288
ЭКСПО-ға 44 елдің өкілдері билет сатып алды
ЭКСПО-ға 44 елдің өкілдері билет сатып алды
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне 44 елдің өкілдері билет сатып алған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Бұл туралы «ЭКСПО-2017» көрмесінің ресми ашылу рәсімінде хабарланды.
«Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов өзінің соңғы сұхбатында Астанаға ЭКСПО кезінде 5 миллионға жуық туристер келеді деп болжам айтқан және билет сатып алғандар арасында 44 елдің өкілдері бар екенін мәлімдеді. Шетелдік туристердің басым бөлігі Ресей мен Қытайдан келетін көрінеді. Айта кетейік, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанаты ашылу рәсімі басталды. Оған 17 мемлекет және үкімет басшылары арнайы келді. Олар Қазақстан экспозицияларын тамашалап, Көрме аумағы мен қатысушы елдердің павильондарымен таныс болды. Ресми ашылу барысында Конгресс-Орталығында театрландырылған қойылым өтеді және ол Амфитеатрдағы концерттік бағдарламаға ұласады. Концерт аяқталған соң, көрермендер Сферадағы проекциялық лазерлі шоуды және таңғажайып отшашуды тамашалайды.
«ЭКСПО-2017» ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрме болмақ. 2012 жылдың 22 қарашасында Париж қаласында өткен Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) EXPO халықаралық бюросының Бас ассамблеясының 152-ші сессиясында Қазақстан ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша, Астана 103 дауыс жинап, Бельгияның Льеж қаласын басып озды. Аумағы 25 гектарды құрайтын Көрме кешенінде 115 мемлекеттің павильоны орналасқан. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея және 100% жаңартылатын энергия көздері есебінен өмір сүретін алғашқы ел - Коста-Рика бар. БҰҰ, ШЫҰ, МАГАТЭ, ЭСКАТО сынды 22 халықаралық ұйым да «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындарын ресми түрде растады.