Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті: Заңның үстемдігі – экономикалық өсудің кепілі

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті: Заңның үстемдігі – экономикалық өсудің кепілі

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті: Заңның үстемдігі – экономикалық өсудің кепілі
ашық дереккөзі

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңейтілген отырыста «Мемлекет құру ісіндегі ары қарайғы 100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары таныстырылды. Елбасы ұсынған бес реформаны жүзеге асыру бағытындағы нақты «100 қадамның» практикалық жайттары қарастырылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты міндеттерді белгілеп берді.

Ақордадағы келелі жиынның шымыл­дығын ашқан Мемлекет басшысы алдымызда бес институ­ционалдық реформаны жүзеге асыру міндеті тұрғанын айта отырып: «Күні кеше сайлаудағы бүкілхалықтық ортақ жеңісімізді жаңа жеңістерге жалғау үшін өте үлкен жұмыс керек. Мен барлық Үкімет мүшелерін қайта тағайындадым, сенім көрсетілді. Соны ақтаңыздар», – деді. Елбасы отырысты ары қарай кітап түрінде басып шығарылған Ұлт жоспарына арнады.

– Бүгінгі отырыс «100 қадамға» арна­лады. Бес реформаның әрқай­сысы бойынша 20 қадамнан, жалпы есебі – 100 қадам жүзеге асырылады. Яғни, не істелуі керектігіне бас қатырудың қажеті жоқ. Бірақ осындағы әрбір іске шығармашылық тұрғыдан қарап, ілгері бастырып әкетулеріңіз керек. Жұмыс оңай емес. Бұрын-соңды жасалмаған нәрсе. Біз биліктің және жалпы халықтың психологиясын өзгертейік деп отырмыз! Сондықтан да барлықтарыңыздан интеллектуалдық жақсы жұмыс талап етіледі, – деді Президент Нұр­сұлтан Әбішұлы. Аталмыш «100 қадамның» орындалуын жеке бақылауында ұстайтындығын ескерткен Мемлекет басышысы ары қарай бес халықтық реформаның әр бағыты бойынша қолға алынатын шара­ларды кеңірек түсіндіріп өтті.

Елбасы кеңірек тоқталған бес реформаның алғашқысы – кәсіби және автономиялық мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. «Біз мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшуге тиіспіз. Бұл ретте мемлекеттік қызметке енді тек адал, дарынды, дайындалған азаматтарды ғана алатын боламыз. Мұны жасау әрине, оңайға түспейді. Бұл сөз күйінде қалмайды, ол нақты реформамен қабысады. Өте үлкен, терең, мағыналы жұмыс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Яғни, алдағы уақытта елімізде мемлекеттік қыз­метке үміткерлердің жеке қасиет­терін, кәсіби-басқарушылық қабілетін бағалайтын жаңа тестілеу жүйесі енгізілетін болады. Ал белгілі бір органдағы басшылық қызметтерге еңбегін сол салада төменнен бастаған мамандар ғана алынуы міндет­телмек. Осылайша, қатаң іріктеуден өткен шенеуніктердің жалақысы артатын болады. «Біз мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби аппаратын қалыптастыруға тиіспіз. Олардың бәсекеге қабілетті жалақысы болады. Оның көлемі жұмыс нәтижесіне байланыс­тырылады. Біздің тұспалдауымызша, жалақылары жеке сектордағы жалақылар мөлшерінің 70 пайызына теңестірілуі ықтимал. Осы жетпіс пайызға жеткізу мүмкіндігін әр министрлік өз ішінен табуға тиісті. Біз министрлерге, ведомство басшыларына оны өздеріңізге бөлінетін бюджет көлемінде анықтауға рұқсат етеміз», – деді Елбасы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүкіл мемлекеттік қызметке кадр іріктеуді жүргізетін бірыңғай рекрутингтік орталыққа айналуы қажеттігіне тоқталды. Ал бұл жаңалық алдағы уақытта «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда бекітілмек.

– Мемлекеттік қызмет агенттігі аса маңызды органға айналады. Бұл ретте оған қарасты коррупциямен күрес мәселесінде бір шешім қабылдаймыз: не Президент жанынан сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы комиссия құрылады, не осы агенттік ішінен жеке орган ашамыз. Біз мұны алда реформа бойынша комиссияның тобы аясында жеке талқыға салуымыз керек, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Бес халықтық реформаның екіншісі – сот және құқық қорғау жүйесін модернизациялау. Құқық қорғау саласында бірқатар өзгерістер болатындығына тоқталған Мемлекет басшысы: «Заңның үстемдігі, әділдік пен баршаның заң алдындағы теңдігі қағидаттарының сақталуы гүлденген мемлекеттің негізі және экономикалық өсудің кепілі болып табылады. Бұл судьялық лауазымдарға кандидаттарға қойылар біліктілік талаптарын қатайтуды талап етеді. Жасырып қайтеміз, сот жүйесін жайлаған жөнсіздік әлі толық жойылған жоқ. Ескі кадрлар отыр. Парақорлық та жоқ емес. Халық біледі. Сондықтан бұл салада бізді өте салмақты әрі орасан зор жұмыс күтіп тұр», – деді. Сонымен қатар, Президент жергілікті қоғамдастық алдында есеп беретін жергілікті полиция құру қажеттігін атап өтті.

– Ол қоғамдық тәртіпті сақтауға, тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл мен жол-патрульдік қызмет жұмысына жауапты болады. Нақ осы қызмет жергілікті қоғамдастықпен тығыз ынтымақтаса отырып, ұсақ заңбұзушылықтарға қатысты «нөлдік төзімділік» режимін қамтамасыз етуі тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мемлекеттік қызмет жүйесіне қосылатындығын мәлімдеді.

Реформадағы үшінші бағыт – индустрияландыру бағдарламасы. Аталмыш бағыт бойынша Мемлекет басшысы ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевке 3-4 экспорттық брендті дайындауды міндеттеді. Ал «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басшысы Қуандық Бишімбаевқа қазақстандық 30 алпауыт өңдеуші кәсіпорынды ілгерілету туралы тапсырма берілді. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жекешелендіру, салық жүйесін реформалау, электр энергетикасы саласындағы саясатты қайта қарау, құрылыс саласына өзгерістер енгізу, индустрияландыру бағдарламасын әрі қарай жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Кедендік рәсімдер мен Еуразиялық эконо­микалық одақ аясындағы сауда саясатын жетілдіру ісін бастау қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық көлік-коммуникациялық арналармен интеграциялануы тиіс екендігін айтқан Елбасы: «Жоғары жылдам­дықты «Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз» құрылуы тиіс. Ол әуе, теңіз, теміржол және автокөлік қатынастарын тоғыстырады. Еуразиялық дәліз екі бағыт бойынша өтеді. Біріншісі – Қазақстан, Ресей аумағы арқылы Еуропаға шығады. Екіншісі – Қазақстан аумағы арқылы Қорғастан Ақтау портына дейін, одан әрі Каспий теңізі мен Кавказ арқылы Еуропаға және Иран мен Парсы шығанағы арқылы оңтүстікке жалғасады. Жоба аясында Қазақстанның бүкіл аумағы арқылы Ақтау портына дейін жаңа теміржол желісін салу қажет», – деді.

Төртінші реформа – «Болашағы біртұтас ұлт» қалыптастыру. Елбасы ұсынған «Мәңгілік ел» идеясының негізінде «қазақстандық біртектілікті» нығайту шараларына Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев жауапты болмақ. Қазақстан Президенті ұлттық құндылықтарды және өскелең ұрпақ санасындағы патриотизмді нығайтудың маңызды екеніне тоқталды.

 – «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасын іске қосу қажет. Оның аясында кинофильмдер, сериалдар және ел тарихы, қазақстандық мәдениет, елдің бүгінгі өмірі туралы хабарлар түсірілетін болады. Туристік бағдарлар мен этноауылдар ұйымдастырылады. Мәдени инфрақұрылым бар­лық қазақстандықтар үшін қолже­тімдіге айналады. Мәңгілік Ел құндылықтарын мектеп стандарт­тарына қалай енгізу керектігін ойластыру керек, – деді Елбасы.

Бес халықтық реформаның соңғы бағыты – «Транспарентті және есеп беруші мемлекеттің» тұғырларын бекіту. Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкімет алдына нақты 5-6 негізгі индикатор қоятындығын айтты. «Ол өз кезегінде әрбір министр мен әкім үшін 2-3 нақты көрсеткішті белгілеп беретін болады. Бақылау тек мақсатты индикаторға қол жеткізу негізінде жүзеге асырылады. Аралық бақылау мен артық тапсырмаларды жойып, мемлекеттік органдарға көбірек еркіндік беру қажет. Олар өздерінің жұмысында өз бетімен әрекет ете алатындай, бірақ жауапты әрі есеп беріп отыратындай бола түседі», – деді Қазақстан Президенті.

Бес халықтық реформаның бағыттарын талқылаған Елбасы мемлекеттік бағдар­ламалардың санын қысқарту туралы да тапсырма берді. Ал салалық бағдарламалар мүлдем жойылады. Сөйтіп, салалық бағдарламалардағы маңызды тармақтар министрліктер мен ведомстволардың стратегиялық жоспарына енгізілмек. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мем­лекеттік органдардың халық алдында есеп беруі қажеттігін қадап айтты. «Мемлекеттік органдар тұрақты түрде халық алдында есеп беретін болады. Бізде мұның тәжірибесі бар: аудан, қала, облыс әкімдері жыл сайын тұрғындар алдында есеп береді. Демек, енді Үкімет пен министрлер де халық алдында есеп беруі тиіс», – деп атап өтті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту қажеттігіне тоқталды. «Олар міндетті түрде аумақты дамытуға арналған стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалардың орындалуын талқылауға қатысады; жергілікті жерлерде бюджеттің, азаматтар құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілер жобаларының, бағдар­ламалық құжаттар жобаларының айқындалуына атсалысады», – деді Мемлекет басшысы. Елбасы мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері болып саналатын «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясын құру мүмкіндігін қарастыруды да ұсынды.

Елбасы өзінің қорытынды сөзінде белгіленген жұмыстың барлығын қысқа мерзім ішінде аяқтау қажеттігін ескертті.

– Уақыт аз. Тез уақытта біз осыны жүзеге асырып шығуымыз керек. Сол себепті биыл жаз бойы барлық қажетті, негізгі заңдар жобалары жасалуы керек. Оларды Парламенттен күзгі сессияда шұғыл қабылдауды сұраймыз. Сөйтіп, ендігі жылдың басынан бастап, реформаларды іске қосып жіберуіміз қажет. Бұлардың барлығы өте ауқымды, әрі білім мен біліктілікті, өзге озық елдер тәжірибесін қарауды қажет етеді. Ақыр соңында ол біздің елімізді ешқашан жетпеген жаңа сатыға көтереді. Бұл өзіміздің және өзге елдердің алдындағы мәртебе, мерей, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.