Тараздағы автобус апатынан 26 адам зардап шекті

Тараздағы автобус апатынан 26 адам зардап шекті

Тараздағы автобус апатынан 26 адам зардап шекті
ашық дереккөзі

Тараз қаласында жолаушы толы автобус жол апатына түсіп, отызға жуық адам опат бола жаздады, – деп хабарлайды 31-арна. Арнаның хабарлауынша, камазбен соқтығысқан қоғамдық көліктегі 26 адам түрлі жарақат алды. Науқастардың дені қол-аяғын сындырып алған. Кейбірін дәрігерлер ота жасауға дайындауда. Оқыс оқиға сағат ондарға жуық болған. Баласағұн көшесімен келе жатқан автобусты Камаз бүйірден соғып, бірнеше метрге сүйреп әкеткен. Соққының жойқын болғаны соншалық есік-терезе түгел түсіп қалған. Зардап шеккендер дереу ауруханаға жеткізілді. «№1- қалалық ауруханаға 24 науқас жеткізілді. Оның ішінде төртеуіне ота жасалды. Біреуінің кистасы жарылып кеткен. 18 жастағы қыз. Біреуінің оң жақ иығы сынған. Оған гипс саланып, травматологияда жатыр. Ота жасалады», – дейді №1 Тараз қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев. Тағы екі науқастың ішкі құрылыстары қатты зақымданған. Апаттан автобус жүргізушісі де зардап шекті. Айтуынша, бұл жағдайға Камаз көлігінің жүргізушісі кінәлі. Автобус жүргізушісінің сөзінше, камаз негізгі жолда келе жатқан қоғамдық көлікке жол беруі тиіс болған. Ал осы маңның тұрғындары болған жайтқа бағдаршамды бақылайтын мекемені айыптайды. Бекер емес, дәл осы бұрылыстағы бағдаршамның істеуінен іске жарамайтын кезі көп дейді тұрғындар. Мұндағы бағдаршам апаттан кейін іске қосылды. Алдындағы дауылдан бері қалада әлі талай бағдаршам қалпына келмеген.