251
Мемлекеттік тілді менсінбейтін тілші
Мемлекеттік тілді менсінбейтін тілші
Қоғамда өкінішпен айтар жағдайлар көп. Тәуелсіздік алған 25 жылда қазақтілді БАҚ өзіне берілген құқық пен бостандыққа толыққанды қол жеткізе алмай отыр. Басқа мемлекеттердің тіл төңірегіндегі тәжірибесіне зер салсақ, алдымен мемлекеттік тілдің үстемдік етуі назарға алынады. Ал Қазақстандағы жағдай қалай?
Таяуда әлеуметтік желіде қызу талқыға салынған жағдай былай өрбіген. Ақтөбеде «Ескерткіштер – ел тарихы» атты шара аясында Әлия Молдағұлова ескерткішінің алдында акция ұйымдастырылады. Сол кезде Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы Фархад Досмұратов жергілікті РИКА телеарнасының тілшісі Ләззат Сахиеваға орысша сұхбат беруден бас тартып, мемлекеттік тілде жауап береді.
Фархад Досмұратовтың мемлекеттік тілде сөйлеуі тілшіге ұнамаса керек, орысша сөйлеуін талап етіпті. Алайда инспектор үзілді-кесілді қарсылық танытып, сондай-ақ, орыс редакциясының журналисі қазақ болса, оған да тек қана қазақ тілінде сұхбат беретінін айтады. Ол: «Мұндай шараларды орыс халқы қарамайды. Қазаққа, қазақтың тарихына қатысты шараларға қызығатын аудитория бар ма өзі? Мұны айналып келгенде өзіміз көреміз. Бұл өзімізге ғана керек. Сондықтан тек қана қазақша ақпаратпен бөлісемін» дейді. Оның бұл пікірі шамбайына тиді ме екен, РИКА телеарнасының тілшісі инспекторды «нацист» деп негізсіз айыптауға дейін барған.
Журналист эфирге шыққан сюжет соңында мемлекеттік инспекцияның мамандары ескерткішті күту жұмыстарымен ғана емес, өз мәдениеттерін де түзеумен де айналысу керектігін ескертеді. «Біз шара өткізілетін жерге редакция тапсырмасымен барғанбыз. Ұйымдастырушылардан екі тілде ақпарат бере алатын маман тауып беруін сұрадық. Бас инспектормен қазақ тілінде амандастым, сөзімді қазақшадан бастадым. Телекомпаниядан келіп тұрғанымды және екі тілде ақпарат алатынымды ескерттім. Ол кісі бірден орыс тілінде беруден бас тартты. «Орыс тілінде бермеймін» деді. Әрине, орысша сөйлей алмайтындар да болады. Оларға түсіністік танытып, аударма жасаймыз. Қазақстан көпұлтты мемлекет. Жақында ғана президент тілге қысым жасамауды ескертті. Еліміздің көп ұлтты мемлекет екенін айтады. Журналистикада 16 жылдан бері жүрмін. Осындай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келдім», – депті журналист Ләззат Сахиева.
Бір Сахиеваның басындағы жағдай күллі қазақ журналистерінің маңдайына баяғыдан жазылып қойылған. Күні бүгінге дейін қазақ журналистерінің көрген күні мәтін аударумен өтеді. Билік басындағылардан бастап, қоғамдағы кез келген ұйым мүшелерінің орысша пікірін қазақшаға аударып жүрген қазақтілді журналистер не деген жансебіл? Ал әлгі тілшінің «Орысша жауап бермеді» деп өкпелеп, шулататын не жөні бар? Дүние кезек...
Біріншіден, «Тіл туралы» заң баптарына жүгінсек, азаматтың мемлекеттік тілде жауап беруі заңды. Және кез келген азамат қай тілде жауап берем десе, өз құқы. Екіншіден, мемлекеттік тілдегі жауапты менсінбестен, мемлекеттік қызметкерді «нацист» деп эфир арқылы айыптаған РИКА ТВ арнасы заңбұзушылыққа жол берді. Ең өкініштісі, мұның астарында ұлтараздық қақтығысты тудыратын элементтер қылаң етеді.
Қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрлыбай Қошаманұлы бастаған азаматтар бұл мәселені ҚР Бас прокурорының назарына ұсынып, тиісті шара қолдануын сұрады. Онда: «Ақтөбедегі РИКА ақпарат кеңістігі мен бизнес желілерін ұстап отырған медиа топтың тілшісі Ләззат Сахиева тарапынан «өзінің қызметтік сұхбаты аясында» (ҚР қылмыстық Кодексінің 141-бабының 2 тармағы), қазақ азаматы Фархад Досмұратовтың «тегіне, нәсіліне, ұлтына қарай кемсітушілік» (ҚР-сы Конституциясының 14-бап, 2-тармақ), және «бүтін бір халықтың ар-намысына тиетін» ауыр сөздер айтқаны және «нәсілдік, ұлттық астамшылықты» уағыздайтын «дискриминация» мәселесін көтергені үшін тілшінің үстінен құқықтық шара қозғалуы тиіс. Бұл жөнінде соңғы күндері БАҚ құралдарында, әлеуметтік желілерде көп жазылды. Ұлттық мүдде, ұлттық намыстан биік тұратын ешқандай мұрат жоқ. Саяси тұрғыдан алғанда тілші Ләззат Сахиеваның ісі жүгенсіздік, азаматтық намысты қорлау. Сондай-ақ, Ләззаттың сөзінде Қазақстан халықтарының татулығы мен бірлігіне, ынтымақта өмір сүруіне сына қағатын қарекет барына назар аудару қажет деп есептеймін. Мұны аяқсыз қалдыруға болмайды. Көпшіліктің бұл наразылығы ҚР Бас прокурорының, Ақтөбе облыстық прокурорының назарына алынуы тиіс. Осы мәселеге байланысты, бірінші, РИКА ТВ арнасы ФАКТ бағдарламасының жүргізушісі, тілшісі Ләззат Сахиеваның «астамшылық» әрекетіне байланысты – қоғам белсенділерінің қатысуымен «арнайы комиссия» құрылсын. Комиссия құрамына саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, заңгерлер, облыстық ішкі саясат басқармасы және жергілікті «Ұлттар ассамблеясындағы» диаспора өкілдері де тартылсын. Екінші, ҚР азаматы ретінде оны жауапкершілікке тартып, оның іс-әрекетіне ҚР-ның «әкімшілік, қылмыстық кодексі» тұрғысынан құқықтық баға берілетін болсын. Үшінші, алдағы уақытта мұндай «астамшылықты» қайталамау үшін комиссия жұмысының нәтижесі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа жария етілсін» делінген.
РИКА ТВ арнасының тілшісі үлгіні алыстан емес, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтан алса болмай ма? Облыс әкімі қытайдың кәсіпкерлерін «Қазақша үйреніп келіңдер!» деп есіктен кері қайтарғанын қалайша ұмытқан? Ал егер облыс әкімін айтпағанның өзінде, Елбасы Н.Назарбаевтан орысша сөйлеуін сұраған тілшіге: «Орысшалап өзің айт» деген жауабы қазақ тіліне қатысты сан сауалдың тобықтай түйіні емес пе? Елбасы неге бұлай жауап берді? Ең бастысы, Елбасының тілге деген құрметі басқа да мемлекеттік шенеуніктерге, жалпы қоғамға үлгі болуға тиіс еді... Бірақ...