Үкіметте құжат жинау машақатынан құтылу жолдары талқыланды

Үкіметте құжат жинау машақатынан құтылу жолдары талқыланды

Үкіметте құжат жинау машақатынан құтылу жолдары талқыланды
ашық дереккөзі
Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев құжат машақатымен адамдарды әуре-сарсаңға түсіруді тоқтатуды тапсырды. Астанада өткен Үкімет мүшелерінің кезекті жиынында бірқатар салаларда құжат қабылдауды жлектронды жүйеге көшіру мәселесі талқыланды. Үкімет отырысында белгілі болғандай, енді жер телімдерін беру де бірыңғай электронды платформа арқылы ашық түрде жүргізілмек. Сонымен қатар, балабақшаға кезекке тұру да автоматтандырылатын болады. «Келесі жылы бала туған кезде, мәлімет бірден денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне түседі. Одан АХАЖ-ға түседі, ол  жерден ЖСН беріледі де, ары қарай мәлімет еңбек және әлеуметтік қорғау  министрлігіне барады. Сөйтіп тиісті төлемдер аударылады. Одан соң сәбиге    қатысты ақпарат Е-әкімдіктерге жетеді де, автоматты түрде балабақша     кезегіне қойылады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік   корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, жер телімдері мен балабақшаға кезек әкімдіктерде жүреді. «Егер балабақша кезегі корпорация арқылы ашық  өтсе, халық бізге алғыс айтатын болады. Әкімдіктегі комиссияға барудың  керегі жоқ, өзіңе ыңғайлы үйдің жанындағы бақшаға тұрып, кезекті күнде  онлайн бақылап отырады. Машина автоматты түрде өзі анықтайды. Жер  телімдері бойынша да солай», – деді Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлы. Сондай-ақ, шілде айынан бастап электронды қолтаңбасыз 20 түрлі қызмет түрі көрсетіле бастайды. Одан бөлек телефон нөмірін жеке сәйкестендіру нөміріне тіркеп, тиісті құжаттарды үйде отырып алуға да мүмкіндік берілмек. Тағы айта кететін бір жайт, алдағы уақытта көліктің техникалық төлқұжаттары Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында 1 күнде, ал өзге шаһарларда бір аптада дайын болады. Сөз соңында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мемлекет құжаттарды бірыңғай ішкі жүйе арқылы өзі жинауы қажет екендігін айтты.