Барлық әріптестері үшін зор мәртебе
– Көп кешікпей көктем де келіп қалар, Есінетіп, есіртіп, ерікті алар. Азан-қазан аспанның қоңырауы, Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар, – деп Мұқағали жырлағандай, көктем – жақсылыққа, игі жаңалыққа толы мезгіл. Сондай қуанышты хабардың бірі – менің досым, оқуға бірге түсіп, өнер жолын бірге бастаған, талай жылдан бері қатар қызмет етіп келе жатқан үзеңгілесім Асанәлі Әшімовтің 80-ге толған мерейлі жасында еңбегі жанып «Қазақстанның Еңбек ері» атағына ие болуы. Мұндай мәртебелі атақты Кеңес өкіметінің уақытында театрдың негізін қалаушылардың бірі, даңқты актер Серке Қожамқұлов бабамыз алған. Одан кейін біздің замандасымыз, театрдың алтын ғасыры деп аталып кеткен ғажайып кезеңде бас режиссерлік етіп, қазақ өнерін жоғары деңгейге көтерген қайраткер Әзірбайжан Мәмбетов алды. Сол Мәмбетовпен бірге талай спектакльді сахналаған атақты актер, режиссер, М.Әуезов театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов те 80 жасқа келгенде осынау құрметті марапатқа ие болып отыр. Бұл оның өзі үшін ғана емес, ұйымшыл ұжымы, өнер дейтін қазанда бірге қайнап жүрген барлық әріптестері, ізбасарлары үшін де үлкен қуаныш, зор мәртебе. Бұрын мұндай атақтардың тапсырылуы салтанатты жағдайда өте бермейтін. Қазір мәдениетіміздің өскені, ақпарат құралдарының, технологияның қарыштап дамығанының арқасында Асанәлінің Ақордаға қалай кіріп, қалай шыққанын, Елбасының оны қалай қарсы алғанын, мәртебелі атақты қалай табыстағанын теледидар арқылы күллі ел көрді. Көріп отырып қуандық, мақтандық. Алғашқылардың бірі болып телефон соғып, құттықтадық. Оның 60 жылдан астам уақыт қазақтың театр және кино өнеріне сіңірген үлесі өлшеусіз. Қайталанбас образдары, өміршең картиналары, тәрбиелеп өсірген дарынды шәкірттері қаншама. Сондықтан ол бұл атаққа әбден лайық. Құдай қуат берсе, әлі де қазақтың киелі сахнасына қызмет ете береді деп ойлаймын. Зор денсаулық, отбасына амандық тілеймін. Үміт артқан шәкірттері биік белестерден көрініп, ұстаздарының жақсы атын шығара берсін! Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық әртісі:Асанәлі Әшімов – профессионалды қазақ театрының туы!
– Бұл – күллі қазақ театрының, көрермендердің қуанышы. Қазақстанның нөмірі бірінші актері, М.Әуезов театрының ақсақалы, қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімов Қазақстанның еңбек ері атағын алды. Бұл қоғам өмірінің әр саласына елеулі еңбегі сіңген азаматтарға берілетін республикамыздағы ең мәртебелі, ең жоғарғы атақ. Театр мен киноның дамуы жолында жанкешті еңбек етіп, ұлттық өнердің тасын өрге сүйреген актер атақ-марапатқа кенде емес. Өзгенің жолын кесіп көрмеген, кеуде керу, бақталасу дегенді білмейтін өнер майталманына елінің сүйіспеншілігі, көрерменінің құрмет-қошеметі де ерек. Оның барлығына қажырлы еңбектің, Алла берген талантының арқасында қол жеткізді. Бүгінде ол М.Әуезов театрының көркемдік жетекшісі, жастарға бағыт-бағдар беру, театрдың репертуарын тұшымды дүниелермен толтыру жолында қызмет етіп жүр. Оның үстіне, Қазақстан театрларқауымдастығын басқарады. Мұның бәрі – үлкен жауапкершілік, ауыр жүк. Оны көтеру үшін күш-қуат керек. Өнер майталманының денсаулығы мықты болсын дейміз. Асанәлі Әшімов – профессионалды қазақ театрының туы! Туымыз желбірей берсін!