223
Нығматулин: Бюджет қаржысына қатысты қулық әрекеттерге жол бермеу керек
Нығматулин: Бюджет қаржысына қатысты қулық әрекеттерге жол бермеу керек
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бюджет қаржысына қатысты қулық әрекеттерге жол бермеу керектігін қадап айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Атап айтқанда, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді талқылау барысында мемлекеттің қаражатын тиімді игерудің жауапкершілігі мәселесі көтерілді.
Н. Нығматулиннің атап өтуінше, кейбір квазимемлекеттік сектордың субъектілері өз шоттарында қомақты қаржы бола тұра, алдағы қаржылық жылға алатын бюджеттік қаржының көлемін сақтап қалу үшін қосымша миллиардтаған соманы сұрауды жалғастыруда. Сонымен қатар мемлекеттік органдар оларға қолдау жасауда. «Мемлекеттік қаржыны аударғаны үшін ешқандай жауапкершілік болмай тұр. Осы орайда бюджеттік қаржыға қатысты айла-шарғы жасауды доғару керек. Яғни жыл соңына қарай бұл қаражаттың игерілмеуі қаупі туындағанда осы жұмсалмаған қаржыны квазимемлекеттік сектордың шотына аудару немесе ұлттық компаниялардың еншілес ұйымдарының жарғылықты капиталын толтыруға бағыттау басталады»,-деп ескертті Н. Нығматулин.
Сөз соңында Мәжіліс төрағасы қарастырылған қаржы шын мәнінде елдің экономикасына жұмыс істеуі үшін квазимемлекеттік секторды қаржыландыру тетігін өзгертуді және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін арттыруды қамтитын қадамдарды пысықтау керектігін атап өтті.