Каракас көшелеріндегі қантөгіс

Каракас көшелеріндегі қантөгіс

Каракас көшелеріндегі қантөгіс
ашық дереккөзі
342
2014 жылдан бері көшелерінен тыныштық кеткен Каракас соңғы уақытта айғай-шудан, атыс-шабыстан тіпті көз ашпайтын болды. Күн сайын Венесуэланың түкпір-түкпірінде болып жататын наразылық шерулері жергілікті жұрттың қалыпты тірлігіне айналып кеткен. Қайтыс болғандар мен жараланғандар жайлы жаңалықтар да ешкімді селт еткізбейді: соңғы екі айда елдегі толастамайтын берекесіздіктер салдарынан 55 адам көз жұмып, 500 адам жарақат алған. Көшеге шыққандарға аяушылық жоқ екенін білсе де жоқшылықтан әбден жүдеген, биліктің пәтуасыздығынан мезі болған халықтың алаңға шығып айқайлағаннан басқа амалы жоқ.  Венесуэладағы алғашқы наразылықтар 2014 жылдың қаңтарында өткен президент сайлауынан кейін басталды. Қатерлі ісіктен көз жұмған Уго Чавестен кейін оның мұрагері Николас Мадуроның билікке келуі көпке ұнай қойған жоқ. Оппозициялық үміткер Энрике Каприлестің жақтастары көшеге шығып, сайлаудың әділ өтпегенін мәлімдеді. Билік пен оппозиция арасындағы көше қақтығыстары кезіндегі қайғылы оқиғалар наразылықты одан бетер үдете түсті. 2014 жылдың 6 қаңтарында Венесуэланың бұрынғы ханшайымы Моника Спир мен оның күйеуі өлтірілді, ал олардың 5 жасар қызы аяғынан жарақат алды. Бұл қылмыстар қоғамдық қарсылық тудырып, қылмыстық топтардың озбырлығына қарсы наразылықтың жаңа толқыны басталды. 2016 жылдың 2 мамырында оппозиция басшылары Орталық сайлау комиссиясына президент Мадуроны биліктен тайдыру жөніндегі референдум өткізуді талап еткен петиция тапсырды. Алайда Орталық сайлау комиссиясы бұл талапты орындаған жоқ, салдарынан наразылық акцияларын ұйымдастырушылардың ашуы күшейе түсті. Толқулар басталғалы бері ұлттық гвардия мен полиция шеруге шыққандарды аяусыз басып-жаншып келеді, соған қарамастан наразы топ алған бетінен таяр емес. Тәртіп сақшылары резеңке оқтар, көзден жас ағызатын газ, суатқыштар қолданады. Жаппай қамауға алу, бүлік белсенділерін сұрақтың астына алып, қинау секілді шаралар да ұдайы жүргізіліп келеді. Ал наразылық білдірушілер көбіне ағаш сырық, сойыл, тас, жанғыш қоспа толтырылған бөтелке секілді заттармен жарақтанады. Елдің бас прокуроры Луиса Ортега Диастың айтуынша, қарулы қақтығыстар салдарынан соңғы екі айда Венесуэлада 55 адам көз жұмып, 500-ден астам адам жарақат алған. Бас прокурор наразылық шеруіне қатысқандардың бірі – 20 жастағы студенттің қазасына күштік құрылымдарды кінәлады. «Біздің зерттеуіміздің нәтижесінде студент көкірек қуысының жабық жарақатынан туындаған кардиогендік шоктан қаза тапқаны белгілі болды. Оған көзден жас ағызатын газы бар оқ тиген», – деді ол.

 ШИКІЗАТЫ ЖОҚ ЗАУЫТТАР, ТАУАРЫ ЖОҚ ДҮКЕНДЕР

  Венесуэлалықтардың бүгінгі жағдайын түсіну үшін, жергілікті халықпен тілдескен шетелдік басылымдарға үңіліп көрдік. Каракастағы ЖОО-ларың бірінде сабақ беретін оқытушы Гильберто Кольменарестің айтуынша, елдегі берекесіздік Уго Чавестің кезінде-ақ басталған. «Мен Уго Чавестің тұрақты қолдаушысы болдым. Оны ел үшін көп жақсылық жасаған мықты көшбасшы деп білемін. Алайда ол билік еткен кездің өзінде Каракаста қылмыс деңгейі көтеріле бастады, әсіресе, есірткі саудасы қарқын алды. Бұл жағдай ауылдардан астанаға көшкен адамдардың көбеюімен тіпті ушығып кетті. Билікке Николас Мадуро келгеннен кейін берекесіздік бірнеше есе артты. Ол біздің ел тарихындағы ең нашар президент. Қазір Каракас көшелерінде бейғам жүру мүмкін емес. Қауіпсіздік шараларын сақтасаң, күндіз жүруге болады, алайда түнде шықпай-ақ қойған дұрыс», – дейді Каракас тұрғыны. Соңғы бір айдың ішінде көше бұзақылары оны үш рет тонамақ болыпты. Үш жолы да жәбір көрсетушілерден иті қорғап қалған. Ал түнде жалғыз кетіп бара жатқан досына әуелі оқ атып, кейін қалтасындағыны қағып кеткен. Гильберто Кольменарестің айтуынша, биыл ел тұрғындары азық-түлік тапшылығын ерекше сезінуде. «Дүкендерде күнделікті тұрмысқа ең қажетті заттар жоқ. Қаланың барлық наубайханалары жабылған, яғни нан жоқ. Сондықтан көппен бірге наразылық акцияларына шығып жүрмін. Бірақ жағдай оңалып кетер деген үміт аз. Елдегі саясаткерлер мен партиялардың ішінен Мадуро мен оның командасын алмастыра алатын ешкімді көрмеймін», – дейді оқытушы. Каракастық студент Луис Альварадо да наразылық акцияларына белсене қатысушылардың бірі. Оның айтуынша, төзімі таусылған Каракас тұрғындары қорқыныш дегенді ұмытқан. «Бір жарым ай бұрын Венесуэланың Жоғарғы соты 2015 жылы сайланған парламенттің өкілеттігін жойды. Каракастағы берекесіздіктің ушығуына сол түрткі болды. Ал елдегі әлеуметтік жағдай бұрыннан нашар болатын. Бізде дәрі-дәрмек пен өзге де маңызды тауарлар жоқ, өйткені зауыттарда шикізат болмағандықтан өндіріс тоқтап қалған. Үкімет өзі енгізген валюталық шектеулердің кесірінен шикізат сатып ала алмай отыр. Мадуро мен оның командасы маған әу бастан ұнамайтын. Жоғарғы соттың шешімінен кейін наразылық акцияларына қатыса бастадым. Полиция қарсылық шерулерін қатыгездікпен басып-жаншиды. Алайда қазір каракастықтарға бәрібір секілді, олар қорқынышты ұмытқан», – дейді студент. Бір ғана 2016 жылдың өзінде Венесуэла астанасында 28 мыңнан астам қасақана өлім жасалған. Луис Альварадо да талай мәрте қауіп-қатермен бетпе-бет келіпті. «Мені бірнеше рет тонап кетті. Кейде қашып үлгеретінмін, кейде бұзақылар барымды сыпырып алады. Мұндай жағдайға қала тұрғындары күнде тап болады. Қылмыстың күрт көбеюі таңғаларлық жайт емес. Өйткені қарудың түр-түрі көшеде ашықтан-ашық саудалануда. Оны полцейлер мен әскерилердің өздері сатады. Қара базарда «Глок» тапаншалары мен америкалық М16 мылтықтары және ресейлік АК-47 қаруына сұраныс көп. Бізде тіпті 13 жастағы оқушылардың өзі суық қарулардың қайда сатылатынын біледі», – дейді ол. Каракастық студенттің айтуынша, Венесуэладағы есірткі саудасын биліктің өзі дөңгелетіп отыр. Президент Мадуроның әйелінің екі жиені АҚШ-та есірткі саудасын ұйымдастырғаны үшін түрмеге қамалуы оның сөзін растайтындай. Венесуэланың вице-президенті Тарек Эль-Айссами да осындай айыппен халықаралық іздеуде жүр. Ал бұрынғы әскери қызметкер, музыкант Хорхе Кампостың пікірінше, Чавестің кезінде де елде шешімін күткен түйткіл көп болған. Алайда мемлекет баяу болса да дамыды. «Күні бүгінге дейін саясатқа бас ауыртып көрген емеспін. Әскери қызметте болдым, сол кездің өлшемі бойынша жақсы жалақы алып жүрдім. Одан кейін университетке түстім де, музыкамен кәсіби түрде айналыса бастадым. Чавес билігінің игілігі сол, кедей аудандардың тұрғындары орталыққа келіп білім алды, жұмысқа орналасты. Оның ізін жалғастырушылар елді құлдыратып жібергені соншалық, адамдар ауруханаға немесе басқа да қоғамдық орындарға бара алмайды, себебі есіктерінде қара құлып тұр. Олардың жабылған себебі – мемлекет қауіпсіздіктерін қамтамасыз ете алмай отыр. Кеше өзімнің тобыммен бірге түнгі клубта өнер көрсетіп, үй-үйімізге тарағалы жатқанда бізге бес қарулы адам тап берді. Аспаптарымыз бен қалтамыздағы ақшаның бәрін тартып алды. Ал әнші қызымызды көзімізше сабап тастады. Ештеңе істей алмадық, өйткені шалыс бассаң олар оқ жаудыруға дайын тұр», – дейді музыкант. Қылмыскерлерден зәбір көрген венесуэлалықтар полицияға шағымдануға да қорқады. Өйткені құқық қорғау органдарына қазір кез келген адамды ала береді, тіпті бұрын істі болғандар мен нашақорлар да полиция қатарында қызмет етіп жүр. Үкімет тіпті ерікті көмекшілердің көмегіне де сүйенеді. Бетперде киіп, мотоциклге мініп жүйткіген алпамса денелі жігіттерді жергілікті жұрт «коллективос» деп атайды. Олар наразы топқа тап беріп, оппозиция белсенділерін аяусыз соққыға жығады. Қарсылық шерулерінен қантөгістен басқа ешқандай нәтиже шықпайтынын ұққан Хорхе Кампос бұқаралық бүліктерден бойын аулақ салуға тырысады. «Наразылық акцияларының ешбіріне қатыспаймын. Шерулерді ұйымдастыратын оппозиция мүшелері Венесуэланың ауқатты отбасыларынан шыққандар. Олар үкіметтегі орындарға қол жеткізгісі келеді. Алайда билікке келсе, олар менің елімдегі жағдайды оңалтуға тырысады дегенге күмәнім бар. Өз басым билікке де, оппозицияға да сенбеймін», – дейді Хорхе Кампос.

 МАДУРОНЫҢ ҚОЛДАУШЫСЫ КІМ?

 Ресей Ғылым академиясы Латын Америкасы институтының саяси зерттеулер орталығының жетекшісі, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің прфессоры Збигнев Ивановскийдің пікірінше, Венесуэлада мемлекеттік билікке қарсылық толастамай тұрса да, президент Мадуро саясатын қолдайтындар баршылық. «Әлеуметтік зерттеулердің кереғар қорытындыларына сүйенсек, Мадуроның рейтингі 18-ден 30 пайызға дейін. Оны қолдайтындардың дені әлеуметтік реформалардың игілігін көріп, білім мен денсаулық сақтау жүйесіне қолы жеткен қоғамның аз қамтамасыз етілген тобы. Қорғаныс министрі Владимир Падрино Лопес те мемлекет басшысының жақтасы. Ол елдің қуатты қарулы күштерін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Тағы бір ескеретін жайт, ел тұрғындарының басым бөлігі билікті де, оппозицияны да қолдамайды және қазіргі саясаткерлердің бәрі қызметінен кетуі тиіс деп есептейді», – дейді сарапшы. Венесуэла билігіндегі негізгі түйткіл – заң шығарушы және атқарушы тармақтардың бір-бірін мойындамауында. 2013 жылы Мадуроға сайлаушылардың 50,6 пайызы дауыс берді, оның өкілеттігі 2019 жылдың басында аяқталады. Ал 2015 жылдың парламент сайлауында оппозиция 66,3 пайыз дауысқа ие болды және заң бойынша Ұлттық ассамблея 2021 жылдың қаңтарына дейін жұмыс істеуі керек. «Билік тармақтары арасындағы кикілжің беделді халықаралық бақылаушылардың қадағалауымен өтетін жалпыұлттық сайлау арқылы шешілер еді. Алайда мұндай үрдіс конституцияда қарастырылмаған. Ал билік мұндай қадамға барғысы келмейді, өйткені өзінің жеңіске жету мүмкіндігі тым аз екенін біледі», – дейді Ивановский. Сарапшының айтуынша, қылмыс деңгейінің жоғарылауы елдегі берекесіздікті ушықтырып барады. Бұқаралық қарсылық акциялары басылмай тұрғандықтан құқыққорғау органдары ұрлық пен кісі өлтіру қылмыстарына тосқауыл қоя алмайды. Көшедегі жаппай тәртіпсіздікті пайдаланған қылмыскерлер дүкендерді тонап, қолына іліккенді алып, ала алмағанын талқандауда. Елде қару-жарақ көп әрі оңай қолжетімді болғандықтан қылмыскерлер қатары күн санап ұлғайып барады. Венесуэла қазір Латын Америкасы елдері арасында зорлық-зомбылық жөнінен көш бастап тұр. Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметінше, кісі өлтіру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 90-ға тең. Бұл көрсеткіш бойынша Венесуэла тек азаматтық соғыс жүріп жатқан елдерден ғана қалыс қалады. Егер Николас Мадуро «төңкерістік басып алуды қорғау» деген желеумен өзінің жақтастарын жаппай қаруландыру туралы ойын жүзеге асырар болса, мемлекетте азамат соғысының өрті тұтануы ғажап емес. Қазір Венесуэланың экономикалық жағдайы қалт-құлт күйде. Халықаралық валюталық қордың бағалауынша, 2016 жылы елдегі ІЖӨ құлдырау көрсеткіші 18 пайыз болса, инфляция деңгейі 550 пайызға, жұмыссыздық 21 пайызға жетті. Мемлекеттің сыртқы қарызы – 130 млрд доллар. Бұл көрсеткіштер дефолттың ауылы алыс емес екенін ұқтыратындай. Кедейліктің шегіне жеткен венесуэлалықтар дүкеннен нан, тіршілікке ең қажетті тұтыну тауарлары мен дәрі-дәрмек таппай дал. Гуманитарлық апат деп жарияланған бұл шыңыраудан елді кім құтқарары белгісіз. Күн құрғатпай көшеге шыққан шерушілер Мадуроны тақтан тайдырған күннің өзінде елде оның орнын басар лайықты үміткер жоқ. Жүдеген халыққа шын жанашыр табыла қалса да, Венесуэланы бүгінгі биліктің ойранынан айықтыру оңайға соқпасы анық.    

Серіктес жаңалықтары