ҚазҰПУ студенттері жатақханада адам төзгісіз жағдайда өмір сүруде

ҚазҰПУ студенттері жатақханада адам төзгісіз жағдайда өмір сүруде

ҚазҰПУ студенттері жатақханада адам төзгісіз жағдайда өмір сүруде
ашық дереккөзі
1636
Алматыдағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері адам төзгісіз жағдайда өмір сүруде. Өйткені олар тұрып жатқан жатақханада жәндіктер қаптап кеткен. Ал ыстық судың тапшылығынан студенттердің жуынуы мұң болған. Мұнымен қоймай, олар бір бөлмеде 8 адамнан тұрып жатыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы. Ғаламторда таралып, дау тудырған видеодан кейін кейін тілшілер болашақ мұғалімдердің жағдайын өз көзімен көруге аттанды. Бірақ мұндағылардың жасыратыны көп болса керек, ішке кіру оңайға соқпады. Ішке тек бірер сағаттан кейін кірген тілшілер ондағы жағдай мәз емес екеніне көз жеткізді. Студенттер үйі әбден ескірген. Ал аядай бөлмеде төртеудің орнына, 8 адамнан тұрып жатыр. Жатақханада жәндіктер де қаптапты. Бұл аздай, студенттер үшін ыстық су да – қолжетпес арман! Өйткені, ол күніне тек 3 сағат беріледі. Ал бұл уақытта 245 студенттің жуынып үлгермесі белгілі. Олар тамақты да тар бөлмеде пісіруге мәжбүр. Бұған дейін білім алушылардың жағдайына немқұрайлы қарап келген басшылық, тілшілер келмес бұрын студенттермен аяқасты жиналыс өткізіпті. Олардың не айтқаны бізге белгісіз. Бірақ жатақхана тұрғындарының қорқып қалғаны байқалады.Жатақхана меңгерушісі мұнда кенеге дейін болғанын мойындады. Бірақ қазір қандаланың көзін жойдық деп отыр. «Кене бізде алғашқыда болған. 3-4 ай бұрын көзін жойдық, қазір жоқ», – дейді №2 жатақхана меңгерушісі Күләш Оңалбаева. ҚазҰПУ жастар саясаты басқармасының басшысы Арман Әбдіхалық та жатақхананың жағдайы жақсы екеніне сендіріп бақты. «Оның бәрі жалған әңгіме. Біздің университетке қатысты түгі жоқ. Қоңыз қай жерде болмайды? Қоңыз барлық жерде болады», -дейді ол. Жатақхана меңгерушісінің айтуынша, қуықтай бөлмеде 8 адамның тұруына студенттердің тым көптігі себеп болыпты. Қазір онсыз да университеттің жағдайы мәз емес екен. Өйткені 2 жылдан бері мемлекет оны қаржыландыруды қойған. Оқу орнын жекеменшікке беру мәселесі қаралып жатқан көірнеді. Сондықтан ҚазҰПУ студенттерінің әрі қарайғы жағдайы қалай болары белгісіз.

Серіктес жаңалықтары