186
Елордаға Александр Вучу келді
Елордаға Александр Вучу келді
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысу үшін Астанаға Сербия Президенті Александр Вучу келді.
Құрметті қонақты елорда әуежайынан ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев және Сербиядағы Қазақстан елшісі Нұрбах Рүстемов күтіп алды. Айта кетерлігі, 9 маусым күні кешкісін өтетін халықаралық мамандандырылған көрменің салтанатты ашылу рәсіміне 17 елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысатын болады.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымы отырысы аяқталғаннан кейін ЭКСПО-ның салтанатты ашылуы болады. Біз ашылу салтанатына 17 елдің мемлекет және үкімет басшыларын күтіп отырмыз. Мұнан бөлек, қатысушы елдердің атынан заңнамалық органдардың өкілдері, министрлері қатысатын болады. Қазіргі уақытта бізде осындай нақтыланған мәлімет бар», - деген еді еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.
Сондай-ақ, елордада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысу үшін Ауғанстан Президенті Ашраф Гани Ахмадзай, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Пәкістан Президенті Мамнун Хусейн, Ресей Президенті Владимир Путин келгенін айта кетейік.
ШЫҰ саммиті барысында Пәкістан мен Үндістан аталған ұйымға мүшелікке қабылданады деп күтілуде. Осылайша, ШЫҰ жер тұрғындарының 40 пайызын, әлем экономикасының шамамен үштен бірін қамтитын болады. Бүгінде ұйымға Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері мүше. Қазіргі уақытта ШЫҰ төрағасы - Қазақстан. Ертеңгі саммит барысында төрағалық Қытай тарапына өтеді.