Оқушыны зорлау ісінде күдіктіні ақтап алмақ болған прокурор қызметінен қуылды

Оқушыны зорлау ісінде күдіктіні ақтап алмақ болған прокурор қызметінен қуылды

Оқушыны зорлау ісінде күдіктіні ақтап алмақ болған прокурор қызметінен қуылды
ашық дереккөзі
1247
Оңтүстік Қазақстан облысында 14 жасар қызды зорлау ісі жаңадан өрби бастады. Бұған дейін жеткіншектің ата-анасы қылмыстық іс қозғата алмай қоғамнан көмек сұраса, енді ҚР Бас прокуратурасы бұл істі өзінің бақылауына алып отыр. Бұл туралы ведомствоның Facebook-парақшасына сілтеме sn.kz хабарлады. 
Еске салайық, 10 мамыр күні ОҚО Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында оқитын 14 жасар қызды 21 жастағы ер азамат мектептен күштеп алып кетіп, бір күн бойы Шымкенттегі жалдамалы пәтерлердің бірінде ұстаған болатын. Тексеру барысында қыздың зорланғаны анықталды. 11 мамыр күні оқушыны ата-анасына тауып берген полицейлер қылмыстық істі 20 күн бойы қозғамаған. Тек шымкенттік блогер Айгүл Орынбек пен қыздың анасы жасаған видеомәлімдемеден кейін ғана Бәйдібек аудандық ІІБ 21 жастағы күдіктіні қамауға алды. Полицейлер қыздың ата-анасы тарапынан 20 күн бойы арыздың түспегенін айтып сылтауратыпты. Алайда, ашынған ана полиция бөлімшесіне бір емес, үш рет келіп арыз жазғанын сол видеороликтердің бірінде мәлімдеді. Артынша белгілі болғандай, ауданның бас прокуроры Әбутәліп Мұстафаев оқушы қызды зорлау дерегінің тіркелгенін біле тұра іске көз жұма қарапты. Тіпті, "Время" газетінің тілшісіне сұхбат беріп, жәбірленген жеткіншектің өзін кінәлған. Енді қазір ол қызметінен шеттетіліп, үстінен қызметтік тексеру басталып кетті. "Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Іс ОҚО ІШкі істер департаментіне берілді. Істі одан әрі тергеуге облыстық прокуратураның прокуроры бекітілді", - делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада. Айта кету керек, "Время" газетіндегі осынау материалдан кейін Мәжілістің экс-депутаты Мұрат Әбенов Бәйдібек ауданының бас прокурорына шара қолдануды ұсынып мәлімдеме жасаған болатын. "14 жасар қыздың ұрланып, зорланғанына қатысты оңтүстікқазақстандық прокурордың сұхбаты көңілде күдік туғызды. Кішкентай қыздың жеке өмірі жайында газетке сұхбат беруге, сол арқылы қызға қоғамда сенімсіздік тудыруына кім оған рұқсат берді? Қыз бен жігіттің ғашықтар болғанын, жыныстық қатынасқа өз еріктерімен түскенін ол қайдан біледі? Кім оған сараптаманың нәтижесін алдын ала жария етуге рұқсат берді? Мұны жәбірленуші тарапқа жасалған қысым деп айтуға болады. Ұрланып, кейін зорланған кішкентай қызды "даулы оқушы" деп сұхбат беру үшін адам қаншалықты надан болуы керек?", - деп жазды Әбенов өзінің Facebook-парақшасында. Айта кету керек, "Время" газетіндегі осынау материалда аудандық прокурор 21 жастағы күдіктіні барынша ақтап алуға тырысқаны байқалады. Енді ол қызметінен шеттетіліп, үстінен тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Өйткені, ҚР заңнамасында кәмелетке толмаған балаларға жасалған қылмыстың мән-жайын, әсіресе ол зорлық-хзомбылыққа қатысты болса жария етуге болмайды.

Серіктес жаңалықтары