209
Қарағанды облысына ресейлік зымыранның сынықтары құлап, бір адам көз жұмды
Қарағанды облысына ресейлік зымыранның сынықтары құлап, бір адам көз жұмды
Қарағанды облысының Жезқазған қаласынан батысқа қарай 50 километр қашықтықта ресейлік "Союз-2.1а" зымыран тасығышының бөлшектері құлады. Зымыран "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшырылған, деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.
Куәгерлер зымыран бөлшектері құлаған кезде, ауа температурасы 34 градус болып, қатты жел тұрып, өрт шыққан. Қазақстан төтенше жағдайлар комитеті бұған дейін 14 маусым күні кешке зымыран сынығы құлаған Жезқазған түбіндегі Талап ауылына жақын далада өрт болып, онда күйік шалған бір ер адам қаза тапқанын, бір адам жараланғанын хабарлаған.
Комитет олардың екеуі де зымыран сынығын жинау жұмыстарына қатысқанын айтады.
Роскосмос ақпаратына қарағанда, қайғылы оқиғадан КАМАЗ көлігінің жүргізушісі, "НПО машиностроение" компаниясының жұмысшысы қаза тапқан. Компания зымыран бөлшегі құлайтын ауданға қызмет көрсетеді. Роскосмос қатты желден көлікті өрт шарпығанын айтады.