165
Қарындасын өлімнен құтқарған 12 жасар оқушы ерлікпен көз жұмды
Қарындасын өлімнен құтқарған 12 жасар оқушы ерлікпен көз жұмды
Павлодар облысындағы Ефремовка жалпы орта білім беру мектебінің 6-сынып оқушысы Азамат Жолдасбек қарындасын құтқарып қалып, өзі ажал құшты деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жеткіншектің нағашы әпкесі Нұргүл Уахитованың айтуынша, 21мамыр күні таңертең Азамат алты жастағы інісі Алдиярмен бірге мал бағуға кеткен.
Кешке үйге келгенде анасы әзірлеп қойған тамақтан бас тартып, қарындасы Инабатпен бірге ауылдың шетіндегі көлге өздері қолдан жасаған ағаш қайықты жіберіп келуге рұқсат сұрап, кетіп қалған. Қастарында көрші үйдің балалары Савель мен Даша бірге болған.
-Сол жерде мал су ішетін тоқтау судың жағасында жатқан екі метрлік бетон цементке Инабаттың аяғы тайып, құлап кеткен. Азамат болса, дереу арғы жағынан суға секірген. Ол өзінің қарындасын жиекке лақтырып жіберген де, өзі жағаға шыға алмай қалған. Бер жақта қалған үш бала бар дауыспен көмекке шақырғанмен ешкім табылмаған.
Даша жағада суға тұншығып ессіз жатқан Инабаттың кеудесін қағып, суды шығара бастаған. Ол сол кезде теледидардан көргендегідей әрекет еткенін айтады. Әбден шошып қалған балалар Алдиярдың анасына жүгіріп келіп, оның суға батып кеткенін айтқан.
Өкінішке орай, оқиға орнына жеткенде баланың денесі бірден табылмады. Бұған қоса, көбі жүзуін білмейтінін айтып, суға түсуден бас тартқан. Сол сәтте Дашаның әкесі келіп қалып, Азаматтың денесін жағаға алып шықты, - дейді Нұргүл Уахитова.
Сараптама қортындысы оның өкпесінде су болмағанын, яғни жүрегі тоқтап қалғанын көрсетіп отыр.