Жеңген де емес, жеңілген де емес

Жеңген де емес, жеңілген де емес

Жеңген де емес, жеңілген де емес
ашық дереккөзі
Тереза Мэй ханым қазақтың «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты» деген нақылын естімеген болар, сірә. Естісе, биылғы мезгілсіз сайлауды өткізуге мұрындық болмас еді. Расында, АҚШ, Ұлыбритания және Еуропа елдерінде жалпыхалықтық сайлаулар араға белгілі бір уақыт салып, заңмен бекітілген мерзімінде өтеді. Осы тәртіпті бұзып, заңның ерте сайлау өткізуге рұқсат беретін ұрымтал тұсын пайдаланып, жеке беделін нығайтпақ болған Тереза Мэй өзі басқарып отырған Консерваторлар партиясын абыройдан айыра жаздады. Кеше ғана Қауымдастар палатасында басымдыққа ие болған жетекші партия 8 маусымдағы сайлаудан соң аттай 12-орыннан айырылып қалды. Бұдан соң Консерваторлар амалсыздан азшылықтың өкілі – Демократиялық Юнионистік партиямен келісімге келіп, коалициялық үкімет жасақтады. Осы аптада Консерваторлар алғашқы жиналысын өткізген болатын. Сайлау қорытындысы жария болғалы Тереза Мэйдің партияластарымен бетпе- бет жүздесіп отырғаны осы еді. Дүйсенбі күні премьер-министрмен кездесуге келген партияластарының ішінде Қауымдастар палатасының да, Лордтар палатасының да мүшелері болған. Іштегі ызасын баса алмаған парламент мүшелері Тереза Мэй кіріп келген кезде отыз секунд бойы үстелді ұрып, өз наразылықтарын білдірді. Ол өз қателігін мойындап, әріптестерінен қайта-қайта кешірім сұраған. Әріптестерінің ашуын басу үшін Мэй ханымның кешірім сұрап, «бәрін реттеуге» уәде беруден басқа лажы да жоқ еді. Бұл туралы Парламент депутаттары «Твиттерде» жарыса жазып, премьер-министрдің іс-әрекетіне баға беріп жатты. Мысалы, Джессика Элгот: «Ол (Тереза Мэй – ред.) өз орындарынан айрылып қалған адамдарға қатысты қатты алаңдаулы болды, партия оларға көмектесетінін айтты, олардың кейбірінің қаржылық жағдайы қиын. Ол қайта-қайта кешірім сұрады. Ол қызметтен айрылып қалған әріптестерінен кешірім сұрады, мезгілінен ерте сайлау өткізгені үшін кешірім сұрады» деп тәптіштей жазады (Сілтеме: https://www.theguardian.com/politics/live/2017/jun/12/general-election-2017-theresa-may-faces-conservative-backbenchers-politics-live). Мэй ханымның консерваторлардан қайта-қайта кешірім сұрауының себебі түсінікті. Себебі кешегі аптаға дейін, яғни 2015 жылғы сайлау нәтижесінде Консерваторлардың Қауымдастар палатасында 330 мүшесі бар еді, ал қазір 318 депутаттық орынды иеленіп отыр. Обалы нешік, Тереза Мэй «Бұл берекетсіздікке бастаған мен, енді одан алып шығатын да мен боламын» деген екен. Осы жиналысқа қатысқан тағы бір депутаттың сөзіне қарағанда, Тереза Мэй: «Партия қолдап тұрса, осы партияны басқара беремін» деп қалған. «Он екі жасымда хаттарды мөрлеумен айналысқан кезімнен бастап осы партияға қызмет етіп келемін» деген бір сөзінде. Сайлаудан соң көптеген консерваторлардың Тереза Мэйге ашулы болғанын білеміз. Тіпті, кейбір консерваторлар «Тереза Мэй премьер-министрліктен бас тартуы керек» деп айтып қалған болатын. Бірақ Мэй ханым қолындағы билік тізгінінен айрылатын түр танытпады, керісінше, ол сайлау қорытындысына өз бетінше талдау жасап, жаңа үкімет жасақтауға патшайым Елизаветадан рұқсат алды. Оның айтуынша, «Британия қазір тұрақтылыққа зәру». Еуропа одағынан  шығу ісі алдағы екі жылда толықтай жүзеге асуы тиіс, енді бұл істі кешеуілдетудің жөні жоқ. Премьер-министр сайлауда беті қайтса да, бұл жеңілісіне еш мойымастан Брекситті жүзеге асыруды одан әрі өз мойнына алмақшы. Егер Мэй ханымды мақтау керек болса, әзірге оның осы табандылығын ғана айта аламыз. Иә, мезгілінен ерте болған сайлау демократиясы орнықты, дамуы тұрақты елдердің өзіне абырой бермейді екен. Үш жыл ерте өткізілген сайлауда өз құзыретін дәйектеуді көздеген, сөйтіп қарсыластарына өзінің заңды басшы екенін дәлелдемек болған Тереза Мэй Консерваторлар партиясын жар басына тіреп, қиын жағдайға тап қылды. Обалы нешік, былтыр маусым айында қызметке кіріскен премьер-министр бір жылдан бері талай уәде берді. Енді оның сөзден іске көшетін кезі таяп қалды. Бірақ Мэй ханымның «мені» елді әлі талай сынға сүйрейтін сияқты. Сонымен, мезгілсіз сайлаудың салдарларын талдасақ: Біріншіден, бұл сайлаудан соң Британ парламентінде Консерваторлар партиясы көшбасшылықтан айрылып, Демократиялық Юнионистік партиямен келісімге келіп, коалициялық үкімет құруға мәжбүр болды. Консерваторлар партиясы Қауымдастар палатасындағы 650 орынның 318-іне ие болса, Лейбористер партиясы 262 мандатты, Шотландия ұлттық партиясы 35 мандатты місе тұтты. Бірақ коалициялық үкіметте юнионистерге министрлік портфельдердің бірде-бірі бұйырмаған, екіжақты келісімдердің нәтижесіне сәйкес, олар Парламентте бюджетті бекіту сияқты ірі талқылаулар кезінде Консерваторларға қолдау көрсететін болды. Екіншіден, осы сайлаудан соң Британ парламентінің бет-бейнесі айтарлықтай өзгеріске ұшырады. «The Financial Times» газетінің жазуына қарағанда, «бұл – тарихтағы ең әркелкі, түрлі реңкті парламент». (Сілтемесі: https://www.ft.com/content/3bbb5af2-4ea7-11e7-bfb8-997009366969). Оның бір дәлелі – бұл жолы нәсілі бөлектердің саны мен жыныстық ерекшелікті мойындамайтын топ өкілдерінің қатары көбейді. Бұған қоса, әйел депутаттардың саны артқан. Басқаша айтқанда, осыдан жүз жыл бұрын Британ парламентінің мүшесі – жасы жер ортадан асқан, ақ нәсілді, тегі таза, діні анық, отбасы құндылықтарын мойындайтын ер адам болса, енді бұл портрет архитипке айналуы әбден мүмкін. Салыстыру үшін айталық, алдыңғы Парламентте ақ нәсілге жатпайтын депутаттар саны 41 болса, осы сайлаудан соң олардың саны 52-ге жетті. Ал жыныстық азшылық топқа жататындар саны бұған дейін 39 болса, енді Қауымдастар палатасында олардың 45 өкілі бар. Әйел депутаттар саны алдыңғы парламентте 191 болатын, енді олардың саны – 208. Қазіргі депутаттардың 51 пайызы жалпыға білім беру мектептерінің түлектері. Бұрын жекеменшік коллеждерде оқыған ақсүйек әулеттердің өкілдері ғана Парламент мүшелігіне сайланатын заман көзден бұл-бұл ұшқан. Сондай-ақ Қауымдастар палатасының этностық әрқилылығы арта түскен. Мысалы, осы жолы тұңғыш сикх әйел парламент  мүшесі болып сайланды. Енді үндіс диаспорасынан шыққан депутаттардың саны он екіге жетті. Оған қоса қара нәсілді медбике де  – депутат. Кешегі нигериялық эмигрант-дәрігердің ұлы да, Угандада туған қазіргі консерватор да – осында. Сондай-ақ, бірінші рет палестиндік жиен Британ парламентінің депутаты болып сайланды. 36 жастағы либерал-демократтың әкесі – ағылшын, ал шешесі – палестиндік екен. Осылайша, Британ парламенті ұлты, нәсілі, діні, білімі, тіпті, жыныстық таңдауы әркелкі депутаттардың басын қосып отыр. Үшіншіден, осы сайлауда жас британдықтардың жаңа легі дауыс беру құқығына ие болды. Заң талабына сәйкес, бұл елде жасы 18-ге толған азаматтар ғана жалпыхалықтық сайлауда дауыс беріп, елдегі саяси өзгерістерге үн қоса алады. Яғни, былтыр жасы толмауына байланысты Брексит референдумында пікір білдіре алмаған британдықтар енді өз ұстанымдарын жария етуге ерік алды. Шынымен де, осы жолы жастардың белсендігілі күрт артқаны байқалды. Әдетте, сайлауға алдын-ала тіркеліп, одан соң сайлау күні учаскелерге барып, дауыс беруде жасы егделер көбірек ұқыптылық таныса, жастар жағы мұндайды онша құнттай қоймайтын. Былтырдан бері бұл жағдай өзгере бастады, мысалы 2005 жылғы сайлауда 18 бен 24 жас аралығындағы сайлаушылардың  38 пайызы ғана дауыс беруге қатысса, 2015 жылы олардың саны 64 пайызға дейін өскен.  (Сілтеме: https://www.ft.com/content/094ab23c-4d05-11e7-a3f4-c742b9791d43). Соңғы онжылдықтағы өзгерістер жастардың азаматтық белсенділігі артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Қоғамда жастардың үні қаттырақ шыққан сайын саяси күштердің ара-салмағы да өзгеріске түседі деген сөз. Мысалы, былтырғы референдум кезінде жастардың төрттен үш бөлігі Еуропа одағында қалу идеясын қолдаған. Бұған қоса, жас сайлаушлар Консерваторлардан гөрі Лейбористерге немесе басқа партияларға дауыс бергенді жөн көреді. Ең бастысы, жас тұрғындар алдыңғы буынға қарағанда әлдеқайда «ашық Британия» идеясын қолдайды, яғни, олар үшін этностық әркелкіліктің артуы пен иммиграция қарқынының өсуі қабақ шытатын мәселелер емес. Жас сайлаушылар күш алған сайын, саяси партиялар өз бағдарламаларында егде ұрпақ мүддесінен гөрі жастар мәселесін қорғауға ойысуға мәжбүр болады. Төртіншіден, Шотландияның тәуелсіздік алу мәселесі туралы референдум өткізу мәселесі кейінге қалды. Себебі Шотландия ұлттық партиясы бұл жолы парламенттегі үлесінің төрттен бірінен, яғни 21 депутаттық орыннан айрылды. Бұл партия былтырғы Брексит референдумынан кейін Шотландияның тәуелсіздік мәселесін ту етіп көтеріп, Біріккен корольдік құрамынан шығуға байланысты екінші референдум өткізуді ұсынып келгені мәлім. Шамасы, қарапайым шотландықтар бұл идеяны қолдауға асық емес. Бесіншіден, сайлаушылардың таңдауын пайызға шағатын болсақ, Консерваторлар бұл жолы 42,4 пайызға, ал Лейбористер партиясы 40,1 пайыз дауысқа ие болды. Екі ірі партияның итжығыс түсуге шақ қалғаны көрінді. Әйткенмен, бұл жолы Лейбористер толықтай жеңіске жетті дей алмаймыз. Себебі олар өз жақтастарының қатарын көбейткенімен, әлде де Консерваторлардан 56 орын артта. Яғни, Консерваторларды басып озбайынша, бұл партия үкімет жасақтайтын қауқарға ие емес, әзірге елдегі ірі оппозициялық күш болып қала тұрады. Бірақ дәл осы сайлау Консерваторлардың басты бәсекелесі Лейбористер партиясының билікке қайта келу үмітін жандандырды. Партияның қазіргі көшбасшысы Джереми Корбиннің беделі өсті. Егер Тереза Мэй қазіргі сайлауда жасаған қателіктерінен сабақ алып, өз уәделерін орындауға тезірек кіріспесе, оның абыройы күн санап кеміп, ал Лейбористрдің келесі сайлауда жеңіске жету ықтималдығы арта түсері сөзсіз.