нәтижесінде 4 жобаға жалпы сомасы 800 млн теңгенің инновациялық гранты берілді. 2017 жылы Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында аталған орталықтың 2 пилоттық жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Техникалық реттеу және метрология саласында ЕАЭО-ның 40 техникалық регламенті бекітілді, оның 35-і күшіне енді. Стандарттау жөніндегі жоспарға сәйкес, 747 ұлттық стандарт әзірленді. Қазақстан Орталық Азия аумағы елдері ішінде бірінші болып 58 өлшеу мәліметтерінің (салмақ, қаттылық, температура, уақыт пен жиілік, ұзындық, рН өлшемі) халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдеді. Министрлік 2016 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексінің жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта жоба жұмыс тобының қарауында және биылғы жылдың соңына қарай қабылдау жоспарланып отыр. Кодекстің қабылдануы геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттырып, отандық юниорлық компанияларды дамытуға және қосымша инвестиция тартуға тың серпін береді, сонымен бірге елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға оң ықпал етеді. 2016 жылы көлік саласында қызмет көрсету көлемі 3,8 пайызға өсті. Логистика тиімділігінің халықаралық рейтингінде Қазақстан 88 орыннан 77 орынға көтеріліп, ТМД бойынша үздік деп танылды. Ал Қытай-Еуропа-Қытай бағытында транзитті контейнерлік тасымал 2 есе өсіп, 104,5 мың контейнерді құрады. 2017 жылы контейнерлер санын 320 мың бірлікке дейін, оның ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша 165 мың контейнерге арттыру көзделіп отыр. Қазақстан аумағы арқылы 11 бағыт бойынша шамамен 100 контейнерлік пойыз өтеді. Ал транзиттік авиажолаушылар саны 2016 жылы 250 мыңнан 478 мыңға дейін жетсе, 2017 жылы олардың саны 600 мыңға жетеді деп жоспарланған. Негізгі жолаушылар легін Азиядан Қазақстан арқылы Еуропаға және кері бағытта қатынайтындар құрайды. 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 920 шақырым автокөлік жолдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ, оның 767 шақырымы пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыру үшін 75 мың адам жұмылдырылды. 2017 жылы бөлінген қаржы есебінен 7 өтпелі жобалардың жұмысы жалғасып, Астана-Қарағанды, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Орталық-Батыс, Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл және Орал-Каменка бойынша жыл соңында соның 602 шақырымындағы жұмыстар аяқталмақшы. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымды құрайтын 15 жаңа жобаның құрылысы басталады. Жалпы алғанда, биыл 4,4 мың шақырым реттеліп, 100 мың адам жұмылдырылады. 2016 жылы жалпы тұрғын үй құрылыс алаңының физикалық көлем индексі 118 пайызды құрады. 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шамамен 90 мың баспана. Бұл сала бойынша инвестиция көлемі 2015 жылы 740 млрд теңге болса, 2016 жылы 830 млрд теңгеге жетті. Жүргізілген реформалар нәтижесінде кәсіпкерлер үшін құрылыс жүргізуге рұқсат алу мерзімі 3 айдан 1 айға дейін қысқарды. Аталған көрсеткіштер бойынша 2 жылда Қазақстан Бүкіләлемдік банк рейтингісінде 152 орыннан 22 орынға көтерілді. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бірыңғай бағдарламасы әзірленіп, оның аясында 1,5 млн тұрғын үй салынатын болады. Ал 2017 жылы 100 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Қазақстан-Қытай іскерлік байланысы кеңеймек

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан-Қытай Іскерлік Кеңесінің 4-отырысының ашылуына қатысты. Іскерлік кеңестің қызметі «Нұрлы жол» және «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бағдарламаларын үйлестіру бойынша қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қосады және Қазақстан-Қытай кәсіпкерлері үшін зор мүмкіндіктер ашады. Жеңіс Қасымбек Қытай Қазақстанның стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 7,9 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен 2015 жылы индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Қазақстан-Қытай бағдарламасы әзірленді. Министрдің айтуынша, бүгінде Бағдарлама аясында Қазақстанда жалпы құны 28 млрд АҚШ доллары болатын 51 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар қосымша құны жоғары экспортқа бағытталған өнім шығаратын жоғары технологиялық бірқатар кәсіпорындар құруға арналған. Сондай-ақ, бағдарламада Қазақстанның көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған жобалар да бар. Нақты мысал ретінде, «Қорғас-Шығыс қақпасы» экономикалық аумағымен бірлесе дамыту жөніндегі жобасын айтуға болады. «Халықаралық көлік логистикасы саласына стратегиялық әріптестерді тарту аталған экономикалық аумағымен дамытуға қосымша серпін береді және Азия мен Еуропа арасындағы жүк ағынын шоғырландыру мен дистрибуциялау жөніндегі ірі аймақтық хаб құруды қамтамасыз етеді деп сенемін», – деп атап өтті Ж.Қасымбек. Сондай-ақ, министр өз сөзінде Қытайдың іскерлік орта өкілдеріне елдегі бизнесті сәтті жүзеге асыру үшін Қазақстан Үкіметі тарапынан жасалып отырған жағдайлар туралы айтып берді. Іскерлік кеңес отырысында бірқатар екіжақты коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Көкте қалықтаған әуе кемесі

2017 жылдың 18 маусымынан бастап «GeorgianAirways» әуе компаниясы Астана-Батуми-Астана бағыты бойынша жаңа рейс орындауды жоспарлап отыр. Бұл рейс Boeing 737 ұшағымен аптасына бір рет, жергілікті уақыт бойынша жексенбі күні сағат 05:20-да Астанадан аттанады. Аталмыш рейсті ашуда ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Грузияның авиациялық билігі бірлесіп жұмыс атқарды. Қазақстан мен Грузияның авиациялық билігі жаңа әуе бағыты екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайтып, туризм саласының қарқынды дамуына ықпал ететініне сенімді. Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы мен Грузия арасында «Эйр Астана» әуе компаниясы Астана-Тбилиси және Алматы-Тбилиси, сонымен қатар, «SCAT» әуе компаниясы Ақтау-Тбилиси, Ақтау-Кутаиси, Ақтау-Батуми бағыттары бойынша тұрақты рейстерді орындап келеді. Сол сияқты «WizzAir» венгерлік лоукостер Астана мен Будапешт арасына қатынайтын жаңа әуе байланысын іске қосты. AIRBUS әуе компаниясының А320 әуе кемесі аптасына екі рет, бейсенбі және жексенбі күні әуе рейсін орындайды. Алғашқы рейспен Венгер Республикасының ұлттық экономика министрі Михай Варга бастаған делегация ұшып келеді. Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында ашылып отырған жаңа бағыт айтулы оқиғаға балануда. Бұл Қазақстан мен Венгрия арасындағы дипломатиялық және бизнес қарым-қатынасты, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін болады. Өткен жылдың 24 қарашасындағы авиациялық биліктің келіссөздерінің қорытындысында Астана-Будапешт бағыты бойынша екі ел үшін аптасына 7 рейс жасау құқығы берілген болатын. «WizzAir» әуе компаниясының ақпараты бойынша, Астанадан Будапештке дейінгі ең төменгі билет құны тек бір жаққа тіркеу қызметі мен жүкті қосқанда 49-дан 130 еуроға дейінгі соманы құрайды. Бұдан бөлек, әуе тасымалы ережесі бойынша басқа да қызметтер үшін қосымша ақы төлеу қарастырылған. Тағы бір жаңалық, «Эйр Астана» АҚ-нан бөлек Қазақстанның тағы екі әуе компаниясына Еуропаға ұшуға рұқсат берілді. Биыл 1 маусымда «PrimeAviation» АҚ мен 12 маусымда «KazAirJet» АҚ әуе компаниялары EASA-дан (Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық авиациялық агенттік) барлық қажетті процедуралардан сәтті өткендері туралы және еуропалық талаптарға сәйкес келетіндігі жөнінде жазбаша рұқсат алды. 2016 жылдың 8 желтоқсанында Еуропалық комиссия барлық қазақстандық әуе компаниялардың Еуропаға ұшуларына шектеу қойып тастаған болатын. Бүгінгі күні «қара тізімде» қазақстандық әуе компаниялары жоқ. Еуропа Одағына үшінші елдерден рейстерді жүзеге асыру мақсатында 2014 жылдың сәуір айында Еуропалық комиссия үшінші елдер экслуатанттарының авторизациядан міндетті түрде өту талабын енгізген болатын. Аталмыш авторизациялау процедурасын Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық авиациялық агенттігі жүзеге асырады (EASA). Эксплуатантты авторизациялау процедурасына сәйкес, Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық авиациялық агенттігіне (EASA) рейсті орындардың алдында ертерек тапсырыс беріп қою керек. Ал «SCAT» әуе компаниясы алғашқы авторизация тапсырысын 2015 жылдың 25 мамырында берген. Өткен жылдың соңында қазақстандық әуе компаниялар үшін Еуропаға ұшуға қойылған шектеу ресми түрде алынып тасталғаннан кейін 2017 жылдың 11 сәуірінде EASA пен «SCAT» АҚ өкілдерінің техникалық-кеңестік кездесуі болды. Сараптама нәтижесі бойынша EASA «SCAT» әуе компаниясына бірқатар ескертулер жасады. Эксплуатант ескертуге сәйкес тиісті жұмыстар атқарып, кемшіліктерді жоятын болады. Осылайша, бүгінгі күні отандық «Эйр Астана» АҚ, «PrimeAviation» АҚ және «KAZ AIR JET» АҚ әуе компаниялары EASA авторизациясынан сәтті өтті.

Алыс-беріс артады

7-8 маусым күндері Алматы қаласында 2017 жылдың 18 сәуірдегі Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жөніндегі комитеттің сегізінші отырысындағы хаттамалық шешімді жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің делегациясы мен Қытай Халық Республикасының Синцзянь-Ұйғыр автономды аймағынан келген автокөлік саласының делегациясы арасында халықаралық автомобиль тасымалдары мәселелері бойынша кезекті келіссөздер болды. Онда тараптар екі ел арасындағы жолаушыларды және автомобильмен жүк тасымалдаудың жағдайлары жөнінде ақпарат алмасты. 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы жылдың 4 айында жүк тасымалының көлемі 36 пайызға өскенін атап өтті. Тараптар ҚР-ның Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының және ҚХР Синцзянь-Ұйғыр автономды аймағының елді мекендері арасында жүк тасымалдау үшін екі жақтың тасымалдаушыларына мүмкіндік беретін тоғыз бағытты анықтап келісті. Тараптар 2017-2018 жылдары жолаушыларды және автомобильмен жүк тасымалдау үшін рұқсат бланкілерімен квота алмасуға келісті. Сонымен қатар, «Астана-Үрімші» және «Шымкент-Үрімші» бағыттары бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап сынақ ретінде жолаушылар автобусының рейстерін іске қосу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Келіссөздердің қорытындысы бойынша тиісті Хаттамаға қол қойылды.

9 мыңнан астам отандық автокөлік сатылды

Автонесиелеу бағдарламасы жалғасын табуда. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2015-2016 жылдары отандық автокөліктердің 30 пайызы осы бағдарлама бойынша сатылды. Автонесиелеу бағдарламасына Ұлттық қордан барлығы 26 млрд теңге бөлінген. Аталған қаржы толық игерілді және бағдарлама бір сәтке тоқтаған емес. Соңғы мәліметтер бойынша, бағдарлама аясында 9 мыңнан астам адам отандық автокөлік сатып алды. «Бұл бағдарлама әлі 20 жыл бойы жұмыс істейтін болады. Бүгінде Қазақстан Үкіметі аталған бағдарлама аясында шамамен қосымша 10 млрд теңге бөлу мүмкіндігін қарастырып жатыр», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Серіктес жаңалықтары