Азат елдің сарбаздары сап түзеді

Азат елдің сарбаздары сап түзеді

Азат елдің сарбаздары сап түзеді
ашық дереккөзі

Бүгін – Қазақ армиясы айбынын көрсететін күн. 7 мамыр – Қарулы күштердің құрылған күніне орай елордамыз Астанада бұрын соңды болмаған әскери шеру өтеді. Мемлекеттік мәртебеге ие болған Отан қорғаушылар күнінде 5000-нан астам сарбаз, 220-дан аса әскери техника мен 85 ұшу аппараты қатысып, өз шеберліктерін көрсетеді. ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысуымен өтетін бұл шеру әлемге Қазақстанның күш-қуатын, жасымас жігері мен қажымас қайратын паш етпек.

Өткен жылы парадқа 2 жарым мыңнан астам сарбаз, 250 техника мен 75 ұшақ қатысқан болатын. Елбасымыз сол шеруде: «Бүгінгі күні қасиетті жеріміз көкте де, суда да сенімді қорғалған. Ел армиясының бес қаруы сай. Әскери шеру осының дәлелі. Әскери доктринамыз бейбітшілік жағдайды қорғауға бағытталған. Көрші елдердің барлығымен достық қарым қатынастамыз. Шекарамызды шегендеп бекітіп алдық. Әскерилер мемлекеттің тұтастығын, тыныштығын, қауіпсіздігін сақтай алады», – деп Қарулы күштердің дайындығына жоғары баға бергені есте. Биылғы шеру бұрынғыдан өзгерек. Астанада өтетін әскери шеру ел әскерінің күші шыңдала түскенін дәлелдемек. Шерудің Жеңістің 70 жылдығына арналуы да оның мәні мен маңызын арттыра түскені сөзсіз.

Мазмұндық құрылымына қарай шеру тарихи және заманауи деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Тарихи бөлімде Ұлы Отан соғысы уақытындағы әскери техникалардың 36 үлгісі іске қосылады. Олардың ішінде 27 әскери техника және қару-жарақ (Т-34 танкі, ЗИС-2 зеңбіректі және М-30 гаубицалы ЗиЛ-157, танымал БМ-13 РС-30 «Катюша» және «Максим» пулеметі), сондай-ақ 9 ұшу құрылғысы (АН-2 және TL-2000) бар. Әскери парадтың тарихи бөлімінде механикаландырылған саптан бөлек жаяу әскерлер де жүріп өтпек. Қазақстандық әскери қызметшілер Қызыл армия нысанындағы киім үлгілерін киіп, жадағай-шатырлары мен қаруларын асынады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, тарихи шеру төрт парадтық есепте көрсетілмек. Шеруге қатысушылар жалпы саны 24 парадтық есепті құрайды. Ал бір парадтық есеп 154 адамды құрайды. Әскери шерудің заманауи бөлімінде Қазақстан Қарулы күштерінің құзырындағы қарулар мен әскери техника үлгілері көрсетіледі. Ал әскери қызметкерлер соңғы үлгідегі әскери киімдерін киіп шығады.

Әскери шеруді Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» Республикалық мектебінің тәрбиеленушілері бастап өтеді. Мектептің 80 тәрбиеленушісі парадтың тарихи және заманауи бөлігінде айтулы топтармен бірге адымдамақ.

Сондай-ақ, елордадағы парадты тамашалауға жиналғандар авиа-шоу тамашалай алады. Ірі ауқымды авиа-шоуға 75 заманауи авиациялық техника қатыстырылмақ. Олардың сапында майдандық, әскери-көліктік және армия авиациясының Су-25, Ан-26 ұшақтары мен Ми-8, К-32 сынды тікұшақтары бар. Бұдан бөлек, еліміздің Қарулы Күштерінің тарихында тұңғыш рет жаңа жоғарғы маневрлі Су-30 СМ жойғыш ұшағы әскери шеруге қатыстырылғалы отыр. Әуе қорғанысы күштерінен шеруге 1000-ға жуық адам мен «С-300», «С-200» зениттік-зымыран кешендері келеді. Авиа-шоу барысында ұшқыштар жеке және пилотаждық топ құрамында жоғары пилотаж кескіндемелерін жасай отырып, өз шеберліктерін ортаға салады. Бұл шеруге бірнеше ай бойы тынымсыз дайындық жүргізген әскери бөлімдер кеше әзірлікті соңғы рет пысықтады. Еліміздің Қарулы күштері өздерінің жауынгерлік күш-қуатын көрсетуге сақадай-сай.

Шеруге республиканың түкпір-түкпірінен келетін ардагерлердің барлығы Астанаға жетіп үлгерді. Мәселен, Ақтөбе облысынан 14 ардагер қатысқалы отыр. Оның 10-ы Ақтөбе қаласынан, қалғаны Мұғалжар, Шалқар, Алға аудандарынан. Парадты тамашалайтын ардагерлер тізімін Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесі ұсынған. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Айбек Көпенов хабарлаған болатын. Қарияларды салтанатты жиын ұйымдастырып, облыс әкімінің өзі шығарып салыпты. Оларды Астанаға төрт адам: Ақтөбе облыстық қорғаныс істері департаментінің екі қызметкері мен жедел медициналық жәрдем ауруханасының екі дәрігері бастап келген. Ардагерлер бүгінгі шеруге қатысқаннан кейін тынығып, ертең өздерінің құрметіне арналған мәдени бағдарламаны тамашаламақ. Ал 9 мамырда ескерткішке гүл қойып, мамырдың 10-ы күні өз өңірлеріне жол тартады.

Ал Мәскеудің Қызыл алаңында 9 ма­­­­­мырда өтетін әскери шеруге еліміздің 6 ардагері және құрлық әскерлерінің әскери институтының курсанттары және сардарлары қатысады. Қазір Ресей астанасында 70-тен астам жауынгеріміз басқа әскерилермен бірге салтанатты шеруге қызу дайындалуда. 27 сәуірден бері олар Мәскеу түбіндегі Алабино әскери полигонында, әскери құрамалар орналасқан жерде және Қызыл алаңда жаттығуда. Жеңістің 70 жылдығына арналған шеруге жалпы 16 мыңнан астам жауынгер, соғыс кезінде пайдаланылған және жаңа әскери техниканың 200-ге жуық бірлігі жұмылдырылмақ. ТМД әскерилерімен бірге парадқа Үндістан, Қытай, Сербия және Моңғолия елінен келген әскерилер де қатысады. Қызыл алаңдағы шеруде қазақстандық сап даңқты 28 батыр панфиловшылардың ізбасарлары деген кұрметті атақпен қызыл алаңда көк байрағымызды алып өтеді.

«Көптеген курсанттардың, сар­дарлардың аталары ҰОС-на қатысқан­дықтан, олар салтанатты шеруге ерекше жауапкершілікпен дайындалуда. Жалпы курсанттардың дайындығы өте жақсы, Қазақстанның қарулы күштеріне артылған құрметті міндетті атқаруға дайынбыз», – дейді ҚР Құрлық әскерлері әскери институты басшысының орынбасары Ахмеджан Тайыров.

Мәскеудегі парадты ТМД елдерінің президенттерімен бірге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та арнайы барып тамашалайтынын айта кеткен жөн. Екі парадтың да мақсаты біреу-ақ: бейбітшілік және бостандық үшін күрескен ата-бабаларға құрмет көрсету, олардың ерлігін ұрпаққа үлгі ету.