Елімізде адвокаттар жетіспейді

Елімізде адвокаттар жетіспейді

Елімізде адвокаттар жетіспейді
ашық дереккөзі
Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Әділет министрі мәлімдеді. Марат Бекетаевтың айтуынша, қорғаушылар корпусының жалпы саны төрт мыңға жуықтайды. Сондықтан тұрғындардың толықтай заңдық көмек алу мүмкіндігі шектеулі екенін жасырмады. Өйткені бір адвокат шамамен 3900 адамға қызмет көрсетеді. «Сонымен, жылына мыңдаған заңгер диплом алып шыққанымен, елімізде маман тапшылығының сезілуіне бірнеше себеп бар», – дейді министр. Мәселен, дипломнан бөлек адвокаттар алқасында 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімде тағылымдамадан өтеді. Бұдан бөлек аттестация тапсырып, қорғаушылар алқасы мүшелігіне енуі қажет. Оған қоса тағылымдамадан өту, адвокаттар алқасының мүшелігіне ену ақылы. Яғни жарна төленеді. Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі: - Тағылымдамадан өту ақылы. Жылына 140 мыңнан 280 мың теңге аралығында. Алқаның құрамына ену үшін өңірлерге байланысты бастапқы жарна 700-ден 800 мың теңгеге дейін жетеді. Заңға сәйкес, жарнаның мөлшерін анықтау облыстық адвокаттар алқасының құзырына тиесілі. Осы арқылы адвокат мәртебесін алу үшін бірнеше күрделі рәсімнен өтіп, 1 млн теңгеге жуық қаржы төлеу қажет керек. Енді мәселені шешу мақсатында Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасы бірлесе отырып бастапқы жарнаны 100 АЕК-ке, яғни 226 900 теңге, ал тағылымдаманы айына 5 АЕК-ке дейін немесе 11 345 теңгеге төмендету жайын қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ депутаттар соңғы уақытта азаматтардың қорғаушыларға көңілі толмайтынын жеткізді. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгелдің айтуынша, сотта қаралатын істер көбейгендіктен шағым көп түсіп жатыр. Ал апелляциялық, кассациялық шағымдар уақытында дайын болмаса, сот процесіне кедергі келтірген жағдайда, әдепсіздікке жол берген адвокаттардың жазасыз қалмайтынын айтты. Бұдан бөлек Әнуар Түгел қорғаушылар жұмысына кедергі келтіретін бірнеше жайтты атап өтті. Әнуар Түгел, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы: - Кейде адвокаттарды сотқа кіргізбейді. Бітпейтін тексеру тағы бар. Аудио, видео құрылғыларын алып қойып жатады. Біз қазір ақпараттық технология жетілген заманда өмір сүріп жатырмыз. Өзіңіз ойлап қараңызшы, қаншама томдық істі сотқа әкеліп жүре алмайды ғой. Компьютер болмаса қалай жұмыс істейді.