"Ортеке" - Оңтүстік балғындарына базарлық

"Ортеке" - Оңтүстік балғындарына базарлық

"Ортеке" - Оңтүстік балғындарына базарлық
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен «Түркістан – Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы» жобасы мен «Болашақ энергиясы ЭКСПО 2017 халықаралық көрмесі» аясында 2017 жылдың 6-9 маусым аралығында Түркістан-Шымкент қалаларында «Ортеке» V Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалін ұйымдастырады. Бұл іс шараны өткізудің мақсаты кәсіби қуыршақ өнерін көпшілікке таныту, аймақаралық ынтымақтастық пен кәсіби қуыршақ өнері саласындағы халықаралық мәдени байланысты нығайту, дарынды әртістер мен режиссерлерді анықтап, ынталандыру, қуыршақ өнері актерлерінің кәсіби және орындаушылық шеберлігі деңгейін арттыру, отандық қуыршақ өнерінің дамуына жағдай жасау болып табылады. Фестиваль аясында Түркістан-Шымкент қалаларының тұрғындары мен қонақтары М. Жанғазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры, Түркия мемлекетінен келген «Adana» және «Қара көз» қуыршақ театрларының, сонымен қатар Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры, Маңғыстау облыстық қуыршақ театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры, С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрлары ұжымдарының орындауларында қазақстандық және шетелдік авторлардың туындыларын тамашалай алады. Барлық спектакль көрсетілімдеріне құрамына Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, Оренбуг облыстық қуыршық театрының көркемдік жетекшісі Вадим Александрович Смирнов (Ресей федерациясы, Оренбург қаласы), Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Абуева Сабила (Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы), Түркиядағы UNİMA ұйымының мүшесі, сыншы, қуыршақ театрларын зерттеуші, жазушы Мевлут Озхан (Түркия, Измир қаласы), ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Халықтар Достығы», «Құрмет белгісі», «Ерен еңбегі үшін» ордендері мен медальдарының иегері, ҚазҰӨУ профессоры, Астана қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, Қазылар алқасының төрайымы Құралай Халекетқызы Ешмұратова (Қазақстан Республикасы, Астана қаласы) – сынды кәсіби мамандар енген, халықаралық қазылар алқасы төрелік жасайды. Фестиваль аясында келесі шаралар ұйымдастырылатын болады: - 06 маусым сағат 10:30-де – қазылар алқасы және Ұйымдастыру комитеті мүшелерінің қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты, сонымен қатар сағат 11:00-де Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі; - 06 және 09 маусым аралығы – спектакльдер көрсетілімі, шеберлік дәрістері; - 09 маусым – Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі. Спектакльдер Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халақаралық қазақ-түрік университеті Мәдениет орталығы (Түркістан қаласы), Ш. Қалдаяқов ат. Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясы, Оңтүстік қазақстан облыстық орыс театры, Оңтүстік қазақстан облыстық қуыршақ театры сахналарында қойылатын болады. Келем деушілерге есік ашық.