Ақтөбеде туберкулезден көз жұмған науқастар жасырын көмілген

Ақтөбеде туберкулезден көз жұмған науқастар жасырын көмілген

Ақтөбеде туберкулезден көз жұмған науқастар жасырын көмілген
ашық дереккөзі
Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауылында туберкулездің дәріге көнбейтін түрлеріне шалдыққан науқастар көше кезіп жүр. Ауыл жанынан ашылған туберкулез ауруларына арналған хоспис тұрғындар үшін ажал жолдамасы іспетті. Туберкулездің асқынған түрінен қайтыс болған адамдардың рентген түсірілімдері мен жеке заттары ауыл жанындағы қоқыс полигонында шашылып жатқанын көрген жергілікті тұрғындар дабыл қақты. Бұл туралы NUR.KZ хабарлады. «Біздің ауылдағы ауруханада өкпе ауруына шалдыққандардың жазылмайтын түрлері емделеді. Жүре алмайтындары жатады, жүре алатындары ауыл ішінде кезіп жүр. Аурухананың суын соратын машина балабақшаның ауласына кіріп су сорады. Науқастардың залалсыздандырылмаған қалдықтарын түнде Жарөткелдегі полигонға төгеді. Бұл мәселені біз бірнеше жылдан бері көтеріп келеміз. Естір құлақ жоқ. Халық ажал үстінде отырғанда Ақтөбедегі биліктің құлағы бітеу ме?», - дейді ауыл тұрғыны Асылбек Жадырасынов. Ауыл тұрғындары облыс әкімдігінен бастап, прокуратураға дейін арызданған. Әзірге халықтың жайына алаңдап отырған билік жоқ. Хоспистің бас дәрігеріне санитарлық талаптың сақталмауына байланысты әкімшілік хаттама толтырумен шектелген. Үрей билеген халық жағдай жалғаса берсе, бүкіл ауылдың өкпесіне су толып, қан түкіріп өлетінін айтады. «Өлгендерді түнде жасырып көміп тастайды. Қауіпті адамдар емделіп жатқан аурухана ауыл тұрғындарын ғана алаңдатып отырған жоқ. Себебі, аурухана «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолына жақын. Жүргіншілердің өзі жұқтыруы мүмкін. Ақтөбедегі басшылардың немқұрайлығынан бүкіл еуропа мен қытай ауруға шалдығады. Олар өлген адамның заттарын да полигонға апарып шашып тастайды», – дейді ауыл тұрғыны Асылбек Жадырасынов. Аурухананың кесірінен ауылда отбасымен өкпе ауруына шалдыққандар бар. «Менің келінім Айгүл Қарабалина ауылдағы өкпе ауруына шалдыққандарды емдейтін ауруханада жұмыс жасады. Өзі және үш баласына ауру жұқтырып, қалада төрт ай емделді. Біз балаларымыздың болашағынан қорқамыз. Халық бұл аурухананың ауылдан көшірілуін сұрайды», - дейді Бақытқали Әубәкіров. Жауапты мамандар да Ақтөбеде туберкулездің дәріге көнбейтін қауіпті түрінің көбейгенін растап отыр. «Созылмалы және алғаш рет анықталған адамдар арасында туберкулездің дәріге көнбейтін түрлерінің таралуы сақталуда. Облыс бойынша соңғы 4 жылда осы топтағы науқастардың саны 31-ден 63 –ке көтеріліп отыр. 2014 жылы 61 науқастан 10-ы қайтыс болды, 2015 жылы 58 науқастың 16-сы қайтыс болды, 2016 жылы 40 науқастың 11- і қайтты. Қазіргі уақытта 21 емделуші бар», - деген Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы ауыл тұғындарына берген жауабында. Тұрғындардың айтуынша, аурудан өлгендер тізімі бұдан да көп. Хоспис мәселесін қолға алған ауыл тұрғындары ауруханада қайтыс болып, түнде жасырын көмілгендердің тізімін де жасап алған. Осы тізімге өздері ілікпей тұрғанда аурухананың басқа жерге көшірілуін сұрайды.