Жас ауданның жарқын болашағы

Жас ауданның жарқын болашағы

Жас ауданның жарқын болашағы
ашық дереккөзі
Өткен аптада Алматы қаласы, Наурызбай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен журналистерге арналған пресс-тур болды. Наурызбай ауданының құрылуының 3 жылдығына орай өткізілген пресс-турда аудан әкімі Сайран Тәпенұлы Сайфеденов мырза БАҚ өкілдерін ауданның экономикалық және мәдени жағдайымен таныстыру мақсатында Наурызбай ауданы аймағындағы бірнеше нысанды аралатып, өзі басқарып отырған ауданның экономикалық-экологиялық, мәдени-демографиялық жай-күйі туралы журналистерге жан-жақты әңгімелеп берді. Пресс-тур қатысушыларының алғашқы ат басын тіреген жері Қалқаман ықшам ауданында орналасқан «Брот Мастер» ЖШС болды. Кондитерлік және қатты тоңазытылған нан-тоқаш өнімдерін өндіретін бұл өндіріс орны 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіп­орын жетекшісі В.Певищевтің айтуынша, 1 гектар аумақты алып жатқан бұл жекеменшік кәсіпорында 85 адам еңбек етеді. Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай мемлекетке пайда келтіріп отырған бұл кәсіпорын қазынаға 2015 жылы 11 млн 614 мың, 2016 жылы 150 млн 287 мың теңге салық төлепті. Демек, халықтың нан-тоқаш өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандырып келе жатқан бұл жекеменшік кәсіп­орынның аудан бюджетіне қосатын үлесі де мол деген сөз. Наурызбай ауданы таулы беткейге жақын орналасқан. Оның аймағынан бірнеше ірілі-ұсақты өзендер ағып өтеді. Соның ішіндегі ірілері – Қарағайлы және Ақсай өзендері. Өткен жылы жауын-шашынның шамадан тыс көптігінен Қарағайлы өзені тасып, маңайындағы елді біраз әбігерге салғаны бар. Сондай жағдай қайталанбас үшін аудан басшылығының ұсынысымен Қарағайлы өзенінің арнасын кеңітіп, оны бетондау және арна жиегіне темір қоршау салуға мемлекеттен қаржы бөлініп, ол бойынша істелуі тиіс құрылыс жұмыстары бітуге таяу. 7,7 шақырым аралықта өзен арнасы кеңітіліп, бетондау жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік үшін 7,6 шақырымы темір қоршаумен қоршалған. Бұл жұмыстарды атқаруға 380 адам қатысып, 26 эксковатор, 35 өзі төгетін автомобиль, 4 бетон насосы, 6 жүк көлігі, 2 автокран жұмылдырылған. Жобаны толық бітіруге 2 374 447 000 теңге бөлінген. Бүгінде өзеннің Жандосов көшесін кесіп өтер тұсына салынып жатқан көпір де әне-міне пайдалануға берілгелі тұр. Сонымен бірге Жандосов көшесінің Саин көшесінен басталып, Таусамалы ықшам ауданынан өтетін тұсындағы асфальт жол кеңітіліп, бұрынғы екі жолақты жол енді төрт жолақты жолға айналдырылып жатыр. Бұл жобаға жалпы 1,1 млрд теңге бөлінсе, соның 23 миллионы 3 көпірді қайта жасауға жұмсалуы көзделген. Аудан әкімі құрылысы аяқталуға аз қалған Қарағайлы өзеніндегі көпірдің үстінде тұрып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Онда С.Сайфеденов өзенге пайдаланған суларын ағызып қойған көптеген тұрғындарға айыппұл салынғанын, осы арқылы бүгінде Қарағайлының экологиясы жақсарғанын тілге тиек ете отырып, арнасы кеңейгені себепті секундына 27 м3 су өткізе алатын Қарағайлы өзенінен тұрғындарға тасқын қатері төнбейді деп сендірді. Келесі бағытымыз Қарағайлы поселкесінде орналасқан «Mari Рoppins» (Мэри Поппинс) балабақшасы болды. «Балапан» бағдарламасымен құрылып, Халықаралық қор мониторингы қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ең үздік үш балабақшаларының қатарына кірген бұл тәрбие орнында балаларға үш тілде білім беріледі екен. Негізінен ағылшын тіліне басымдық беретін бұл балабақшада тәрбие мен білім беруде қазақ тілінің де қолданылуы жоғары деңгейде. Балалары осы балабақшада тәлім алатын ата-аналарды сөзге тартып көрдік. Соның бірі Әлия Қадырова: «Немерелерімді әуелде басқа балабақшаға бергенмін. Онда орыс, ағылшын топтары ғана бар болатын. Аз ғана уақытта балалар қазақ тілін ұмыта бастағасын, осында әкелдім. Ал бұл жерде үш тіл де теңдей қолданылады. Қазір немерелерім қазақшаны да, ағылшыншаны да теңдей игеріп жатыр. Сондықтан немерелерім ана тілін ұмытып қалады деп қорықпаймын», – деді. Наурызбай ауданына қарасты таулы қыратта орналасқан шағын аудандардың бірі – Тастыбұлақ. Шығысында Таусамалы, солтүстігінде Ақжар ықшам аудандарымен шектесетін бұл поселкеде халық тығыз орналасқан. Кезінде Алматы облысының Қарасай ауданына қараған кезде бұл маңда жекеменшік үйлер көптеп салынып, соның нәтижесінде жолдары тар болып қалған. Алатауға өте жақын орналасқан, халықтың демалуына қолайлы орын болса да бұл жағы ескерілмеген. Дегенмен аудан тұрғындарынан құралған белсенді топты бастап, осы елді мекеннің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жақсылық Айбасов біраз жыл бойы Қарасай ауданы прокуратурасына кейбір жекеменшік құрылыстарды тоқтатып, халық демалуы үшін саябаққа орын қалдыру керектігін дәлелдеп шағым түсірген екен. Аудандық прокуратура жергілікті азаматтардың шағымының дұрыстығын дәлелдеп, олардың ұсыныстарына қолдау білдіріпті. Соның нәтижесінде бүгінде Тастыбұлақта саябақ жасалып, ондағы құрылыс жұмыстары 1 шілдеде аяқталып, пайдалануға берілмекші. Ақжар шағын ауданының төменгі жағында Наурызбай ауданының жаңа әкімшілік орталығында аудан әкімшілігінің, аудандық ішікі істер бөлімінің, аудандық прокуратураның және халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараттары салынып бітуге таяу. Сол секілді әкімшілік орталықтың жоғарысынан өтетін Абай даңғылының осы аумақтағы бөлігін, Қалқаман шағын ауданында ашылғалы тұрған 35 мың тұрғынның денсаулығын тексеруге арналған емхана мен өткен жылы ашылған замануи үлгідегі үш қабатты 157-мектепті аралатып, БАҚ өкілдерін ауданның денсаулық сақтау, білім беру мәселелеріне қаншалықты көңіл бөлініп отырғанынан хабардар етті. Аудан аумағындағы тұрғындардың балаларына жазғы демалысын қызықты етіп өткізуге пайдасы тиетін кейбір іс-шаралар да өзінің ерекшелігімен есте қалады. Мысалы, Алматы қаласында тұңғыш рет ашық аспан астындағы кинотеатр осы ауданда ұйымдастырылған. Пресс-тур қатысушыларына Таусамалы шағын ауданы орамдарының бірінде балаларға мультфильм көрсетіп жатқан ашық аспан астындағы кинотеатр жұмысын көрудің сәті түсті. Жасанды шөп төселген шағын футбол алаңындағы кинотеатрға жүзге жуық бала жиналып, үлкен экраннан мультфильм тамашалап отыр. Бұл да өзгелер іліп әкететіндей игі бастама екен. P.S. Наурызбай ауданы 2014 жылы құрылды. Ол аймақтық жақтан шығысында Алматы қаласының Әуезов ауданы, солтүстігінде Алатау аудандарымен, батысында Алматы облысы, Қарасай ауданымен және оңтүстігінде Іле-Алатауы ұлттық саябағымен шектеседі. Бүгінде жас ауданда қарқынды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ауданның үш жылдығының қарсаңында бірнеше құрылыс нысаны пайдалануға берілмек. 107,5 шақырым сумен қамтамасыз ететін құбыр, Ақсай, Қарғалы өзендеріне екі су тазалағыш салынбақшы. Осы арқылы «Таусамалы», «Таужолы», «Шұғыла», «Тастыбұлақ», «Ақжар», «Құрамыс», «Қарғалы», «Қарағайлы», «Жайлау» шағын аудандарын ауызсумен толық қамтамасыз ету көзделуде. Аудандағы «Қалқаман», «Алаш» шағынаудандарындағы жалпы ұзындығы 33 шақырым болатын 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жобаланған. Сол секілді 24,4 шақырымдық кәріз жүйесі салынбақ. Құрылғанына үш жыл болған жас ауданның болашағы жарқын. Ол Алматы қаласының батыс жағына сән беріп, ондағы тұрғындардың өмір сүруіне барынша қолайлы болғалы тұр.