«Жуас түйені жүндей беру» де саясаткерлік пе?

«Жуас түйені жүндей беру» де саясаткерлік пе?

«Жуас түйені жүндей беру» де саясаткерлік пе?
ашық дереккөзі
Сонымен Ресейдің Мемдумасының ең белсенді депутаттарының бірі П.Шперо деген Қазақстан мен Ресейдің шекарасын қайта қарау туралы тағы да көңірсіген сөз қозғады. Тағы да дейтін себебіміз ол біресе қазіргі Қазақ жері деп жүргеніміз Ресейдікі, оны қазақтарға Ленин беріп жіберген, біресе Қазақстан деген елді  Сталин ойлап тапқан деп аузынан ақ көбік атып көкитін В. Жириновский басқаратын Ресей либерал-демократтар партиясының белсенді мүшесінің бірі «Тағы да дейтін тағы бір себебіміз Қазақстанның солтүстік уәлаяттарын (соларға ерегіскеннен область, облыс деген сөзді уәлаят деп өзгерту де артық болмас еді) Ресейге қосу керек  деген арамзалық, басқыншылық пікірді орыстың талай-талай белгілі саясаткерлері, тіпті, Э.Лимонов сияқты қаламгерлері де тоқтаусыз айтып келеді. Біздің қазақ басшылары соның бірде-біріне нақты, тегеурінді қарсылық білдірмек түгіл естісе де естімеген қалып танытып келді. Солардың ең соңғы сандырағына ғана ҚР Сыртқы істер министрлігі әкесіне өкпелеген балаша бұртыңдап реніш білдірген сияқты болды. Ол ренішсымаққа Ресейдің не Президенті, не Үкімет басшысы, не Сыртқы істер минстрі ләм-мим деп жауап қатқан жоқ. Тек Думаның халықаралық істер жөніндегі комитетінің жетекшісі Л. Слуцкий деген ғана Шперо ешқашан ондай мағынада сөз айтқан емес, дей келіп, оны Украинаның бұқаралық ақпарат құралдары  таратуда деп өздерінен шыққан бәленің өзін жалмажан Украинаға жаба жөнелді. Ал Л. Слуцкий солай деп мәймөңкелегенімен Шпероның өзі айтқанынан қайтып, айылын жиятын түр байқатқан жоқ. Ол осы мәселеге байланысты өз партиясының сайтындағы жауап-түсініктемесінен ап-анық көрініп тұр. Тіпті, сол айтқанын  со күйінде, оның өз пікірін өзгерткені көрінбейді  дейді саясаткер Е. Карин. Ерлан мырза осылай деуін деді-ау, бірақ ол жалмажан екі ел халықаралық саясатта да, аймақтық бірлескен іс-қимылда да ең бір көкейтесті бағыттар бойынша тығыз байланыста жұмыс істеуде, «Біздің қарым-қатынасымызда түсініспеушілік те, ешқандай проблема да жоқ» деп өте бір шаттыққа, Ресейге деген өте ыстық бауырмалдық лебізге толы жалынды сөздермен не айтқысы келді? («Қазақ үні» газеті 7.02.2017). Мүмкін бұл Ерланның саясаткерлігінің де нышаны болар. Алайда, Шпероның айтып жүргені Ресейдің небір атышулы белді де, белгілі де, белсенді де тұлғалары үсті-үстіне қайталап айтып келе жатқан астамшыл әрі басқыншылық саясаттың исі бұрқырап тұрған сөздер. Және осының бәріне не Қазақстан халқы ассамблеясындағылар, не орыс-славян қауымдастығы, не Қазақстанда туып-өскен, осы елдің, осы жердің нан-тұзымен күн көріп отырған орыс ұлтының өкілдері бір ауыз наразылық білдірген емес. Тіпті, әнебір кезде қазақ жерін сатуға, шетелдіктерге жалға беруге қарсы қазақтың үлкен-кішісі наразы болып митингіге шыққанда солардың ішінен бірде-бір орыс ұлтының өкілі көрінген жоқ. Сонда ап-ау, әшейінде олар Қазақстан деген ел, жер, Отан ортақ дейтін еді ғой, бұ қалай деп ішімізді тарттық. Ал  Ресей патшасы Путин біз өзге елдердегі орыс тілінің мәртебесі үшін күресеміз деп мәлімдесе, қазақтар өз елінде «орысша сөйлеген адамға қазақша жауап беруге  қорқатын болды. Атам қазақ «аңдыған жау шаппай қоймайды» дейді. Сол айтпақшы Жириновский, Дугин, Просвирин, Лимонов, Шперо сияқты Ресей саясаткерлері қазақ жерін алу керек деп дүркін-дүркін қоқаңдауын қояр емес. Ресейдің ішкі, сыртқы саясатына қатысы бар бұлар Кремль басшыларының мақұлдауынсыз ондай басқыншылық сөзді айта алмас еді. Осындайда Қазақстан парламентінен де, «жүрегінің түгі бар» депутат шығып: "анау Астрахань (Хажы Тархан), анау Орынбор, анау Омбы губерниялары және басқа да талай-талай жерлерің қазақ жерлері. Біз енді соларды қайтарып алудың қамына кірісеміз" десе, ол байғұстың күні не боларын бір Құдай біледі. Сонда өзіңнің қоластыңдағы «жуас түйені жүндей беру де керемет саясаткерлік пе?». Жақында теледидардан бір-екі қазақ жігіттері Ресейге барып теракт жасамақшы болғаны үшін ұсталды дегенді естігенде есі түзу талай қазақ «басқасын қайдам, тап осыған сену қиын. Бұл әлдебіреулердің сұмдық саясатпен, Ресейге жағымпаздықпен ойдан шығарған жалған хабары емес пе екен» дегенін естідік. Шынында да ешқашан, ешбір ғасырда, ешбір қоғамдық құрлыс кезінде қазақ халқы өзге елге, оның ішінде Ресейге не шабуыл жасап, не Ресейге барып кісі өлтіріпті дегенді естіген емес едік. Рас, 17 ғасырдың аяғы, 18 ғасырдың орта шенінен бастап орыстардың қазақ жеріне дүркін-дүркін шабуыл жасап, бейбіт жатқан ауылдарды қырып-жойып, малын айдап әкетіп, жайылымын тартып алуына қарсы ел ішінде талай толқулар болды. Ресей тарихшылары жазған мақалалар мен кітаптарда ол толқулардың, қарсылықтардың басшылары бандиттер, ұры-қарылар деп көрсетілген. Ресейдің қазаққа жасаған сондай қанды жорықтары туралы алашорда арыстарының бірі Халел Досмұхамедов кезінде: «Батыс қазақтарының 250 жылдық тарихы қанмен жазылды. Ол қанды төккен орыстар» деп жазды. Оны айтасыз  И.Сталиннің өзі кейін: «Ресей патшалар мен жендеттердің Ресейі болды. Ресей империясы өз құрамындағы халықтарды қанап-тонаумен тіршілік етті. Ресей үкіметі өзі қанап отырған халықтардың қан-сөлін сорып, солардың күш-жігерін өздеріне пайдаланып қана өмір сүрді. Ол кезде барлық халықтар Ресейді қарғап-сілеп отыратын еді» деп жазыпты. Ал К.Маркс: «Русский шовинизм когда достигнет  предела, он превратится в садизм» деген. Бірақ не осы үшеуінің, не аты әлемге әйгілі өзге бірде-бір тұлғаның сөздерінде, не тарих оқулықтарында қазақ басқа бір елге басып кіріпті, шабуыл немесе теракт жасапты дегенді адам естіген емес. Әттең, ғасырлар бойы Ресейдің табаны астында күн кешкенде естімеген сол сөзді енді өз ішімізден шыққан әлдекімдердің аузынан естідік. Осы хабарды естігенде 1986 жылы желтоқсанда алаңға бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарын бұзақылар, нашақорлар деп атып-асуға шақырғандар билік жақта әлі де жүргені ме деп тағы да зәреміз қалмады. Әйтпесе, бүгінде тәуелсіздік алған елімізге тіпті бүкіл түрік халықтарына қарсы ғасырлар бойына  қаскөйліктің алуан түрін кімдер жасап келгені арғы-бергі тарихта тайға таңба басқандай жазулы тұр емес пе?!  Мына бір ғана мысалға қараңызшы. Кезінде жаһанның жартысына әмірін жүргізген Алтын Орданың ең негізгі  халқы да, басқарушылары да  қазақтар мен ноғайлар еді. Алтын Орда тарап әртүрлі хандықтарға бөлінісімен кезінде Алтын Орда хандарының мәрмәр тақтаға салынған табанының суретін сүйіп, алым-салықтарын төлеп келген  князьдықтар бірігіп күшейе бастағаны белгілі. Орта ғасырларға шейінгі тарихта Ресей деген мемлекеттің аты да, заты да жоқ. Сөйтіп, ес жинап Руссия, Россия атанысымен бұл князьдықтар әсіресе  ноғайлар мен қазақтардан өш алуға кірісті. Сол өшпенділіктен туған ең сұмдық қанды қырғынның бірі 1783 жылы Суворовтың басшылығымен орыс әскерлерінің ноғайларды қыруы болды. Бұл кезде ноғайлар өздерін қазіргі Орал өңіріне зорлап көшірмек болған патшаға қарсы қатты көтеріліп жатқан болатын. Күндердің күні болғанда таң алдында қатын-баласы тәтті ұйқыда, ал ер-азаматы таң намазын оқып жатқанда Суворов бастаған орыс әскерлері бейбіт елге тап береді. Қапыда қалған, тек іш киіммен қарусыз жүрген ержүрек ел азаматтары орыс әскерлерімен күні бойы қасық қандары қалғанша шайқасады. Шайқастың екінші бір шетінде орыстың Нижегород полкы деп аталатын полкы (түмені) бала-шағасы, қыз-келіншегі, кәрі-құртаңы аралас 10 мыңнан астам ноғайды бір-ақ күнде қырып тастады. Сол күнгі шайқаста қандастарымыздың ел бастаған ержүрек баһадүрлері ұлты үшін, діні, тілі үшін түгел шаһид болды. 500 мыңнан астам бауырларымыз қырылып, миллионнан астамы жан-жаққа тентіреп кетті. Сол қырғынды жасауға  осы күні  өздерін «казачество» деп атайтын ұйым өкілдерінің арғы аталары казактар да қатысты. Орыстар әлі күнге мақтан тұтатын Суворовтың бір «ерлігі» осы бейбіт халықты қыруы болатын. Біз бұл  мысалды олар бізді сөйткен, енді бұлардан кек қайтарайық деу үшін айтып отырған жоқпыз. Біздің айтпағымыз: патша өкіметі құлап, орнына келген Кеңестік Ресей кезінде де бұл тақырыпты қозғауға болмайтын болды. Мәскеу тіпті, түрік халықтарының тарихын оқытуға, зерттеуге тыйым салды. Оған Кеңестік Ресейдің саясаты кінәлы дейік. Ендеше, тәуелсіздік алдық деп шуылдағанымызға 25 жыл өтсе де тек Кеңестік Ресей басқарған 70 жыл ішінде қазақ халқы Мәскеудің жымысқылықпен жүргізген саясатының кесірінен миллиондап қырылғаны не мектеп оқулықтарында, не университеттер оқулықтарында айтылмайтыны қалай?  Тіпті, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Ресей қазақты миллиондап қырғанын, одан кейінгі Қазан төңкерісі мен азамат соғысы жылдарында ақтар мен қызылдар жасаған қырғынды айтпағанда 1925-1928, 1932-1933 жылғы қазаққа қарсы арнайы жасалған ашаршылықтардан, 1936-1938 жылдардағы қуғын-сүргіннен қазақтың шыбындай қырылуына ең әуелі Мәскеу басшылары жауапты екені белгілі ғой. Бұған 1941-1945 жылдардағы соғыста, Отанын сатқан деп жабылып түрмеде опат болған қарақұрымды қоса есептегенде қазақ халқының 90 пайызы, көзі ашық бас көтерерлерінің 99 пайызы жойылып кеткенін мемлекеттік деңгейде мәселе етіп көтеретін уақыт әлдеқашан өтіп кетті. Бұның бәрі әлі де айтуға болмайтын жабық тақырып болып, оны айтқандар ұлт  араздығын тудырушы болып сотталатын болса біз кімнен, қай елден тәуелсіздік алғанымыз? Жақында баспасөзден Қазақстанда жыл сайын 80 мың адам жүрек-қан тамырлары ауруынан, 17 мың адам рак ауруынан опат болатынын оқып, интернет-сайттан рак аурулары жөнінен Қазақстан әлемде бірінші орында екенін көрдім. Бұның бәрі әлі де Қазақстан аумағында жұмыс істеп жатқан Ресей полигондары мен космодромының залал-зардабы екенін айтсақ террорист, төңкеріс жасамақшы атана қоймайтын шығармыз? Ал тәуелсіздік алып, өз саясатымызды өзіміз жүргізіп отырып Ресей президентінің саясатындағы өрескелдікті айтқанымыз үшін сотталатын болсақ, осы біз қандай тәуелсіз мемлекеттің қандай хұқықтық, демократиялық елдің азаматымыз деген сауал тумай ма?! Ендеше, әбден анық-қанығына жетіп алмай, оларды халықтың алдына, теледидарға шығарып сөйлетпей  қазақ жігіттері Ресейге барып теракт жасамақ болыпты деген күмәнді сөз таратудың аржағында қандай саясат жатыр? Бұл көршілес екі елдің ортасына от салу емес пе? Иллаһим, осының бәрі жәй «әуелі сезікті секіредінің» кері болғай да!  

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,

ақын, ҚР Мәдениет қайраткері