318
Б. Сапарбаев: Құм көшін тоқтату үшін сексеуілді көптеп отырғызу керек
Б. Сапарбаев: Құм көшін тоқтату үшін сексеуілді көптеп отырғызу керек
Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданындағы Жайсаңбай елді мекенін құм басып қалу қаупі бар, – деп хабарлайды «Тілші» ақпарат агенттігі.
Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Ырғыз ауданына жасаған сапары барысында ауданның ең шалғай ауылы Жайсаңбайға жақындап қалған үлкен құмды көріп, онымен күрес жұмыстарын қолға алу керектігін жеткізді.
Әзірге, Жайсаңбай ауылының тұрғындары демеуші тауып, ауылды айнала сексеуіл мен дүзгін егіп жатыр. Ауыл әкімі Ғалымбек Байтақовтың айтуына қарағанда, биыл 300 түп сексеуіл, 200 түп дүзгін отырғызылған екен. Олар көршілес Арал ауданынан жеткізіледі. Әр түптің бағасы 100 теңгеге жетпейді. Оларды аса суарудың да қажеті жоқ. Аптасына бір рет су құйылады.
Ауылға жақындап келе жатқан үлкен құм туралы облыс басшысы Бердібек Сапарбаев тұрғындармен кездесу барысында айтып өтті. «Бұл іспен эколог, орманшылар айналысады. Қызылорда облысының Арал ауданында мұндай жұмыстар тоқсаныншы жылдары басталып кеткен. Құм көшін тоқтату үшін сексеуілді көптеп отырғызу керек. Ертең іссапардан қалаға оралған соң, бұл мәселемен де айналысамыз», – деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Жайсаңбай ауылы аудан орталығы Ырғыздан шамамен 160 шақырым қашықтықта орналасқан. Жаз бойы онда құм борап тұрады.