Ақтөбе облысында 112 мың бала жазғы демалыспен қамтылады

Ақтөбе облысында 112 мың бала жазғы демалыспен қамтылады

Ақтөбе облысында 112 мың бала жазғы демалыспен қамтылады
ашық дереккөзі
Ақтөбе облысының әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың басшылығымен өткен жиында жазғы демалыс кезінде балалардың демалысын, бос уақытын ұйымдастыру секілді өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. 2017 жылы өңірде 11 қала сыртындағы лагерь жұмыс жасайтын болса, оның 9-ы – жеке меншік иелігінде. Бұдан өзге мектеп жанынан 380 лагерь, 30 шатырлы лагерь жұмыс жасамақ. Білім беру басқармасының болжамынша жазғы демалыспен оқушылардың 92 пайызы, яғни 112 мың бала қамтылады. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватына және Ақтөбе облысының өзге де қорықтарына саяхат жасау жоспарда бар. Барлығы 25 туристік маршрут жасақталды. Жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылардың балаларын сауықтыруға баса назар аударылады.  Білім беру басқармасының  басшысы Сәуле Өмірбекова хабарлағандай, осы жылы 14 мың жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүгедек, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларын қамту жоспарланған. Сонымен қатар, ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған және қолайсыз отбасыларда өсіп келе жатқан жасөспірімдер де жаз айларында барынша бос жүрмейтін болады. Жиналыс кезінде балалардың демалу  мүмкіндігін кеңейту тақырыбы да көтерілді. «Шатырлы лагерьлер санын арттырған жөн, әр ауданда ең болмағанда  бір шатырлы лагерь болу керек. Аталған мәселені 10 күннің ішінде шешуді тапсырамын. Бұл сондай-ақ, еңбек отрядтарына да қатысты», – деп атап өтті облыс әкімі. 2016 жылы қазанда  облыс әкімінің бастамасымен «Ақбөбек-Шығыс» лагерінің негізінде дарынды балаларға арналған  жыл бойғы  демалыс орны өз жұмысын бастаған болатын. Жоба мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жүзеге асырылды. Лагерь 12 күндік бір ауысымда халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми және спорттық жарыстардың, шығармашылық конкурстардың қатысушыларынан құралған 115 баланы қабылдайды. 2017 жылдың соңына дейін мұнда 3220 бала демала алады. Айта кетейік, осы айдың басында жыл бойы жұмыс жасайтын екінші  лагерь ашылған болатын. Мұнда 2017 жылдың соңына дейін 1610 бала қабылданатын болады. Жыл он екі ай жұмыс жасайтын демалыс орталығында балалардың демалысы мен сауықтыруынан өзге, олардың жалпы білім беру пәндері бойынша білімдерін тереңдетуге мүмкіндік бере отыра жан-жақты дамуына да көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, Орынбор облысындағы «Күншуақ елі» бірегей оқу-сауықтыру орталығына баратын оқу үздіктері, үлкен нәтижелерге қол жеткізген спортшы, зияткер балалардың тізімі жасалды. Аталмыш орталық жыл бойы жұмыс жасайды, мұнда жыл сайын 11-18 жас аралығындағы екі мыңға жуық бала демалуға келеді. Бұл жерде бір уақытта 140 бала демала алады. Ем алудан басқа, балаларға жалпы білім беру пәндері бойынша сабақтар, сонымен қатар, қосымша білім беретін мұғалімдермен жаттығулар жасау қарастырылған.